Бүгін Талдықорғанда волейболдан ардагерлер арасында «Жетісу кубогы» Халықаралық турнирі басталды. Байрақты додаға Қазақстан, Ресей, Татарстан, Польша, Монғолия, Өзбекстан, Қырғыстан, Тыва, Бурятя республикасының командалары қатысуда, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жетісу жұртшылығы атынан ардагерлер арасындағы «Жетісу кубогы» халықаралық турниріне келген қонақтардың қадамына сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізін білдірді.

— Құрметті, турнирге қатысушылар, жер жаннаты атанған Жетісу өлкесіне қош келдіңіздер! Бүгінгі «Жетісу кубогы» турниріне арнайы келген командалардың ішінде атақты ойыншылар – еңбек сіңірген спорт шеберлері, волейбол ойынының өрісін кеңейтуге көп еңбек сіңірген азаматтар бар. Олар — бірнеше буын спортшылар үшін үлгі болған кәсіби мамандар. Сондықтан бұл турнирді өткізу елімізде, соның ішінде облысымызда волейболды дамытуға жасалған жақсы бір қадам деуге болады. Бәріңізге бұл турнирде жақсы ойын, сәттілік пен жеңіс тілеймін! – деді А. Баталов.

Сонымен қатар, өңір басшысы волейболдан ҚР-ның спорт шебері, Европа кубогының иегері, «Жетісу» клубының жаттықтырушысы және волейболдан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері Шапран Вячеслав Николаевичке «Алматы облысының құрметті азаматы» атағын беріп, кеудесіне медаль тақты.

Одан кейін Амандық Ғаббасұлы Азия чемпионаты мен ІІІ жазғы Паразия және жасөспірімдердің ІІІ жазғы Олимпиада ойындарында жүлделі орындарға ие болған спортшылармен жаттықтырушыларды құттықтап, ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Салтанатты шарада әр елден келген қонақтар кезекпен сөз алып, облыс әкімі мен жарыс ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп, арнайы сыйлықтарын табыстады.

Турнирді бірінші болып Қазақстанның «Жетісу» командасы мен Тыва республикасының волейболшылары бастады. Аталмыш дода 2-ші желтоқсанға дейін жалғасады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 2 200 000 теңге.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here