Дәстүрлі ислам діні – күллі адамзат баласын  ізгі  имандылыққа, береке-бірлікке, адал адамгершілікке шақыратын рухани ілім. Қазақ  салт-дәстүрінің қайнар көзі  саналатын осы бір құндылықтың қашанда орны ерекше. Тіпті, ұлтымыз жадында сақталған әрбір ырым-тиым, әдеп-ғұрыптардың өзі  осы бір қасиетті діннен бастау алатыны ақиқат.

Алайда, бүгінгі күнде ислам дінін бетперде етіп, оған күйе жағушылардың кесірінен дінге деген көзқарас қақ жарылды. Сол үшін дінге жаңадан келуші әр адамның ақ пен қараның ара жігін ажыратып, тура жолды таңдауы бәрінен маңызды. Осыған байланысты, біздің қойған біраз сауалдарымызға «Сыр дидары» газетіның бас редакторы Сәкен Алдашбаев жауап берген еді.

Сәкен Алдашбаев

— Құрметті Сәкен мырза, жат ағым өкілдері қандай дін бағытын ұстанады? Олардың көздегені не?

— Негізі жат ағым өкілдері деген – діндегі сәләфизм, яғни, «Уахабизм» бағытын ұстанушылар. Бұл елімізде дәстүрлі емес діни ағымдар санатында. Нақтырақ айтқанда, олар күллі адамзат өркениетінің өзегі болған ислам дінінің  атын жамылған теріс пиғылды топтар. Уахабизмді насихаттаушылар көбінде дінге енді ғана бет бұра бастаған жастарға, тұрмысында қиыншылығы бар адамдарға тиісті қаражат беріп өз қатарларына тартуды көздейді. Әрі қарай солардың қолымен от көсеп, білгенін жасайды. Олардың алдап-арбауына бұрын діннен көп хабары жоқ азаматтар оңай ілігеді.  Өкінішке орай, біздің көптеген азаматтарымыз адасып барып діндегі сол бағытты ұстанушылардың жетегінде жүр. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, қазір елімізде сондай адасушылардың алдын алып, оларды тура жолға бағыттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сәләфизм өкілдерінің  басты мақсаты – ислам дінінің   кіршіксіз адалдығын  пайдаланып, өздерінің жат пиғылын жүзеге  асыру. Бүгінде  әлемдегі небір атыс-шабыс, қан төгістер мен  сұмдық-сойқандар тек жат ағым өкілдерінің қолымен жасалып жатқаны көпке аян. Соның салдарынан өзге халықтар әрбір мұсылман баласына күдік күмәнмен қарайтын болды. Басқасын айтпағанда, бұған дер кезінде шектеу қойылмаса ел ертеңіне үлкен қауіп төнетіні шындық.

— Енді өзіңіз ізденіс жасап жүрген дін және салт-дәстүр төңірегінде  кеңірек тоқталып өтсеңіз?  Бәрін Аллаға серік қосу санайтын жат ағым өкілдері ежелден ата-бабалар ұстанып келген қазақ салт-дәстүрі туралы қандай көзқараста?

— Жалпы діннің салт-дәстүрдегі негізі – табиғатқа және шариғатқа екі жағдайда бейімделеді. Табиғаттан, шариғаттан алынған нәрселер салтқа, салттан, ырымға, ырымнан тиымға өтеді. Осылайша бірден бірге ауысып отырады.  Ал, жат ағым өкілдері салт-дәстүрді дінге негіздей отырып, барлық наным-сенімдермен ырым –тиымдарды Аллаға серік қосу деп санайды. Біз осы мәселенің ара жігін ажыратып, бөліп бермейінше жат ағым мүшелерімен ешқашан күресе алмаймыз. Мәселен, қазақта келінге май иіскету деген бір ырым бар. Бұл қазақта бұрыннан келе жатқан ұстаным. Оған жат ағым өкілдері: «Сендер келіннің амандығын Аллаға тапсырмай маймен отқа тапсырасыңдар» деп, шүйлігеді. Бірақ, ол бәрібір қолға май мен от алғанымен жаратушы жалғыз Алладан ғана тіленетін тілек. Май иіскетудің тағы бір ғылыми тұрғыда дәлелдемесі бар. Қазақ май иіскетуді екі жағдайда қолданады. Бірі, жаңа түскен келін алғаш табалдырықтан аттағанда, енді бірі босанатын әйелдің толғағы ауыр болған жағдайда. Себебі, жас келін жат босағаны алғаш аттарда өзіне қадала қарап тұрған қалың көзден қысылудан, толғағы ауыр әйел қатты қиналыстан естен танып кетуі мүмін. Мұндай кезде қазақ алдын-ала ерітілген қойдың құйрық майын отқа тамызып искетеді. Бұл адамды сергітіп, есін тез жиғызуға көмектеседі. Бұдан діни астар іздеудің еш керегі жоқ.

Ал, қазақта келін босағаны оң аяқпен аттауы тиіс деген салт бар. Ол шариғатқа байланысты екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Шынын айтқанда, қазақтың әр салты-дәстүрі Құран Кәрім, хадистерге негізделген. Үнемі жақсылықты, ізгілікті дәріптейді. Мысалға, Құран хадистерінің бірінде мешітке, мектепке, үйге оң аяқпен кіру керек деп, анық айтылған. Ал, дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығуды дәріптейді. Сондықтан  үйге оң аяқпен аттаудың түп төркіні хадисте жатыр. Сол үшін жастарға осындай діннің салт-дәстүрдегі негізін жан-жақты түсіндірмесе жат ағымның арбауында кетуі бек мүмкін.

— Ал, ел Тәуелсіздіздік алғаннан бері халықымыз жаппай дінге бет бұруда. Осындай кезде жастар жат ағымдардың жетегінде кетуден қалай сақтануға болады?

— Жат ағым жарға жығатыны анық. Бұған қарсы қазір Қазақстан діни басқармасы жағынан мешіт имамдары мен тарихшылардан, ғалымдармен бақа да саланың білікті мамандарынан жасақталған ақпараттық топтар жұмыс жасауда. Олар мектептерде, жоғарғы оқу орындарында үнемі жастармен түрлі кездесулер өткізіп, үгіт-насихат жүргізу арқылы жат ағымнан сақтанудың тиімді жолдарын ұсынуда. Мұндай игі шаралар соңы бір, екі жылдан бері жиі ұйымдастылуда. Бұл әрине, құптарлық іс. Өйткені, жыл сайын жат ағымның арбауында жүрген көптеген азаматтар өзінің бағытын айқындап, дәстүрлі дін жолына қайта оралуда. Әрі ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне анық көз жеткізе бастады. Міне,  бұл еліміздің әр аймағында ұйымдастырылған дәл осындай шаралардың  нәтижесі. Сондықтан, дінге жаппай бет бұрып  келе жатқан халқымызға дәстүрлі дінді кеңінен дәріптеп, оның салт-дәстүрмен сабақтастығын атап көрсетіп,  жат ағымнан барынша сақтану қажет. Сонымен қатар сол білікті де білімді дін мамандары арқылы азаматтардың діни сауаттылығын арттыру керек.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here