Елімізде 14 қараша күні тұңғыш рет латын графикасы негізінде жалпыхалықтық диктант жазу ұйымдастырылды. Барлық өңірлерде сағат 11-де бір сағат шамасында диктант жазу басталды. Бұл кезде барлық аймақтар онлайн байланысқа қосылды.

Шара латынтілді қазақ әліпбиінің «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгеруін жан-жақты  қамту, нақтылай түсу, бағалау, бейімдеу мақсатында өткізілді. Бұл мақсатта жергілікті атқарушы органдар арнайы жұмыс тобын құрып, олар тұрғындар арасында ақпараттандыру шарасын жүргізген болатын. Елбасы Жарлығын іске асыру мақсатында Үкіметтің өкімімен «Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру туралы іс-шаралар жоспары» бекітілді. Осы жоспарға сәйкес  2020 жылға дейін емле ережелерін дайындау, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, әліпби үйрету әдістемесін әзірлеу, IT бағдарламалар дайындау, конвертор әзірлеу жоспарланып отыр. Одан әрі азаматтардың құжаттандырылуы, мектеп оқулықтарын дайындау, қазақ тілінің академиялық грамматикасын, түсіндірме сөздік және басқа жұмыстар жүзеге асырылады. Ал 2024-2025 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың ісқағаздарын латын графикасына көшіру, БАҚ  және баспа басылымдарын жаңа әліпбиге көшіру жоспарланған.

Талдықорған қаласының  жоғары оқу орындары, колледж студенттері мен мектеп оқушылары, мемлекеттік қызметшілер,  бюджеттік сала мамандары, әскери гарнизондар диктант жазу шарасына атсалысты. Алматы  облысынан 120 мыңдай тұрғын қатысса, Талдықорған қаласынан 10 мыңнан астам адам маңызы зор іске өз үлестерін қосты. Еліміз бойынша диктант жазуға 1 миллионнан астам адам қатысады деп күтілуде.

№28 ІT мектепте  жоғары сынып оқушылары диктант жазуға үлес қосты.  Ұлағатты ұстаз,  қалалық жұмыс тобының мүшесі Светлана Исаева:

«Бұл халықтық диктант жазу күні  жаңа  әліпбиді қаншалықты меңгеру көрсеткіші.  Оқушылардың жаңа графиканы ұғынуы, меңгеру жоғары деңгейде. Себебі, сабақтан тыс уақытта балалар эссе, шағын мәтінді латынша жазады. Оның үстіне ағылшын тілін оқып меңгергендерге түк қиындығы жоқ. Бірте-бірте осындай шаралар негізінде тұрғындардың көзі үйренеді. Санада орнықса, жаңа емле қоғамымыздың жазу мәденеиетін қалыптастырып, мемлекеттік тілдің жазба түрдегі қолданысын жеңілдетіп, ұлттық рухани жаңғыруымызға, жаһандық үрдіске үйлесе дамуымызға септігін тигізеді»,- деген өз ойын жеткізді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here