Талдықорғандағы М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінде екі жаңа кітаптың тұсауы кесілді.  Оның бірі  қазақ жырының «Қара жорғасы» атанған  халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің «Таңдамалы шығармалар жинағы»,  екіншісі, ақынның немересі Әуелбек Ысқақовтың «Жорғадан қалған тұяқ ем…» атты жыр жинағы.

Игі шараға киелі Жетісу өңіріндегі ақын-жазушылар мен зерттеушілер, мәдениет және басқа да салының жетекші-мамандары, сондай-ақ, ақынның ұрпақтары мен туған туыстары қатысты. Жиналған қауым алдында сөз алғандар Үмбетәлі ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, орамды ой айтса, өңір өнерпаздары терме-толғауларын орындап ізгі ілтипат білдірді.

Үмбетәлі Кәрібаев – жасынан  қолына домбыра алып, өнерді серік еткен. Ауылда оқып, хат таныған. Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, «Мың бір түн», «Тотынама» дастандарын жатқа айтып, ел арасына кеңінен таратқан. Орынбай, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай, т.б. белгілі халық ақындарымен айтысып дүйым жұртты таңдандырған. Қырғыз жыршылары Оспанқұл, Жаманқұл сынды танымал адамдармен тығыз шығармашылық байланыста болған. Шығыс әдебиетінің мазмұнында «Үш өнерпаз», «Патша мен ұрылар», тарихи сюжетке құрылған «Кемпірбай мен Қисық батыр», бүгінгі өмірге байланысты «Марқа», «Мәлікбек» дастандарын шығарған. 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оны жалынды жырмен жазған. Өткен ғасырдың орта шенінде Үмбетәлі шығармалары үнемі «Өлеңдер мен дастандар», «Өлеңдер», «Өлеңдер мен толғаулар» деген атпен жарияланып отырған. Сондай-ақ, 1962 жылы ақынның таңдамалы шығармалары жарық көреді. Бүгінде Үмбетәлінің Алматы облысында бір ауылға аты беріліп, аудан орталығынан мемориалды музейі ашылған.

Ал, ақынның немересі қарымды қаламгер, әзілқой  Әуелбек Ысқақов бірнеше жыр жинағының авторы. Қазір Ү.Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі. Атап айтсақ, оның соңғы 10 жыл ішінде «Үмбетәлі жырларының жалғасы», «Менде бір мөлдір тамшымын», «Даңқты диқан Қасымбек», «Әке жайлы әңгіме» тағы басқа да жыр жинақтары мен тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген. Шара барысында облыстық мәдениет және құжаттама басқармасы тарапынан облыс аумағындағы музейлерде ұзақ жыл қызмет істеп зейнетке шыққан бірнеше адамға сый- құрмет көрсетілді.

 

1 КОММЕНТАРИЙ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here