Талдықорғанда Тәуелсіздік күніне тарту ретінде «Nur- Ai» education балабақшасы балдырғандарға есігін айқара ашты. Салтанатты ашылу рәсіміне қалалық білім бөлімі мамандары, ата-аналар,  қала тұрғындары қатысты.

Талдықорған қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Сәулеш Бақтыбаева балабақшаның ашылу салтанатына жиналған  қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Қала бойынша қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қатары  67-ші  балабақшамен  толықты. Мұндағы  43 балабақша  жергілікті  кәсіпкерлердің үлесінде. Қалған  16-сы мемлекеттік балабақша және 8-і шағын орталықтар. Мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көрсеткіші 97,3 пайызды құрап отыр. Балабақша кезегінде 7 мыңдай бөбек кезекте тұр. Оның  3-6 жас аралығындағы бала  саны 300-дей болады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты  ширата түсуіміз керек», — деді С.Бақтыбаева.

Жеке кәсіпкер Айжан Рахымжанқызының қолдау қаражатымен 75 орындық балабақша жөнделіп, жабдықталған.

Салтанатты шарада сөз алған  құрылтайшы А.Бұқабаева игі іске үлес қосып отырғандығына қуанатындығын жеткізді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің сөзі ұрпақ тәрбиелеу маңызды іс екендігін аңғартса керек.

Ата-аналар атынан  Күләш  Кененова:

Бүгін кішкентай немерем Ақниетті қолынан жетелеп орталықта орналасқан балабақшаға алып келдім. Бала — болашағымыз екендігі сөзсіз. Сондықтан, еліміздің ертеңгі  өркені  балаларымыз, немерелеріміздің  дендері сау, үлкен азаматтар  болып  өссін. Балалар  мекенінің іші  қуанышқа,  күлкіге, шаттыққа толсын», — деп ақ тілегін ақтарды.

Барлық қажетті жабдықтармен жасақталған  балабақша іші кең де, жылы. Аумағында ойын, денешынықтыру алаңқайлары орналасқан. Арнайы медицина, музыка, психолог мамандарының кабинеті де бар. Бір сөзбен айтқанда мекеме кадрлармен толықтай қамтылған. Сонымен қатар, 20 қала тұрғыны тұрақты жұмыс тауып отыр. Балабақшаның  айлық төлемі 15 мың теңгені құрайды.  Тәуелсіздік туралы айтқан өрендердің тақпақтары мен билеріне ақ жаулықты апалар ақ батасын берді. Балаларға және мекемеге қала әкімінің сыйлығы тарту етілді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here