«Көркемөнер галерясында» Астана қаласының 20- жылдығы аясында  Хамза Қиқымовтың «Жаны жайсаң — Жетісуым» атты жеке шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

«Өнердің дамуы рухани өркендеудің құралы болғандықтан, тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік және мәдени дамуы аса маңызды басымдық болып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев әрқашан ұлттың рухани байлығын бүгінгі ұрпақ санасына жаңғырту керектігін үнемі айтып келеді. Сондықтан да жас ұрпаққа тәрбие беретін тарихта орны бар тұлғалардың ғалымдардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің рухани мұраларын кеңінен насихаттау күн тәртібіміздегі кезек күттірмес міндет.

Сурет тарихы бұл адамзат тарихы. Оның айналасындағы ортаны тануына сана сезімінің жетілуіне эстетикалық тәрбие алуына ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұралар қалдыруға үлкен үлес қосқан өмірмен өзектес өнер. Осындай өнердің иесі суретші Хамза Қалиұлы Қиқымов 200-ден аса суреттердің авторы. 1947 жылдың 11 мамырында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Байдібек би ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1979 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1981 жылдан КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы. Хамза Қиқымов – Алматы облысының гербі мен туының, Талдықорған қаласының гербінің және «Алматы облысының Құрметті азаматы» төсбелгісінің авторы.

Өнертанушылар Хамза Қиқымовты терең ойлы, ізденімпаз суретші деп атады және оны табиғаттың әсемдігі мен ұлылығын ашып көрсететін табиғат ырғағы мен сызбалары, жарығы мен бояулары қызықтырады дейді.

Қазақ кескіндеме өнерін алға жылжытып, жүздеген көркем туындыларды дүниеге әкелген, бүкіл шығармашылығын қазақ халқының тыныс-тіршілігіне арнап, ондағы халқымыздың рухани дүниетанымының өзіндік ұлттық сипатын жазбай танып, жаңылмай көрсете білген суретшінің 12 жұмысы Елбасының өміріне арналған «Үшқоңыр» кітабына енді. Оның ішінде дастархан басына жиналған отбасы, әкесінің атына мінгескен кішкентай Нұрсұлтан, бидай шауып жатқан Елбасының бейнелері т.б. бар.

«Үшқоңыр» сурет кітабы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған өлкесі Үшқоңыр елдімекеніне арналып шығарылған. Кітап Елбасының жүрекжарды тебіреністері мен туған жеріне деген ыстық махаббаты жайлы қанатты сөздеріне негізделген. Елбасының

өмірінің әрқилы кезеңдерінде жазып алынған және сан алуан тақырыптар қамтылған нақыл сөздер жинағын оқып отырып, Н.Ә.Назарбаевтың Отанның, отбасының, туған жердің адамзат баласына қаншалықты маңызды екендігін айтқысы келгендігін түсінесің. Елбасы өзінің әрбір жолдауларында, әңгімелерінде, Үшқоңыр жайлы кітаптарында Отан жайлы сыр шерте келе, ата-баба жерінің рухани қолдаушы ретінде қалай желеп-жебеп жүретіндігін қайталаудан жалыққан емес. Отанның, туған жердің маңыздылығы арқау болған, қазақстандық суретшілердің еңбектерімен безендірілген ҚР Президентінің қанатты сөздер жинағы, отандық әдебиеттен айрықша орын алатын туындылардың қатарындағы кітап деуге лайық. Көрмеге Хамза Қалиұлының сол кітапқа енген еңбектерінің төртеуі қойылып отыр.

Баян  Алпысбаева, «Көркемөнер галереясының» көрме ұйымдастыру маманы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here