Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев облыс орталығында орналасқан бірқатар өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шаһар басшысы алдымен Өтенай ауылдық округіне қарасты қоқыс өңдеу полигонынына барды. Ондағы «ADAL DAMU CAPITAL» ЖШС директоры Ерлан Дүйсебаев қатты қоқыстарды сұрыптау жұмысымен таныстырып өтті. Айтуынша, зауыт күніне 200, ал, жылына 16 мың тоннадан астам қоқыс өңдеп, одан тиісті өнімдер шығарады.

«Біз күніне 80 тонна қоқыс қабылдаймыз. Оның 60 тоннаға жуығы тұрмыстық қалдықтар. Қалғаны күл-қоқыс және құрылыс материалдары. Қосымша жаз мезгілі кезінде кесілген ағаштар келеді», — дейді мекеме басшысы Е.Дүйсебаев.

Қазір завод 80 тонна қалдықтың 10 пайзын ғана қайта өңдеуден өткізіп отыр. Айтуларынша, қазір қоқыстың барлығы араласып келгендіктен, оны сұрыптау қиынға соғуда. Әрі көбісінің (қағаз, қатты картон секілді материалдар) сапасы нашарлап кетеді екен. Егер алдағы уақытта қоқысты сипатына қарай жеке жинау тәсілі енгізілсе, қалдықтарды қайта өңдеуді 20-25 пайызға өсіруге болады, — дейді мамандар.

Осы тұста Ерлан Дүйсебаев қоқысты сұрыптап жинау үшін тұрғындарға арнайы жасыл, көк және қара түсті пакеттерді тегін үлестіру жағын жоспарлап отырғандықтарын айтып қалды. Яғни, қара, көк пакеттерге тамақ қалдықтары салынса, жасыл пакетке қайта өңдеуді қажет ететін тұрмыстық заттар жиналуы керек. Өз кезегінде Дастан Тұрарбекұлы мекеме басшысын қолдап, бұл түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айтты.

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, бүгінде Талдықорғанда қоқыс жинауға 240 арнайы контейнер орнатылған. Мұның барлығы қоқыс сұрыптайтын зауыттың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.

Ерлан Дүйсебаев, «ADAL DAMU CAPITAL» ЖШС директоры:

— Тұрғындар, біз көтеріп отырған мәселені дұрыс түсінсе деген тілек бар. Жалқаулық танытпай қоқысты бөлек-бөлек жинаса нұр үстіне нұр болар еді. Басты қиындық осы. Сондай-ақ, бірнеше күрделі мәселе бар. Мәселен, бізде бірыңғай тариф бекітілмеген. Сол жағы жұмысымызға аздап кедергі тудырып отыр. Әкімдік тарапынан бұл мәселе шешімін тапса дейміз. Одан бөлек, орташа жалақымыз 80 мың теңге болса да, жұмыс күші жетіспеу үстінде. Қазір 17 жұмысшымыз бар. Негізінен, біздің сұрыптау цехінде 35 адамға дейін жұмыс орны қарастырылған.

Айта кетейік, қоқыстан жиналған қағаздар мен картондар өңдеуден өтіп, олардан жұмыртқа салатын қалыптар шығарылады. Сонымен қатар, мұндағы қап (мешок), резина, пластик бөтелке, целофандардан арнайы ұсақ гранула дайындалу үстінде. Кейін бұлардан пластик бұйымдар жасалынбақ.

Келесі де қала әкімі 1991 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Талдықорғандағы «Азия Электрик» АҚ-ның жұмысын барып көрді. Аталмыш өндіріс орны электр қуатын есептеуге арналған құрылғылар және түрлі кабель шығарумен айналысады.

Бүгінде 8 мыңға жуық өнім түрін шығарып отырған зауыттың жылдық қуаты 6 млрд. теңгені құрайды. 300 адамды жұмыспен қамтып отырған комания өз өнімін еліміздің әр түкпіріне және ТМД елдеріне экспорттау үстінде. Мұндағы жұмысшылардың орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Шаһар басшысы өндіріс қызметкерлеріне өзінің жылы лебізін білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.

Тоқсан жылға жуық тарихы бар «Ажар» тігін фабрикасында бүгінде 150 адам қызмет атқарады. Өндіріс орны негізінен еліміздің ішкі істер құрылымдарының тапсырысын орындайды. Дәлірек айтсақ, әскерилердің, құтқарушылардың, тәртіп сақшыларының барлық мезгілдегі киімдерін тігеді.

Мұндағы жұмысшылардың орташа жалақысы шамамен 73 мың теңге. Өндіріс басшысы Хамидолла Ержановтың айтуынша, фабриканың жылдық қуаты 1 млрд. теңгені құрайды. Дастан Тұрарбекұлы өңірдің жеңіл өнеркәсібін өркендетіп отырған фабриканың жұмысына да табыс тілеп, аттанды.

Қала әкімі бастаған жұмысшы топтың соңғы аялдаған жері «Алматы бояулары» зауыты болды. Қазақстан нарығында сәтті қадам жасап келе жатқан компания 2009 жылдан бастап жұмыс істеуде. Өндіріс орны негізінен жолдарды жөндеуге, түрлі металдарды сырлауға арналған бояулар және лактар ​​шығарумен айналысады. Еліміздің 80 пайызын бояумен қамтамасыз етіп отырған «Алматы бояулары» ЖШС-нің жылдық қаржы айналымы 1,1 млрд. тенге.

«Біздің бояулар ыстыққа да, ылғалға да өте төзімді келеді. Шетелдік әріптестерімізбен бірігіп, бояудың бірнеше түрлерін дайындап шығардық. 28-ші қарашада республикалық көрме өтпек. Біз сонда өз өнімдерімізді қойып, таныстыратын боламыз», — дейді «Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салықова.

«Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салықова

Сондай-ақ, Римма Аждарқызы ұзақ мерзімді келісімшарттың жоқтығы қолбайлау болып отырғандығын атап өтті. Айтуынша, өндіріс орны биылдыққа қажетті өнімді дайындап қойған.

«Егер 2-3 жылдық ұзақ мерзімді келісім шартымыз болған жағдайда текке отырмай, көктемнің басында сатып алушыларға алаңсыз өнімдерімізді ұсынар едік. Қазір тендэрді күтіп отырмыз. Ол шамамен қаңтар-ақпан айларында бірақ басталмақ. Содан кейін ғана бояуларды шығаруға тура келеді. Ал, ол кезде тұтынушыларымызды толықтай қамтып үлгермей қаламыз. Өткенде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев келгенде осы мәселенің шешімін тауып беруін сұраған едік. Нәтижесін күтудеміз», — дейді өндіріс басшысы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here