Мен сені жатырқап қалыппын,

Жастығым өтсе де көшеңде.

Сен құйған шараби-шабыттың,

Тамшысы қалмаған кесемде.

Жұматай ӘМІРЕЕВ
Ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жұматай ӘМІРЕЕВ

 

Оралың барында ойнап күл,

Дегенге шүбәсіз мен сеніп.

Өмірі осы деп бойдақтың,

Көшеңде жүріппін теңселіп.

 

Кеше гөр, кешегі Астанам,

Көшеңде жоғалған жастығым.

Байқасаң мен бүгін басқа адам,

Біржола тарқаған мастығым!

 

Иә, рас!

Өзіңнен тапқанмын,

Жанымның жартысы – жарымды.

Ол үшін келмейді ақталғым,

Бұлдама ұсынған бағыңды.

 

Жарымды тапқанға дейін де,

Мен талай сұлумен қоштасқам.

Қылаудай дақ салмас пейілге,

Жүрегі шуақты дос тапқам.

 

Таққандай болмайын енді айып,

Және де жек көрем демеспін.

Қарсы алған құшағын кең жайып,

Баяғы Алматы емессің.

 

Көшеңде дәл бүгін шу басым,

Тоқтаусыз қарбалас тіршілік.

Сіміріп түтіннің тұнбасын,

Адамдар барады тұншығып.

 

Сонда да сені олар қимайды,

Аңсары аумайды далаға.

Қызығы Жұматай сыймайды,

Миллионды сыйғызған қалаға.

 

Алматы, көргенше қош енді,

Жүрейін кішкентай қалада-ақ,

Сағынған сәттерде көшеңді,

Қайтармын аралап…

 

Жұматай ӘМІРЕЕВ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here