Бүгін Талдықорған қаласында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтілді. Оқушылар сарайында болған салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов қатысып, сала мамандарын кәсібіи мерекелірімен құттықтады, — деп деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Өзінің алғысөзінде, ол, бүгінде Алматы облысындағы, 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде екі мыңнан астам азамат қамқорлықта екендігін атап өтті.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов

«Сіздер әлемдегі ең ізгі, әрі қиындығы мол мамандықтың бірін таңдадыңыздар. Бұған аса шыдамдылық, білім, тәжірбие және ерекше дағды қажет. Шын жүректен сіздердің осындай жан кешті еңбектеріңізге, мейрімділік пен қамқорлықтарыңызға, халықтың әлеуметтік осал тобына деген ыстық ықыластарыңызға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан алғысымды білдіремін. Елбасының өзі әсіресе әлеуметтік осал топтардың тұрмыстық жағдайын жете мән беріп келеді. Қариялар, көп балалы ана, аз қамтылған отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар әрдайым мемлекет қамқорлығында болуы тиіс деп есептейді. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақының көбейіп отыруы – соның айқын дәлелі. Тек, материалдық жағдайын қамтып қана қоймай, әлеуеті әлжуаз қоғамды үнемі қолдап отыру қажеттігін елбасы еш уақытта естен шығарған емес. Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, еңбектеріңізге зор табыс, игі жақсылықтар мен мол қуаныш тілеймін», — деді Ж.Тұяқов.

Сонымен қатар, Жеңіс Шылбынұлы әр салада әлеуметтік қызмет көрсететін үш мыңнан аса маман ел игілігі үшін талмай еңбек етіп жүргеніне тоқталды. Одан бөлек, облыс бойынша төрт мыңнан аса азаматқа әлеуметтік көмек үйден көрсетілетіндігін айтты. Оның 1600-ден астамы мүмкіндігі шектеулі балалар болса, екі жарым мыңға жуығы жалғыз басты қарттар.

Қазіргі таңда Алматы облысында әлеуметтік қызмет көрсету деңгейі артып, мұқтаж жандарға түрлі көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы мүгедектерді оңалтуға 2 млрд. 900 млн. теңге бөлініп отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік объектілерге қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік бюджеттен 266 млн.теңге қарастырылып, 400 нысанға толық бейімдеу жұмыстары жүргізілген.

Салтанатты шарада әкім орынбасары бірқатар әлеуметтік жұмыскерлерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған «Ебек ардагері» және «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» медальдарын табыстады. Одан бөлек, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Облыстық «Еңбек жолы байқауында» топ жарған қатысушылар «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Үздік тәлімгер», «Өндірістің үздік жас жұмыскері» және «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 100 мың теңгенің сертификатын алды.

Сондай-ақ, дәл осы шарада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін қызмет көрсетуге арналған 11 инватаксидің кілті табысталды. Айта кетейік, 2014 жылдан бастап, облыстың әр аудан қаласында 22 инватакси қызмет көрсетуде. Мамандар жыл сайын бұл қызметке сұраныс артып келе жатқандығын айтады.

Мерекелік жиын облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here