Бүгінде Жетісу өңірін газбен жабдықтау жұмысы жүйелі жүргізілуде. Жалпы, аймақта 4 кезең бойынша қолға алынған игі істің қазір бірінші, екінші кезеңдік жұмыстары аяқталып,  3-4 сатыдағы құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Атап айтқанда, 2020 жылға дейін  өңірдегі  473 елді-мекенді тегіс газбен жабдықтау жоспарда дейді мамандар.

Соның ішінде Алматы облысының орталығына қарасты газ құбыры жүргізілетін  аумақ 916 шақырымды құрайды.  Тұтынатын  абонент саны 50 мыңға жуық. Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Барлыбековтің айтуынша, бірінші кезекте, қала бойынша қосуға тиісті абонент саны – 15435. Оның 9958-і көпқабатты тұрғын үй болса,  5477–і  жеке сектор. Бұл  шамамен 41,7 мың адам.

Алғашқы  кезеңде газ жеткізілетін  абоненттердің саны 1500-ден асады. Газға қосылған абонент 1330 болып, бұдан сырт  1580 тұрғын газ тарту келісім шартына қол қойысқан. Екінші кезеңдегі құрылыс саны – 5.  Іске қосу кешені және ұзындығы 270 шақырымға жуық. Онда барлығы 22 мыңнан астам абонент бар. Оның 19 мың 600-ге жуығы көпқабатты тұрғын үй, 4 мың 400-ден астамы жер үйлер.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталып, бұзылған жолдар қалпына келтіріліп жатыр. ТОО «ЖетісуОбл Газ» мекемесінің мәліметі бойынша, газ жүргізілген үйлерді 2018 жылдың соңғы айларында тегіс көгілдір отынға қосу көзделген. Бұл міндеттердің ойдағыдай орындалуы шаһар басшысы Дастан Шалтабаевтың қадағалауында.

Ал, қаладағы газ тартқызушы кейбір тұрғындар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірлік филиалының өкілдері ұсынған пеш, құбыр сынды газ жабдықтарының бағасы күнделікті базар бағасынан әлдеқайда жоғары екенін айтқан болатын.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ,  Жетісу өңірлік филиалының директоры Жайық Алишевтің берген мәліметінше, бүгінгі күнде Талдықорғандағы жалпы газ тарту бойынша үшінші, төртінші кезеңдік жұмыстардың құрылысы қолға алынған. Мұнда үшінші кезектегі  құрылыс саны – 6.  Іске қосу кешенінің ұзындығы 230 шақырымнан асады. Абонент саны – 8430. Төртінші кезекті құрылыс – 5. Құбыр тартылатын аумақ  250 шақырымға жуық. Абонент  саны 7500-ден асады. Осы орайда, ескерте кететін бір мәселе, үйлеріне газ тартқызы келетін әрбір тұрғын алаяқтардың арбауына түсіп қалмай Талдықорғандағы Төлебаев  көшесі 39/41 ғимаратқа орналасқан  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, Жетісу өңірлік филиалына тіке хабарласып  заңды келісім шартқа қол қойыса алады.

Сондай-ақ, тағы бір айта кететін жайт – газ тартқызушы тұрғындарға газ есептегіш құрал тегін. Сонымен бірге дайын қаржысы болмаған адамдар алдымен газ тарттыруға кететін жалпы қаражаттың 30 пайызын төлесе, қалғанын 5 пайыздық үстемемен 6 айға бөліп төлеуге мүмкіндігі бар.

Ардагерлерге, көпбалалы отбасының мүшелеріне, мүгедектерге тағы біраз жеңілдіктер қарастырылған. Үйлеріне газ енгізуге ниетті адамдар үй мен газ сандықшасы аралығына дейінгі қолданылатын жіңішке құбыр, үйдің көлеміне қарай қойылатын пеш сынды  жабдықтарды сатып алуы өз еркінде.

Дей тұрғанмен газ тарту және жабдықтардың құнына тоқтала кететін болсақ, табиғи газдың 1м3 бағасы – 34,9 теңге. Газдық пештің бағасы 90 мың теңгеден басталады. Бір үйдің табиғи газға қосылу бағасы байланыс нүктесінен газ жабдығына дейінгі аралықтың алыс-жақындығына байланысты.

Мәселен, үй мен жол жиегіндегі газ сандықшасының ара қашықтығы 15 метр көлемінде болса, тарту құны – 82 мың 145 теңге, 20 метр болса – 98 мың 910 теңге, ал, 25 метр  аумаққа 109 мың 910 теңге, 30  метр  жерге 120 мың 910 теңге алынатынын еске салды. Қорытып айтқанда, бұдан газ жабдықтарының күнделікті базар бағасынан көп айырмашылығы жоқ екенін анық аңғаруға болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here