Талдықорғанда «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы жаңалықтар» тақырыбында арнайы баспасөз-мәслихаты өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған басқосуда кәсіпкерлерге мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң бұзушылықтарды болдырмау, басқа да тың жобалар аясында атқарылып жатқан істер туралы баяндалды.

 БАҚ өкілдері алдында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Алматы облысы бойынша департаметі Мемлекеттік қызметтер жөніндегі басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков: «Бүгінде өңірімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оған жол бермеу бағытында көптеген игі істер атқарылуда. Соның бірі – көрселтілетін мемлекеттік қызметтерді бір терезе қағидасы арқылы электронды түрде беру. Біріншіден, бұл уақыт үнемдейді, екіншіден, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермейді. Осыған байланысты, жақында Іле ауданынан жаңа көші-қон орталығы ашылды.  Оның құрылымы барлық талаптарға сай. Келушілерді ешқайда сабылтпай, жұмысын бір жерден бітіріп  беруге қолайлы. Жалпы, қазір аймақтағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 70 пайыздан астамы электронды үлгіге көшірілген», – деді.

Осыдан соң департаменттің баспасөз хатшысы Сымбат Бақытқызы: «Биылғы маусым айында «KazakhInvest» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп «Бизнесті және инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасы іске қосылған болатын. Ондағы мақсат –  мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда жұрттан түсетін өтініштерге негізделу. Жобаны іске асыру барысында инвесторлар фронт-офисына жүгінеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге келіседі. Облыстық фронт-офис «KazakhInvest» Ұлттық компаниясының аумақтық бөлімінің кеңсесінен ашылды. Осы бастама шеңберінде Алматы облысында инвестициялық жобалардың құны шамамен 310 млрд. 818 млн. теңгені құрайтын 15 инвестормен екі жақты келісім жасалды. Оның ішінде Жапония, Иран, Германия, Қытай, Түркия, Нидерланды, Польша және Ресей сынды шет елдік және 3 отандық компаниямен келісім жасалды. Осыған дейін  кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан 40-тан аса өтініштер қабылданып, заң жүзінде шешімін тапты. Шетелдік инвесторлардың өтініштерінің басым бөлігі жер қатынастары, көші – қон құжаттарына байланысты болатын. Атап айтсақ, қазіргі таңда Алматы облысы аумағында барлығы 50 инвестициялық жоба қолға алынған. Оның  20 –сы отандық, ал 30 — шетел капиталының тартылуымен жүзеге асырылуда», – деп атап айтты.

Басқосу соңында тілшілердің сауалына жауап берген агенттік өкілдері  департамент қызметкерлері Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға,  кәсіпкерліктің дамуына барынша үлес қосуға қашан да дайын екенін білдірді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here