Алматы облысының әкімдігінде өңір басшысы Амандық Баталов пен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДБҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова кездесіп, мектептердегі орта білім берудің сапасын арттыру мақсатында меморандумға қол қойды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Кездесу барысында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы жиналған қауымды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, аймақтағы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Биыл облыс орталығы Талдықорған қаласында жалпы 2400 орындық екі мектеп ашылды, оның бірі — ІТ мектебі болса, екіншісі – талантты балаларға арналған жаңа музыкалық мектеп. Білім саласына қатысты жұмыстар облысымыздың өзге де өңірлерінде жалғасатын болады, — деді. Сонымен қатар, ол мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың оқушыларға сапалы білім беруді үнемі басты назарда ұстап отырғандығын атап өтті.

– Елімізде білім саласында жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Осы бағытта Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қосып отырған үлесі зор деп айтуға болады. Бұл білім ордасы қазір еліміздегі заманауи білім беру ұйымдарының көш басында тұр. Құрметті Күләш Ноғатайқызы, шындығында барлық мектептер сіздерге қарап бой түзеп, үлгі алады. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен әдістемелік көмектеріңіз біздің мектептерге аса қажет. Қолдау көрсетіп жүргендеріңізге көп рахмет!, — деді А.Баталов.

Ал, өз кезегінде сөз тізгінін алған Күләш Шамшидинова:

— Бүгінде заман талабына сай білім саласында көптеген үлкен жаңалықтар орын алуда. Өмір өзгерді. Еңбек нарығында білікті мамандарға сұраныс артып жатыр. Сол үшін балаларымыз мектептен өте білімді болып шығуы керек. Сондықтан бізге жасанды интелекті қалыптастыру қажет. Айта кету керек, қазіргі таңда болашақтың білімі қандай болады деген басты мәселе тұр. Осы орайда «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дүние жүзінде болып жатқан жаңалықтарды елімізге әкелуді жоспарлап отыр. Біз балаларды өз бетінше оқуға, өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге үйретуіміз керек, — деді.

Сонымен қатар, басқарма төрайымы ұлттық құндылықтарымызды ескере отырып, балалардың болашақта өзінің өмірін жақсы ұйымдастыруға, бақытты болуға тәрбиелеу керектігін де айтып өтті.

– Өздеріңіз білесіздер «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» жалпы тәжірибесін Қазақстан мектептеріне тарату тапсырмасы 2011 жылда берілген болатын. Содан бері көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, 2012 жылдан бастап мұғалімдерді жаңа технологияға, методикаға үйретуді бастап кеттік. Ал, 2016 жылдан бері жаңартылған білім бағдарламасы енгізіле бастады. Міне, осының айналасында сіздермен келісімге келіп отырмыз. Бұл бағытта еліміздегі барлық облыстармен меморандумға қол қойдық.  Енді Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарымен ынтымақтастық жасау ғана қалды. Мұның нәтижесін айтар болсақ, өңірлерде инновациялық мектептердің саны көбейіп, мұғалімдердің жаңашылдығы жағынан деңгейі артып отыр. Яғни, білім саласында жасалған бұл өзгерістердің барлығы болашақта халықттың сауаттылығын көтеруге ықпал етеді, — деді К.Шәмшидинова.

Жиын соңында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДБҰ мен Алматы облысының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат — жоғарыда айтқанымыздай балаларды тәрбиелеу мен оқытуда, білім беру ұйымдарын басқару саласында, сол сияқты аймақта инновациялық білім беруді дамыту бойынша педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here