Алматы облысы дін істері басқармасының ұйытқы болуымен өтіп жатқан «Рухани керуен» жобасы аяқталуға жақын. Игі шараға мұрындық болған мамандар бүгін Талдықорған қаласына қарасты Көктал елдімекеніне барып, жергілікті халықпен кездесу өткізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталмыш жоба өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет Алматы облысында бастау алған еді. Үш айға жуық уақытқа созылған шараның негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі мәдениетін насихаттай отырып, халықтың рухани санасын ояту, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, отансүйгіштікке баулу және деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу болды. Ұлт руханиятын көздеген игі шара тұрғындардың сұранысы бойынша биыл да жалғасын тапты.

Өткен жылы халықпен кездесу, дөңгелек үстел, оңалту жұмыстарын қосқанда барлығы (аудан, қала орталықтарында) 246 іс-шара ұйымдастырылған екен. Жалпы, 27 032 адам қамтылған.

«Міне, көріп тұрғандарыңыздай «Рухани керуен» жобасы жалғасуда. Біз ендігіде Талдықорғанға қарасты Еркін, Көктал, Өтенай және Мойнақ сынды елдімекендерге барып, ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, жұмысымызды қорытындыламақпыз. Жалпы, бұл бастама өткен жылы республикалық ең ірі жобалардың қатарына енді. Ол кезде аудан, облыс орталықтарын қамтысақ, бұл жолы тек елдімекендерді араладық. Келесі жылы сәтін салса, шалғайда және шекара аймағында жатқан елді мекендерге бару жоспарымызда бар. Алғашқыда насихат тобында 50-ге жуық зиялы қауым өкілдері болды. Биыл оның саны 36 адамға қысқарып отыр. Олардың арасында Алматы облысына ғана емес, республикаға кеңінен танымал спортшылар, ғалымдар және қоғамда өзіндік беделі бар тұлғалар бар», — дейді Алматы облысы дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 10 қыркүйек күні бастау алған «Рухани керуен» жобасы барысында 60-қа жуық ауылда 12 бағыт бойынша жұмыс атқарылып, оған 30 мыңнан астам адам қатысқан.

Айта кетейік, «Рухани керуен» сапары 22 қазан күні алғаш рет киелі Тараз өңіріне  де барған. Ол жерде Алматы облысының зиялы қауым өкілдерінен құралған топ Жамбыл өңірінің тыныс-тіршілігімен танысып, ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді насихаттады. Сондай-ақ, жастардың жүрегіндегі елге, туған жерге деген патриоттық сезімін оятуға жол ашып, деструктивті діни ағымдардың арбауына түсіп кетпеудің алдын алу бағытында жұмыстар атқарып қайтты.

Көктал ауылының №11 орта мектебінде өткен бүгінгі басқосуға ауыл тұрғындары келді. Жиынға Алматы облысы дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы Бағдат Бисенов қатысты.

Кездесу барысында алғаш сөз алған Рахмет Разбекұлы жиналғандарға жоба барысында атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, артынша ұлтық болмыс, дін мен дәстүр және қазіргі таңдағы өзекті мәселеге айналған діни қақтығыстар жайында әңгіме өрбітті.

Ал, Бағдат Қабдолданұлы Мемлекет басшысы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлтымыз үшін өте маңызды екендігін тілге тиек етті. Айтуынша, халық санасын оятпай, ұлттық болмысты қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған құндылықтарымызды жаңа заманға сай жаңғыртып, төл мәдениетіміз бен дінімізді һәм салт-дәстүрімізді тірілтуіміз керек.

Өз кезегінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәуле Аманбайқызы ақпараттық насихат тобының жұмысына сәттілік тілеп, елді рухани азықпен сусындатып жүрген жоба ұйымдастырушыларына шынайы алғысын білдірді. Жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here