«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай – қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй», — деп ұлы ақын Абай айтпақшы, қылышын сүйретіп, биыл қыс мезгілі ерте келді ме, қалай өзі? Қарашаның 11-де жауған жаңбырдың арты қарға айналып, төңіректі әп-сәтте ақ мамыққа орап үлгерді.

Табиғаттың мұндай тосын сыйы әсіресе көлік иелерін әурелеңге салғаны анық. Жаздық дөңгелектерін ауыстырып үлгермегендер бүгінде техникалық жөндеу орталықтарында ұзын сонар кезек күтіп тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Ал, қаланың тазалық жұмыстарына жауапты коммуналдық мекемелер мұндай құбылысқа қашанда әзір. Біз олардың дайындығын қар жауа бастағаннан-ақ байқап, білдік. Қар жауған күні Талдықорғанда түнгі сағат 02:00-ден бастап жолды тазалау жұмыстары жүргізіле бастады. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс келтірген мәліметке сүйенсек, қар тазалауға Еркін және Өтенай ауылдық округтерін қосқанда жалпы саны 64 техника, 300 адам жұмылдырылған. Мұзды ерітуге 125 тонна инертті материал қолданылып, шаһар сыртына 4,5 мың текше метр қар шығарылыпты. Бұл жұмыстар әлі де жалғасу үстінде.

Талдықорған қаласы әкімдігінің Көлік және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұрбақыт Алтынбековтың айтуынша, бүгінде облыс орталығында тазалық жұмыстарын жүргізетін үш мекеме бар. Олардың барлығы да қыс мезгілінде өз қызметтерін атқаруға толықтай дайын. Атап айтсақ, «Zerena TECH» ЖШС қаланың орталығын және оңтүстік бөлігін тазаласа, «Инком Сервис» ЖШС қаланың солтүстік бөлігін қамтыйды. Ал, шаһар маңындағы елді мекендерге «Шығыс-4» ЖШС жауапты.

Бір ескерте кететін жайт, жауапты мамандар жол тазалау кезінде көше бойына қолайсыз қойылған көліктер жұмысқа кедергі тудыратынын айтып отыр. Сол үшін коммуналдық қызметкерлер баршаларыңыздан көліктеріңізді тиісті көлік тұрағына немесе арнайы аулаларда ұйымдастырылған көлік орындарына қоюларыңызды сұрайды.

Айта кетейік, соңғы үш тәулікте күн қатты суытпақ. Қазгидромедтің айтуынша, елімізде аяз қысымы –42 Сº-ге дейін барады. Синоптиктер мұны Антрактидадан келген кең көлемдегі суық ауа ағынымен байланыстырып отыр. Түнде ауа температурасы Өскеменде -40 Сº, Павлодарда -42 Сº, Қарағандыда -35 Сº жетсе, ал, Талдықорғанда -30 Сº -ға дейін төмендейді деп болжам жасауда. Жылы киініп жүріңіздер.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here