Алматы облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды

0
165

Алматы облысының Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды.

Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың ең ауыр қайғысы атанған сталиндік кезеңде талай абзал азаматтарымыздың басы оққа байланды. Қуғын-сүргін құрбандарына зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғаларда  4 миллиондай Қазақстан азаматы зардап көріп, 20 мыңнан астам адам түрмеге қамау, ату сияқты қатал жазаға кесілген болатын. Оның көбісі Алматының абақтысына қамалып, одан кейін өлім жазасына кесілген азаматтарды, Жа­ңалық ауылы маңында жерленгені кейінен анық­талған. Осыған сәкес, өңірде жыл басынан аштық пен «қызыл террордан» зардап  шеккен ұрпақтың қасіретін бейнелейтін мүзей ашу жоспарланған.

Бүгінгі  4000-нан астам адамның аты-жөндері тасқа қа­шап жазылған, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған  музейдің ашылу салтана­тына, облыс басшысы Амандық Баталов пен бірге тарихшы ғалымдар, репрессия құрбандарының ұрпақтары қатысты.

– Былтырдан бері бүкіл ел көлемінде жүргізеге асып жатқан  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылып отыр. Мемлекет басшысы өзінің жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да еліміздің тарихи кезеңдеріндегі «Ұлы дала тұлғаларын» зерттеу мен таныту туралы айтқан болатын. Осыған орай, біз тарихи жылдар оқиғасын жазықсыз құрбан болған азаматтардың, Алаш қайраткерлерінің есімін жаңғыртып, ел үшін істеген ерен еңбектерін еске түсіру, болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында музей аштық. Мұндағы жәдігерлер алға жылжыған жылдармен бірге толық­тырылады. Алдағы уақытта қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жәдігерлер әкеліп тапсырып жатса, музейді қо­сымша кеңейту мүмкіндіктері де қарас­тырылған, – дейді өңір басшысы.

Облыс бюджетінен қарастырылған 260,3 млн теңгеге бір жылға жуық уақыт ішінде тұрғызылған музей аумағы – 550 шаршы метр. Музейдегі 3 экспозициялық залда: «Қазақстандағы 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы», «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы) және «Әділет» та­рихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар қо­йылған.1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттары арқылы танысуға болады. Олардың қатарында жерлестеріміз, қазақ зиялылары М.Тынышпаев, І.Жан­сүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото-құжаттық материалдар бар. Сонымен қатар, осы залда Алматы об­лыс­тық полиция департаменті архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың, соның ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақ­талғандар ісінің көшірмелері қойылған.

Мемлекеттік орталық музейдің директоры, ғалым Нұрсан Әлімбайдың айтуынша,  бұл музей аза тұту, еске алу орны ғана емес, болашақта ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де халыққа қызмет етуі тиіс.

«Сол бір сұрапыл, зұлмат жылдары НКВД-ның қанды қолынан құрбан болған жазықсыз адамдар, Алматы қаласынан 40 шақырым жерге, яғни, осы Жаңалық ауылының іргесіне көмілген екен. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, ауылда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап үлкен ескерткіш орнатылған еді. Енді бүгінде үлкен мұражай ашылып отыр. Бұл тағзым үйі Астанадағы, Қарағандыдағы музейлер сияқты жас ұрпаққа қазақ деп, ұлт деп шырылдаған бабалар тарихын әйгілеп тұратын болады» — деді ол.

Айта кету керек, келер жылы да  облыста мұндай тарихи нисандардың бір қатарының құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игілігіне берілетін болады.

                                                                            МЕРУЕРТ МАХМҰТЖАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here