Жаңа жыл қарсаңында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ғайыс Егембердиев пен ел арасында «Паравоз апа» атанып кеткен Алтынай Есболатованың үйінде қонақта болып, мерекеге орай сый-құрметін көрсетті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шаһар басшысы алдымен Алматы облысының құрметті азаматы, ардагер журналист Ғайыс Егембердиевтің шаңырағына барды. Қуаныштан жүзі жайнаған ақсақал қонақтарды жылы қарсы алып, мейрам алдында арнайы көңіл бөліп келіп отырған қала әкіміне ризашылығын білдірді.

«Өткен жылға өкпеміз жоқ. Жалпы, еліміз, мына қаламыз жылдан-жылға көркейіп келеді, шүкір дейміз. Газеттерді мейлінше үзбей оқуға тырысамын. Жақында қаланың тізгінін қолыңа алыпсың, бастаған ісіңе сәттілік тілеймін. Еңбектерің табысты болсын. Тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырдан асты, егемендігіміз жасай берсін. Ел аман, заманымыз тыныш болғай. Бізді осылай елеп, ескеріп, құттықтап келіп отырғандарыңа қуаныштымын», — деп Ғайыс атамыз ақ тілегін ақтарды.

Қария бүгінде 93 жастан асқан. Ардагермен арқа-жарқа болып әңгімелескен Дастан Тұрарбекұлы да атамыздың амандығын тілеп, мерекеге орай арнайы алып келген сый-сыяпатын ұсынды.

Жеңісті жақындатуға бір кісідей атсалысқандардың бірі Алтынай Есболатова. Келесіде қала әкімі көпшілік арасында «Паравоз апа» атанып кеткен ардагердің үйіне де аялдады.

Алтынай Жайнаққызы 18 жасында соғысқа аттанған. Майдан уақытында әскери эшелонда от жағушы болған. Күніне 8 тоннадан 16 тоннаға дейін паравоздың қазандығына көмір салған екен. Шаһар басшысы бұл кісімен де тілдесіп, қарт анамызға жылы лебізін арнады. Өз кезегінде «Паравоз апа» да құрмет көрсетіп келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Елдің амандығын тілеп, батасын берді. Бүгінде ардагер 95 жастан асқан.

Айта кетейік, жаңа жыл қарсаңында бұдан бөлек 18 соғыс ардагеріне де дәл осындай сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, Алматы облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесіндегі 16 балаға да қала әкімінің мерекелік сыйлығы тапсырылды.

Қуаныштан шаттанған жеткіншектер де өз қолдарынан жасаған сыйлықтарын қала басшысына тарту етіп, артынша шағын концерттік бағдарламаларын ұсынды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here