Танымал ақын Ерлан Жүніс 1984 жылдың 7-ші қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Тараз мемлекеттік университеті «Әлем тілдері» факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы «филолог, әдебиетші» мамандығы бойынша білім алған. «Жыр-перзент», «Киелі түндердің дұғасы», «Хауас», «Үміт жырлары» сынды бірнеше жыр жинағы жарық көрген. Халықаралық «Шабыт» фестивалі, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының диекторы.  Автордың «Отырмын бір жалқыны іздеуменен» деген тақырыпта біраз өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

Жол қарау

Сен қазір келесің ғой, өмір гүлім,
Құдайға сенгенімдей сенімдімін.
Асығып жеттім дейсің алыстардан,
Туылған күнің үшін сенің бүгін!

Сен қазір жетесің ғой, құралайым,
Құттықтап келіп бітті бұл ағайын.
Тек өзің із салмаған жүрі жолдың,
Түбіне бүк түсіпті жылап айым.

Әдемі көйлек кидім, сен келер деп,
Әдемі сөйлеп тұрмын, жөн көрер деп,
Көшеге дембіл-дембіл көз саламын,
Адасып бейуақта сенделер деп.

Жайлауда жұрттың дені, күздеуде Мен,
Кімді енді жылытпақпын сыз кеудемен?
Ешкім де күтпеген бұл топ ішінен,
Отырмын бір жалқыны іздеуменен.

Көңілді көп үмітпен бүтіндеп ем,
Дәл бүгін қашты менің құтым неден,
Мен неге әрбір туған күнім сайын
Тұрамын сол бөтенді күтуменен?!

*********
Жазың қайда, жапырағым?
Жаз әнін сезіндік қой айта алмаудың азабын!
Сезім деген – шұғыласы бояудың:
Жасылын да, қызылын да, бозаңын,

Сарысын да, қарасын да, әппағын,
Жылдар бойы жүрегімде сақтадым.
Сан алуан сол бояулар ішінен,
Сені сақтап қалар түсті таппадым!

Жапырағым, жанарында күн күлген,
Тастай алмай, қош дей алмай жүрмін мен.
Сенің жазда қаларыңды кім білген,
Күзге жалғыз барарымды кім білген?!

*********

Шыдар екем, шыдар екем қаншалық,

Сезімдердің бірі туып, бірі өліп,

Атқан таңды Абыл болып қарсы алып,
Қара кеште Қабыл болып түнеріп,

Төзер екем, төзер екем мен қанша,
Төзе ме әлде адам сорлы өлгенше?
Шығыс жақта бір жұлдызы жанғанша,
Батыс жақта бір жұлдызы сөнгенше.

*********

Құрбым деймін, құшағың құрдым деймін,
Мың тазарып, өзіңмен мың кірлеймін.
Мерейіңнің алдында мылқауланып
Мейіріңің алдында міңгірлеймін.

Қарашығы көзіңнің жылым деймін
Жұтып бара жатса да күлімдеймін.
Ессіз сезімдерімнің періштесі
Көзсіз сенімдеріңнің піріндеймін.

Көліліңнен, кербезім, дала көрдім.
Сол даланың аңсарын ала келдім.
Ерініңнің қып-қызыл сәулесімен
Арманымның суретін сала бердім.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here