18-ші қазан – Қазақстан халқының рухани келісім күні. Осыған орай бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында діни бірлестіктер жетекшілерінің салтанатты жиыны өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Негізгі мақсат – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, 2017-2020 жылдарға арналған ҚР дін саласындағы мемлекеттік саяси тұжырымдамасын жүзеге асырудың жолдарын талқылау.

Алматы облысы дін істері басқармасының ұйытқы болуымен өткен басқосуға жергілікті атқарушы органдарының басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған және Алматы өңірлері бойынша өкілдері, Христиан діни бірлестіктері оның ішіндегі дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер өкілдері, сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен дін саласына қалам тербеп жүрген журналистер қатысты.

Қазақстан бүгінде ұлт пен ұлыстар арасындағы сыйластық пен келісімді, рухани-адамгершілік құндылықтарды және барлық діни сенімдер мен конфессияларға деген құрметті алдыңғы қатарға қойған елдердің бірегейі болып табылады. Оған әлем және дәстүрлі діндер съезінің Астана қаласында осымен алтыншы рет өтуі дәлел.

Алқалы жиынды Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев жүргізді. Ол өз сөзінде рухани келісім мен дінаралық татулық – адамзаттың бейбіт өмір сүруінің басты кепілі екендігін айтып, осы тұрғыда зайырлы мемлекет саналатын Қазақстан әлемге үлгі болып отырғанына тоқталды.

Ал, өз кезегінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Разбекұлы еліміз үшін рухани келісім күнін атап өтудің үлкен саяси және тәрбиелік маңызы зор екендігін айтып өтті.

Дөңгелек үстелде сөз алған өзге де баяндамашылар ұлттар достығы турасындағы Елбасымыз бағдар берген қоғамдық-саяси дамудың осы жолынан танбау керектігін баса айтты.

Жиын соңында зайырлы мемлекетіміздің тарихи, мәдени, діни құндылықтарын насихаттап, облысымыздың рухани дамуына үлес қосып жүрген дін қызметкерлері бірнеше номинация бойынша марапатталды.

Қаратал ауданы, Қарашеңгел ауылдық мешітінің бас имамы Мұрат Қилыбаев:

— Жақында ғана Астана қаласында әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезі өтті. Бұл жиын да соның жалғасы деп білеміз. Ұйымдастырушыларға көп рахмет. Негізі, Алла елшісі Мұхаммед с.ғ.с өзі өзге дін өкілдеріне құрметпен қарау керек екенін айтып кеткен. Қазіргі таңда Елбасымыз пайғамбарымыздың осы жолын ұстанып, әлемді бейбітшілікке шақырып отыр. Яғни, бұл Ислам дінінің ерекшелігі деп білемін.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысында 438 ислам мешіті, 52 провославия және 11 христиан шіркеуі, 96 протестанттық храмы мен ғибадатханалары бар. Басқарма сөзіне сүйенсек, өңірде діни ахуал тұрақты. Халықты жат ағымдардан сақтау мақсатында жүйелі жұмыстар жолға қойылған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here