Елордасы Астананың  20 жылдығына арналған игі шараны Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен  ҚР  Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған. Фестивал аясында Тәттімбет Қазанқапұлы атындағы «Қырық буын қосбасар» атты күй сайысы өтіп, оған еліміздің әр аймағынан келген 30-ға жуық үміткер қатысып, тартымды өнер көрсетті.

Фестивалдің ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев аймақ басшысы Амандық Баталовтың және Жетісу жұртының ыстық ықыласты сәлемін жеткізіп, жалпы қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол:  — «Бұл шараның басты мақсаты  – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезінде кенжелеп қалған қазақтың шертпе күй өнерін кеңінен нәсихаттап, төл мәдениетіміздің абыройын асқақтату» –деді.

Екі күнге созылған шараның бірінші кезеңінде 12 үміткер іріктеліп, ақтық сынға жолдама алған еді. Екінші кезеңде олардың арасынан жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталды. Дарынды  күй саңылақтарының бағалау нәтижесі бойынша Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда өткен шерпе күй сайысының бас жүлдесін Астанадан келген Ақжусан Иманғазықызы жеңіп алып, 1 миллион теңгені қанжығаласа, бірінші орынға белгіленген 750 мың теңге қаражатты Алматы облысының күйшісі Серік Пазылов еншіледі. Ал, екінші орынға Шығыс қазақстандық Сырым Нұрмолдин мен атыраулық Айнұр Сақыпова лайық деп танылып, үшінші орын жүлдесіне Повлодар облысының тумасы Ертіс Сайырхан және қарағандылық Самал Мағауия ие болды. Жеңімпаздарға қосымша лауреат атағы берілді. Ұйымдастырушылар мұндай шара бұдан былай да жалғасатынын жеткізді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here