Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы үлкен қолдауға ие болды. Талдықорған қалалық ішкі саясаттың бастамасымен тарихи сананы жаңғыртудың басты бағыттарын қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері де қуаттады. Ардагерлер үйінде өткен алқалы жиын  Алматы облысының Құрметті азаматы, «Тақиялы періште» атанған Әлімғазы Райымбековтің жуырда жаңадан тағайындалған Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлына  ақ батасын беруімен басталды.

Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Қалық: «Қадірлі қариялар, әжелер, кеңес мүшелері бүгін ерекше жағдайда жиналып отырмыз.  Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласын халыққа жариялады. Мұнда айтылған дүниелердің бәрі халыққа, оның тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне маңыз беретін дұрыс ұстаным. Ата-бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр жерімізді найзаның ұшымен, аттың тұяғымен, білектің күшімен қорғады. Тарихымызды бағамдап, жас ұрпаққа  табыстау мәселесі оңды шешім.  Талдықорған тарихына қатысты үш кітап жарық көрді. Оған осы жерде отырған журналист, жазушы, тарихшы, мәдениет, өнер саласының  ардагерлері үлес қосты. Жер, туған өлке, тіл, мәдениет, өнер бәрі де жас ұрпаққа аманаттап қалдыратын асыл мұрамыз.  Бірлесіп атқаратын жұмыстар көптеп саналады»-деді.

Келесі сөз кезегін алған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев  Қазақтан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауы мен  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай баяндама жасады.

-Құрметті жиынға қатысушылар, қадірменді ардагерлер, бәрімізге белгілі ағымдағы жылдың 5 қазанында  Елбасы жыл сайынғы дәстүрмен халыққа Жолдауын арнады. Ондағы көрсетілген 6 бағыт еліміздің ілгері дамуының негізгі аспектілері болып, баршамыздың алдағы уақытта атқаратын мақсат-міндеттерді айқындап берді. Бұл ретте, Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай. Халық табысының өсуі — әр адам өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға не болмаса, жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік алғанда табыс артады. Келер жылы ең төменгі жалақыны 1,5 есе,яғни,28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Әл-ауқатымызды арттырудың тағы бір сипаты — әлеуметтік сала қажеттіліктерін арттырып,білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласындағы реформаларды орындау маңызды. Жаңа оқу жылы қарсаңында оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс тұрғын аудандарда әрқайсысы 1200 орынды екі мектеп пайдалануға берілді. «Көктем» шағын ауданында салынған музыка мектебінің құрылысы аяқталды, Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты ашылуы өтпекші.

Ұстаз беделін арттыруға ықпал ететін «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуді  ұсынды. Бұл құжат мұғалімдер мен тәрбиешілерді артық жүктемеден арылтуға сеп болмақ. Қалада 28 жалпы білім беретін орта мектепте 28110 бала білім алуда.  Сондай-ақ, 64 мектепке дейінгі және 5 мектептен тыс мекемелері Ұлттық білім беру бойынша дерекқор жүйесіне қосылған. Бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігі де Жолдауда атап көрсетілді. Атап айтқанда, қалада 289 спорттық нысан бар. Спорттың 33 түрі бойынша 97 секцияда 6751 спортшы жаттығады. Оларға 270 оқытушы-жаттығушылар дәріс беруде. «Өркен» спорт кешеніне биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ел келешегі жастарға сенім мен қолдау  ретінде 2019 жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл жас буынға тың серпін берері сөзсіз.

Маңызды құжатта көрсетілген «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту бойынша да көптеген істер қолға алынды. Қала оқушылары  Кербұлақтағы Шоқан Уәлиханов, Сарқандағы Мұқан Төлебаев,  облыс орталығындағы Мұхаметжан Тынышпаев, Ілияс Жансүгіров музейіне, сондай-ақ, Бикен Римова атындағы драма театрына, көркемсурет галереясына экскурсиялар ұйымдастырылды.  Жас балаларға патриоттық тәрбие беру бағытында «Жетісу тарландары» әскери клубы, №14, №18 орта мектептерден кадет сыныптары ашылды.

Ал Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеудің 7 бағытын айқындап берді. Тарих арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оң көзқарас танытуымыз керек. Ат міну мәдениеті, Ұлы даланың ежелгі  зергерлік бұйымдары,  ата-бабаларымыздың қоршаған ортамен етене өмір сүруі табиғатпен етене жақындығы назардан тыс қалмаған. Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Ұлы Жібек жолы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Қазіргі кезде «Бір белдеу — бір жол»  жобасы Ұлы Жібек жолындағы мемлекеттер арасындағы өзара достық, сауда-саттық дамытуға жол ашып отыр. Жер жаннаты Жетісу, Алматы қаласы апорт алмасының отаны саналады. Алатаудың баурайында  алма мен қызғалдақ бүр жарып, жер  жүзіне таралған. Еліміздің әсем табиғаты қашанда ауылшаруашылығына қолайлы әрі туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ал тарихымызды түгендеуде тарихи  сананы жаңғыру, «Архив -2025 бағдарламасы» ерекше орын алады. Аталған жобалар  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде  ұсынылып отыр. Еліміздің экономикасын қарқынды дамыту жолында белгіленген мақсаттарды бірге, жұмыла атқаруға шақырамын!-деді ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Аманжол Қасабек, ғалым:

Елбасымыздың  жалпы ел тарихы мәселесіне көп көңіл бөлетінін атап өткен жөн.  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала осыған дәлел! Президенттің мақаласында  қазақ тарихын және де  халық  санасын тазарту керектігіне көңіл бөлді. Ардагерлер жастардың ортасына барған кезде Кеңес заманындағы  жүйені айтудан арылуымыз керек. Біз текті, батыр, өзіндік салт-дәстүрін, мәдениетін сақтаған елдің ұрпағымыз. Мен АҚШ универсиететіне барып, біраз жыл бұрын дәріс оқыдым. Сонда шетелдік студенттер «Сіз жапонсыз ба, қытайсыз ба, корейсіз бе» деп сұрайды. Мен Қазақстаннан келдім десем, түсінбейді. Содан дүниежүзі картасындағы алып Ресеймен, Қытаймен шектесетін елді көргенде  олар таңғалды. Біз — Ұлы даланың ұлы перзенттеріміз . Осыны жастарға айтуымыз керек. Жеткізуіміз керек. Халқымызға өзіндік тарихымызды, өмір сүру қағидаттарымызды, салт- дәстүрімізді  қайтаруымыз керек, оны қалың елге, әсіресе жастарымызға жеткізуіміз керек!»-деді.

Жиында қарымды қаламгерлер Тұрсын Әбдуәли, Әли Ысқабай, Беделбек Сүлейменов, Қыдырәлі Нұртай, Зәуре  Әнуарбекқызы тәрізді ардагерлер сөз алды.

Зәуре Жақатаева, ардагерлер кеңесіндегі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі:

-Біздің халықтың ұрпақ тәрбиелеуде сан ғасырлар бойы жинақтаған тарихи тағылымы, ой-пікір қорытындылары ұшан-теңіз.   Елбасы Н.Назарбаев бәсекеге қабілетті елдің қатарына қосылу үшін өзіміздің ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, дін мен ділімізді, шұрайлы тіліміз бен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, өскелең ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеу- зор міндеттердің бірі екендігін  айқын көрестті. Осы  Талдықорған қаласының мектептерінде өткізіліп келе жатқан «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы қалалық ардагерлердің бастамасымен жүзеге асырылуда. Бұл  Елбасының әр Жолдауы, жақындағы  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен ұштасады. Бұл жердегі мақсат — тарихымызды түгендеп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып жасөспірімдердің бойына сіңіре отырып, санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру. Сонда біздің ұрпағымыз ана тілі мен әдебиетін, тарихын, мәдениетін, өнерін қастерлеп, халықтық салт-дәстүрді аялайтын болады. Осы бағытта аянбай еңбек етейік!

Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қалық жиынды қорытындылап, келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Елбасының  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңызы зор екендігіне тоқталды. Алда атқарылған істерге болашаққа бағыт-бағдар беріліп отырғандықтан, бұл тарихшыларға, зиялы қауымға қажетті  мақала санатында.  Елдің бірлігі тарихты білгенде ғана шынайы болады,-  деп ынтымаққа, бірлікке шақырды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here