Театрдың жаңа ғимараты ашылды

0
357

Театр – тектілікті сүйетін, “хас сұлудың көз жасындай мөлдіреген”  тылсым өнер. Театр — сахна шымылдығы ашылған сәттен-ақ тазалықтың тұңғиығына батыратын мәдени орын, саф өнердің қара шаңырағы. Театр – сіз бен біздің күнделікті өміріміздің айқын көрінісі. Талдықорғанда “көптен күткен ұлы той”, қос қуаныш. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа ғимараты мен Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фестивалі салтанатты түрде ашылды.

Фото авторы А.Нұршанов
Фото авторы А.Нұршанов

Салтанатты жиында сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов “Құрметті зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері! Жетісу төріндегі қос қуаныш құтты болсын! Сұлу, әсем, табиғаты көркем өңірімізге келген барша қонақтарға қош келдіңіздер деймін. Өнердің өзі қасиетті ұғым. Талант жаратқанның сыйы дейміз. Ол кез келген адамға қона бермейді. Өнер жолында сіздерге толайым табыс, шығармашылық шабыт пен жігер тілеймін. Жер жаннаты Жетісу өлкесі өңірдің алтын бесігі, ұлылық дарыған киелі мекен. Ал, Б.Римова атындағы драма театры ұлттық өнеріміздің қасиетті шаңырағы. Театрда 1975 жылдан бері көптеген спектакльдер сахналанып, қаншама ұрпақ тәрбие мен рухани азық алды. Республикалық, халықаралық өнер додаларында топ жарып, абыройымызды асқақтатуда. Өздеріңіз көргендей жарқыраған сәулетті ғимарат көздің жауын алады. Бұл театр қазақ өнеріне, ұлт руханиятына қызмет етіп, талай талантты жастарды шыңдайды деп сенемін. Театр  — мәдениет пен өнердің алтын ұясы, ел өмірінің айнасы. Республикамызда теңдесі жоқ драма театрдың бүгінгі салтанатты ашылуы Орта Азия елдері VII халықаралық театр фестивалімен ұштасып жатқаны Жетісу жұртшылығының мерейін арттырып отыр”-деп барша фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі. 2016 жылы қазығы қағылған өнер ордасының құрылыс жұмыстарын жүргізген “BI Industrial” ЖШС. 510 орындық заманауи ғимараттың құрылысына облыстық бюджеттен 6 млрд. жуық қаржы бөлінген. Айта кетейік, өнер ұжымы театрдың жаңа ғимаратының шымылдығын қазақ классикасының жауhары Мұхтар Әуезовтың “Айман-Шолпан” комедиясымен ашты. Бұл  — театр тарихындағы алғашқы музыкалық қойылым. Режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай.

Фото авторы А.Нұршанов

Әр екі жыл сайын өтетін  аталмыш фестиваль Астана қаласының 20 жылдығы мен көрнекті мемлекет және қоғам  қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналды. Шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан Театрлары ассоциациясы мен Темірбек Жүргенов қоғамдық қоры. Өнер додасында еліміздің бірқатар театрларымен қатар Башқұртстан, Түркия,  Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетінің театрлары бақ сынайды.

Фото авторы А.Нұршанов

Ашылу салтанатында КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоциациясының төрағасы Асанәлі Әшімов, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Философия ғылымдарының докторы  Асхат Маемиров, театр және кино режиссері, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов  бастаған Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Бақыт Тушаев, Асан Мәжит, Аян Өтепберген сынды құрметті қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтіп, жүрек жарды лебіздерін білдірді.

Фото авторы А.Нұршанов

“Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен — қазақтың баласы!” деп сөзін бастаған Асанәлі Әшімов “Бүгін үлкен той. Мынадай сәулетті нысанның бой көтеруіне атсалысып, азғантай уақыт ішінде қолданысқа берген облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл — өнерге деген көзқарас. Өнердің іргетасын қалаған ұлы азаматтарды еске алып, солардың шығармалары сахналанып жатады. Бүгінгі айтулы күн де Мұхтар Әуезовтың шығармасымен басталады”-деп қарапайым халықтың қуанышын көруден асқан бақыт жоқ екенін атап өтті.

Фото авторы А.Нұршанов

Сондай-ақ, сахна төріне көтерілген  Асхат Маемиров “Қадірменді театрсүйер ағайын. Бүгін Қазақстанның мәдени кеңістігінде ерекше елеулі оқиға. Тәуелсіз Қазақстанның театры қандай  болуы керек? дегенде осы ғимаратты көрсетуге болады. Тәуелсіздігіміздің нағыз символы тәрізді, руханияттың, өнердің ордасы. Елбасымыздың идеясын іске асыруға ұйытқы болған Амандық Ғаббасұлына еліміздің барша өнер адамдарының, театр қайраткерлерінің атынан алғысымды білдіремін. Бұл театр Жетісудағы нағыз өнердің ордасына айналарына сенемін”-деп  ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ыстық ықыласты сәлемін жеткізді. “Құрметті фестивальге қатысушылар мен қонақтар! Сіздерді ҚР Елордасы Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Орта Азия елдерінің VII  халықаралық театр фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі өнер додасы Талдықорған қаласындағы театр жаңа ғимаратының ашылуымен орайлас келіп отыр. Өнер мерекесі құтты болсын! Театр өнері саласын дамыту, мамандардың шеберліктерін шыңдауға бағытталған фестиваль Орта Азия елдері мен Қазақстанның және түркі тілдес мемлекеттердің театр өнері саласындағы әріптестікті нығайту, театр өнерін дамыту және театрларды шығармашылық бастамаларға ынталандыру, сондай-ақ жұртшылықтың назарын  жаңа заманауи үлгілерге аударып, театр өнерінің өркендеуіне ықпал етеріне сенімім мол. Сіздерге шығармашылық табыс, тың ізденістер, кәсіби жетістіктердің биік болуын тілеймін”.

Фото авторы А.Нұршанов

Жиын барысында өз саласында жетістікке жеткен бірқатар жас буын “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты атанды. Атап айтар болсақ, “Театр өнері” номинациясы бойынша Шахмұрат Ордабаев, Олжас Жақыпбек, Жанат Оспанов, Зарина Кәрменова, Жасұлан Заманбеков, Дәулет Қанат, Назым Өтеулинова, Салтанат Әбілғазиева, “Журналистика” аталымында  Серікбол Хасан, “Кино өнері” номинациясы бойынша Рамазан Амантай және ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығымен Айгерім Бекболатова марапатталды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here