Жыл сайын желтоқсан айының соңғы аптасында Қазақстанның әр өңірінде еліміздің бас шыршасын  өткізу дәстүрге айналған.

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында Президент шыршасы өтті.  Жаңа жылдық мереке қонақтары — балалар мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері, әлеуеті төмен отбасының балдырғандары, 200-ге жуық кішкентай қонақтар ертегі әлемінің түрлі кейіпкерлерінің өнерін тамашаласа, концерттік бағдарламаға 250-ден астам өнерпаз қатысты.

«Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер» атты мерекелік шарада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев балаларды Жаңа жыл мерекесімен бейнеэкран арқылы құттықтады. Құттықтау сөзінде Елбасы барлық баланың армандарының орындалуын тіледі.

«Қымбатты балалар! Мен сендерді алда келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Сендер берекелі, бейбіт елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Айналайын, балалар! Мен бәріңе мол игілік, жарқын болашақ тілеймін. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын. Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер! », — деді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бейнеқұттықтауында.   

 

 

 облыс әкімі
Жетісулық балдырғандарды шараға қатысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады. «Құрметті жетісулық балалар, өнерлі ұл-қыздар! Жаңа жыл мерекесімен Сендерді және өздеріңдей барша жетісулық балаларды шын жүректен құттықтаймын!  Жаңа жыл — барша баланың асыға күтетін, армандайтын, ең көңілді де ғажайып мерекесі. Міне, 2019 жылға да санаулы күндер қалды. Бәріміз жаңа жылды үлкен үмітпен күтеміз. Бүгін, елімізде балаларға арналып Президент шыршасы өтіп жатыр. Жыл сайын Елбасы Н.Назарбаев әр баланың қуанышы үшін осындай мереке ұйымдастырады. Аталмыш шараға әр аудан, қаладан  ең үлгілі, тәртіпті, оқуда озат оқушылар қатысып  отыр.  Айналайын, балалар!  Тәуелсіз елімізбен бірге өркендеп, биік белестерді бағындырыңдар! Жаңа жыл жақсылық, қуаныш, әр шаңыраққа береке-бірлік, ырыс әкелсін!»,- деді.

Облыс басшысы ҚР Президенті атынан  балаларға сыйлықтар тапсырды.

Ирина Веснина, «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі, 5-сынып оқушысы:

— Талдықорған қаласының балалары атынан Елбасы Н. Назарбаевқа және облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы өзіңізге шын жүректен алғыс айтамын. Облыс орталығында жуырда ашылған жаңа театр ғимаратындағы өтіп жатқан  жаңажылдық қойылымды достарыммен барып, тамашаладық. Аймағымыз өркендеп жатқандығына қуанамыз. Мен болашақта  танымал  әртіс болғым келеді. Сіздерге мың алғыс. Балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, бақыт тілегім келеді.

Ұлықпан Қабылбеков,№1 балалар үйінің тәрбиеленушісі, 7-сынып оқушысы:

Маған бұл жер қатты ұнады, тура  бір ғажайып ертегі әлеміне тап болғандай сезімдемін. Мұндай шыршаға бірінші рет қатысуым. Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының қолынан  Елбасының сыйлығын алып, қуанып тұрмын. Көптен-көп рахмет. Сыйлық қатты ұнады. Балаларға жасалып жатқан қамқорлық үшін  алғысым шексіз. Оқуымды жақсы оқып, еліме қызмет жасайтын боламын.

Балғындар Аяз ата мен Ақшақарды,  облыс басшысын ортаға алып, ән айтты, би де биледі. Мерекелік шоу-бағдарлама аясында балаларды ертегі кейіпкерлері мен жаңажылдық сыйлықтар ерекше қуантты.  Балалар облыс әкімімен естелік суретке түсті. Шарада «Тәтті тағам» дастарқаны кішкентай  қонақтар үшін арнайы ұйымдастырылды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here