Жаңа жыл қарсаңында Мемлекеттік корпорацияның бастамасымен Талдықорған қалалық ХҚКО-да «Тілектер шыршасы» орнатылды. Оның басқа шыршалардан ерекшелігі – оған аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың арман — тілектері жазылған хаттар ілінген.

Корпорацияның Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Әсем Нұрмұханбетқызы: «Бұл акцияның басты  мақсаты –  қайырымдылық жасау. Барлық ата-ананың бала тілегін орындай алатындай жағдайы бола бермейтіні анық. Сондықтан, бастаманы Алматы облыстық филиалы да қолдады. Мамандар шыршаға ілінген хаттарды оқып, әр баланың жазып берген арманын орындауға тырысты. Мәселен, мұнда 6 жасар Даниял есімді балақай Аяз атадан аяқ киім сұраса, Қасымхан есімді 4- сынып оқушысы қыстық күртешесінің жоқ екенін жазыпты.Әр хатты тебіреніссіз оқу мүмкін емес. Сыйлықтарды табыстаған сәтте бүлдіршіндер мен ата-аналар шынайы ризашылығын білдірді», – деді

«Тілектер шыршасында» жаңа жылдық тілегі орындалған 7 жасар Жанерке өзінің хатында парта сұраған екен. «Алғаш рет Аяз атаға хат жаздым. Маған сабақ оқуға арналған үстел мен орындық әкеп берді. Мен енді сабақты жақсы оқимын», — деп уәде етті ол. Жалпы, шара барысында 25 баланың қалауы орындалып, тәттілер мен басқа да сыйлықтар табыс етілді.

Осылайша, жасөспірімдерге  қуаныш сыйлау шарасына Талдықорғандағы  жалпы филиал қызметкерлері белсене атсалысты. Олар Аяз ата мен Ақшақар рөлін сомдап, барлық балаларға  күлкі бағыштаса, бүлдіршіндер де өз өнерін көрсетіп,  көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here