Цифрлық сауаттылықты арттыру заман талабы. Осыған байланысты, Талдықорғанда Цифрлық үлгіде халыққа қызмет көрсету орталығы  ашылды. Онда мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылады. Бұл процеске операторлар қатыспайды, тек кеңес беруші мамандар жол көрсетеді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі  хабарлады.

Келушілер мемлекеттік қызметті қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алып, бейнеқоңырауға арналған бөлмеде мемлекеттік органдардың басшыларына өз сауалдарын жолдай алады.

«Цифрлық сауатты болуды әр адам өзінен бастауы тиіс. Көптеген қызмет түрі электрондық форматқа ауысты. Бұл азаматтардың қызметтерді тиімді жолмен әрі тез алуына ықпал етеді. Жаңа үлгідегі ХҚКО-да халықтың цифрлық сауатын ашу мақсатында тегін оқу сыныбы бар. Оқу дәрістері аптаның әр күнінде бекітілген тақырыптар бойынша сағат 9:00-ден 20:00 аралығында жүргізіледі. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқу сыныбында фронт-офис мамандары азаматтарға egov.kz порталын электрондық цифрлық қолтаңба  арқылы пайдалану жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге өз бетінше қол жеткізуді үйретеді. Бір сағатты құрайтын сауат ашу курсына кез келген адам қатыса алады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиал директоры Ермек Бекжүнісов.

Айта кетейік, дәл осындай Цифрлы ХҚКО биыл еліміз бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Атырау қалаларында ашылған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет»мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиалы 4 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 60 пайызы электрондық үлгіде ұсынылған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here