Ресей (Татарстан) елінің Қазан қаласында белбеу күресінен жасөспірімдер арасында Әлем чемионаты өтті. Жиырмаға жуық мемлекет қатысқан додада отандасымыз Саян Құрманғалиев алтыннан алға тағынды. 65 келі салмақта өнер көрсеткен талдықорғандық спортшы елге жүлдемен оралып отыр, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Түркітілдес елдеріне ортақ спорт түрі қазір елімізде қарқынды дамып келеді. Оған қазақстандық қыз-жігіттердің соңғы кезде халықаралық, құрлықтық және әлемдік деңгейде өтетін жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүргендігі дәлел. Әсіресе, балуандарымыз соңғы жылдары әлем біріншілігінен бір-екі алтын әкелуді дәстүрге айналдырған. Бұл үрдісті биыл Саян Қуатұлы жалғастырды.

«Жалпы, бұл жарысқа 150-ден астам спортшы келді. Қазақстаннан 30 спортшы қатыстық. (Алматы облысынан екі балуан). Қыздар 6 салмақ, ұлдар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Сайыс нәтижесі бойынша 10 балуанымыз – 3-ші орын, біреуі – екінші және мен бірінші орын алдым», — деген жетісулық балуан жарыстың қиынға соққандығын айтады.

Ол бірінші айналымда Тәжікстан баласымен күрескен. Одан кейін Өзбекстан спортшысын жеңіп, финалда Ресей елінің балуанымен шығыпты.

Саянның айтуынша, белбеу күресі Қазақстанға келгеніне 8 жылдан асқан. Ал, Алматы облысының спортшылары аталмыш спортпен шұғылданып жүргендеріне 6 жылдай уақыт болған екен.

«Белбеу күресіне 3 жыл бұрын келдім. Күрес өте қызық көрінді. Басқаларына қарағанда өзгеше. Мұнда тек таза күшке ғана көңіл бөлесің. Яғни, белден жоғары және белбеуден қол алмай күресу керек. Маған бұл спорт сонысымен ұнады», — дейді Саян.

Жас спортшының туған жері – Талдықорған қаласы. Бірақ балалық шағының басым бөлігі Алакөл ауданы Әлемді ауылында өткен. Қазіргі таңда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде 1-ші курста оқиды. Спорт саласын таңдаған Саян, білім алумен қатар бос уақытында күреспен шұғылдануды әдетке айналдырған. Ол жаттығатын «Өркен» спорт кешенінде белбеу күресімен 50-ден аса бала айналысады.

Елдос Кентаевтың қоластында шеберлігін шыңдап жүрген жас талант бұған дейін де бірнеше жарыстардан олжамен оралған. Атап айтқанда, облыстық, республикалық турнирлерде топ жарып, ҚР Чемпионатын ұтқан. Сонымен қатар, халықаралық жарыстарда да қанжығасы майланып келген.

Саянның ендігі арманы – ересектер арасына ауысып, сол жерден өзін таныту. Одан бөлек, белбеу күресі Олимпиада бағдарламасына еніп жатса, әлемдік аренада қазақтың көк туын биіктен желбіретуді көздеп отыр.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here