Міне, күндер зулап, айлар аунап тағы бір жыл тарих қойнауына сіңіп барады. Биыл өткен ғасырдың соңындағы қазақ жастарының қайталанбас ерлігінің айқын айғағына айналған Желтоқсан оқиғасына 32 жыл толса, еліміз Тәуелсіздік алғанына – 27 жыл. Тәуелсіздік өткенді өнеге тұтып, кемел келешекке жол алған ұлтымыз үшін ұлық мереке. Бүгінде қуанышы мен қайғысы қабаттаса жүретін өмірде ұлт рухын асқақтатқан сол Желтоқсан боздақтарының ерен ерлігі тиісті бағасын алып, ел Тәуелсіздігі өз деңгейінде аталып өтіліп келе ме?

Осы сауалдардың біразына ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада және әлем чемпионы, танымал спорт жаттықтырушы, «Қазақстанның Еңбек Ері» медалінің иегері Жақсылық Үшкемпіров жауап берген еді.

Құрметті Жақсылық Әмірәліұлы, еліміз Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы мезгіл ішінде барын бағамдап, жоғын түгендеп келе жатқан халқымыз қандай жетістіктерге жетті?

— Тәуелсіздік – баға жетпес байлық, ортаймас қазына, тәңірдің қазақтың маңдайына берген сыйы. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсап, армандап келген ізгі тілектерінің жемісі бұл. Оны бағалай білу әр қазақ баласының басты парызы. Себебі, бабалар аттың жалы, түйенің қомында жүріп, бір шеті Атырау мен Алтайдың арасын жалғап, бір қиыры Алатау мен Арқадан әрі асып жатқан осынау жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен көздің қарашығындай қорғап бізге сыйлады. Алла тағала біздің бағымызға егеменді елдікті, Елбасы Нұрсұлтандай дана ұлды берді. Сонымен Ұлт көшбасшысы қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының арқасында қысқа ғана 27 жылда қазақты, қазақ елін күллі әлем таныды. Шет мемлекеттермен достық барыс-келіс, қарым-қатынас нығайып, сауда-саттық көлемі артты. Соның нәтижесінде ел экономикасы еселеніп, халық тұрмысы күн санап жақсара түсті. Қазір елімізде ерінбей еңбек етем дегендерге бар мүмкіндік қарастырылыған. Бұл орайды әсіресе жастар жағы ұтымды пайдалана білуі тиіс. Енді халыққа тек ауызбірлік ғана қажет. Бір сөзінде Мемлекет басшысы: «Қазақты ешқашанда сырттан келіп жау алған жоқ. Қайта, қазақты  ішкі бөлінуі, ішкі бүлік құртты. Нақты айтқанда, қазақты басқалар жік-жікке, ру-руға, жүз-жүзге бөліп сатып алды. Содан кейін халық бодан болды. Ұлан-ғайыр даладағы бар қазақ бір халық. Қазіргі   ғалымдардың зерттеулері де осыны дәлелдеді» — деп атап айтқан болатын. Құдай бізді сондай бөлінуден сақтасын! «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» –деп,  Абай атам айтпақшы, бет-бетіне тартқан елде берек болмайды. Сол үшін біз жаратқан иеміздің берген осы несібесіне шүкірлік етіп, бар қазақ бір қазақ болып, бірлікте жұмыла жұмыс жасауымыз керек.

— Халқымыз бүгінгі күнге жету үшін небір қиын қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Соның ішінде ұлт азаттығы жолында күресіп өткен алаш арыстарының және елге Тәуелсіздікті жақындатқан желтоқсандағы қазақ жастарының еңбегі ерекше. Бүгінде сол ерліктер өз деңгейінде бағасын алды ма?

— Әрине, жыл сайын 16 –шы желтоқсан қазақ елі үшін Тәуелсіздік мерекесі болып айырықша аталып өтіліп келеді. Бұл күні халық ержүрек ұл-қыздарын еске алып, олардың рухына құран бағыштап, сол бір қаралы күннің қайталанбауын тілейді. Жеке ол ғана емес, қазақ халқы сан ғасырлық тарихында не көрмеді? Сонау ақтабан шұбырынды алқакөл сұламаны, өткен ғасырдың басындағы ұлт азаттық қозғалысын, кейін ашараршылық пен аштықты, одан қала берсе, қуғын-сүргінге ұшырап, екінші дүние жүзілік соғысты да бастан өткерді. Ең соңында жастарымыз бейбітшілік үшін Желтоқсан оқиғасына қатысып өз ерліктерін паш етті. Міне, осындай ұлтымыздың ұлы күрестерінің барлығы бүгінгі тұғыры биік Тәуелсіздікке жеткізді. Жыл өткен сайын тарих парағана жазылған әрбір ұлттық құндылықтарымыздың бағасы арта түсуде. Мәселен, өткен жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен «Қазақ хандығының – 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтілсе, одан кейін Алаш орданың 100 жылдық мерей тойы тойланды. Ал, уақыт өткен сайын  жұрт елі үшін қыршын жанын қиған желтоқсандықтарды еске алып, олардың ерен ерліктерін барынша бағалап келеді. Атамыз қазақ «Халық айтса қалт айтпайды» деген. Әр нәрсеге әділ баға беретін де халық. Сондықтан жұрт оған өз деңгейінде  баға беріп, тағылымды тарихымыздың есте қалар бір парағына әлдеқашан жазып қойғаны анық. Одан артық не керек? Оның үстіне Мемлекет басшысы былтыр «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», биыл «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Ол біздің ұлттық құндылықтырымызды жан-жақты зерттеуге, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға, тасада қалған асыл мұраларымызды жаңғыртып, тасқа басылған  тарихымызды тағыда таразылауға тың серпін берді.

— Сөз соңында Тәуелсіз елдің жастарына қандай ақыл-кеңесіңізді беріп, жалпы жұртқа қандай ізгі тілектеріңізді жеткізер едіңіз?

— Жастар елдің ертеңі, ұлтымыздың ізбасары. Сол үшін олар ежелден ата-бабаларымыз ұстанған салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымызды, дінімізді, тілімізді, төл мәдениетімізді сақтап, елдің егемендігін қорғау жолына күш салуы тиіс. Отанын, елін, жерін аялап, үнемі береке-бірлікте ұлттық рухты көтеруі керек. Егеменді еліміздің дамып, басқа мемлекеттердің алдында болуына не жетсін? Оны өркендетіп жеткізетін сіздер мен біздер және осы жастар. Мысалға, кешегі кеңес одағы тұсында мен Олимпиада чемпионы атандым. Бұл ол кезде екінің бірінің қолынан келе беретін жәй ғана жетістік емес еді. Өйткені, тізгін басқалардың қолында. Сондықтан мен ұлтымыздың абыройын асқақтату үшін барымды салып намысымды бермеуге тырыстым. Тынбай іздендім, көз ілмей жаттықтым. Ақыры көздегеніме жетіп, көпті мойындаттым. Ал, бүгін ше? Бүгін мүлде басқаша. Жастар қандай жетістікке жетем деседе жол ашық. Қолдаушы, қорғаушы болатын егеменді еліміз, ұлы көшбасшымыз бар. Соның қадірін біліп, қоғамдағы өтірік, өсек тарататын іріткі салушыларға алданбай өз Отанының патриоты болуы қажет. Сөз соңында айтарым, еліміз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

 

                                                                                           

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here