Әлі есімде, шағын фотоаппаратымды арқалап, жұмыс бабымен алғаш «Жастар» спорт сарайына барғаным. Ол уақытта қазақ күресінен Алматы облысының іріктеу турнирі өтіп, апайтөс балуандар боз кілемнің шаңын қағып жатқан еді. Залдың ішінде ине шаншар орын жоқ. Тіпті, жанкүйерлердің айғай шуынан құлақ тұнады. Спортшылар жаққа қарай көз тастағанымда фотографтардың қарбалас жұмысына куә болдым. Барлығының аңдығаны – балуандардың қимылы. Байқасам бөлектеу жерде орта бойлы, жүзі жылы, әрі қимылы шапшаң келген бір фотограф жүр. Оның өз ісіне шындап кіріскені соншалық, керек кезінде жата қалып та суретке түсіруге әзір. Оң-солын дұрыс танып білмеген мендей жас маманға бұл көрініс қатты әсер етті. Шыны керек, сонда маған жұмысын шексіз сүйетін адам осындай болуы керек екен ғой деген ой келді.

Ол кезеде Жеңіс Ысқабайдың өзін көрмесем де, оның кәсіби мықты маман екенін ел аузынан жиі еститінмін. Кейін өзімен жақынырақ танысудың сәті түсті. Қазақ «жігітке, жеті өнер де аз» дейді ғой. Дәл осы нақыл құдды біздің кейіпкерімізге қарап айтылғандай. Суретке түсіруден бөлек, ағамыздың ағаш ойып, әр түрлі бұйым жасайтын шеберлігі және бар.  Белгілі фотографпен өрбіткен әңгімеміз осы жайында болмақ.

Біздің анықтама:

Жеңіс Жұмалыұлы – 1980 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы Туғанбай ауылында дүниеге келген. Туған күні 9-шы мамыр болғандықтан атасы Сақбай Жеңіс күнінің құрметіне орай немересінің атын ЖЕҢІС деп қойған екен. Танымал фотографтың бүгінде «Жусан» атты арнайы шығармашылық орталығы бар. Осы уақытқа дейін төрт рет сурет көрмесін өткізген.

Жеңіс Ысқабай

– Астарына зер салған адамды шығармашылық құдыретімен тәнті ететін саланың бірі – фотография. Жалпы, бұл жолды таңдауға не түрткі болды? Сізді суретшілікке жетелеген бала Жеңістің арманы шығар?

— Бала кезде сатиралық бағытта шығатын «Ара» деген журнал болған. Мен сол басылымның мұқабасындағы суретті айнытпай қағаз бетіне түсірген екенмін. Содан бүкіл ауыл мені суретші атап кетті. Мектеп табалдырығын аттаған кезде де бейнелеу өнеріне жақын болып, елдің назарын өзіме аударумен болдым. Сабақты да осы сурет салу арқылы жақсы оқып шықтық (күлді). Мәселен, физика пәні өтіп жатса кітаптағы суреттерді айнытпай салатынмын. Ол мұғалімге ұнайды, сөйтіп, күнделігім бестік бағаларға толы болды. Ал, оның заңдылықтары мен түрлі формулаларына аса мән бермейді екенмін. Енді ол кездегі сабақтар да бүгінгімен салыстырғанда әлдеқайда жеңілірек болды ғой. Ұстаздар да сәл кешіріммен қарап, адами қасиеттеріңді бағалаушы еді.

Яғни, көңіліме жаққан дәптер немесе кітаптағы әдемі бейнелерді көрсем, соларды айнытпай қағаз бетіне көшіріп отырдым. Одан кейін еліміз тәуелсіздігін алған жылдары шетелдің керемет қызықты мультфильмдері келе бастады. Балалар көшеде доп қуалап, ләңгі теуіп, асық атып жүргенде мен үйде теледидар алдында отыратынмын. Мультфильм көргенді жақсы көрдім. Кейіннен ондағы кейіпкерлерді де бейнелей бастадым. Негізі, «көре-көре көсем боласың» деген тегін емес. Соның барлығы менің қиялымды шыңдап, фантазиямды дамыттты.

Енді, білесіздер ауылда жүріп, өнерді дамыту мүмкін емес. Тоғызыншы сыныптан кейін (1995 жылы) Алматыдағы құрылыс және менеджмент колледжіне сәулетші мамандығы бойынша оқуға түстім. Қалада туысқандарыммен бірге тұрдым. Сол үйде отыз алты кадрлық бір фотоапарат болған. Әлгіге қызыққаным соншалық, елдерді бейберекет суретке тарта беріппін. Көбіне группаластарымды, оның ішінде қыздарды жиі түсіріп, суреттерін шығарып, тегін тарататынмын. Ауылдан апта сайын ақша алып тұратыным бар. Оның тең жартысы жолыма кетсе, қалғаны пленка алумен, сурет шығарумен кетеді (күлді). Сонда елді мәз қылғанға, өзім де мәз болып жүре берген екенмін ғой.

Кейін колледжді тәмамдаған соң әскери борышымды өтеуге кеттім. Сол жақта маған Горбачевский деген еврей жігіт «Зенит» фотоапаратын сыйлады. Енді әлгінің сапасы өзіме қатты ұнады, суретке түсіруге әуестігім ауа түсті. Әскерден кейін жарнама агенттігінде, құрылыс саласында және тағы бірнеше жерлерде жұмыс жасап жүрдім. Шамамен, 2000-шы жылдары ғой деймін, «Азия Қазақстан» деген фотоклуб болған. Ішінде кілең өзге ұлттың өкілдері. Пысықтығымнан болар бір күні солардың құрамына кіріп алдым. Жұмыс жасай жүріп, кешкі уақыттарда сол жерден табыламын. Ішінде ең жасы менмін. Аппаратты тереңінен меңгеріп алайын деген ниетпен «диафрагма», «выдержка» деген не, экспозицияның маңыздылығы қандай деген секілді түрлі сұрақтарымды жаудыртамын. Үлкендер білгенін айтып, барынша түсіндіріп жатады. Соның барлығы маған керемет сабақ болды. Сөйтіп жүргенде көрмелерге қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанғаным бар.

Бір күні фотоклубтағы бір әйел «Алматы ақшамы» газетіне фотокорреспондент керек екенін айтып, менің сонда баруымды нұсқады. Бас редакторымен келісіп, онда үш жыл жұмыс жасадым. Ол кезде аталмыш басылым тікелей қала әкімдігіне қарайды. Сол жылдары алып шаһарды Иманғали Тасмағамбетов басқарған. Көзге қатты түсіп кетсем керек, әкімнің жиналыстарынан шықпаймын. Тіпті, (ресми емес) И.Тасмағамбетовтың жеке фотографы деген атаққа ие болдым. Кейін Алматы облысына ауысқанымда бұрынғы әріптестерім (журналистер) «сен кетіп едің, бізді ешкім суретке түсірмейді, шоколад бермейді» дегені бар. Неге десеңіз, «Алматы ақшамында» жүргенімде жиналыс немесе бір шара болсын міндетті түрде елдің барлығын жалпылама суретке түсіретінмін. Кейін «Қазақстан» шоколадын сатып алып, оларға суреттерімен қосып апарып беремін. Сол себеп болған шығар, елдің берген батасы бар, журналистер мені биікке көтеріп тастады.

Яғни, Жеңісті Жеңіс қылған, менің суретті елге тегін таратқаным. Ол уақытта Бәйкен Әшімов, Кеңес Аухадиев, Бибігүл Төлегенова, Сағадат Нұрмағамбетов және Кәукен Кенжетаевтармен өте жақын араластым. Үйлерінде бір дастарханда отырған кездерім де көп болды. Неге? Өйткені, ол кісілерді фотоға түсірдім бе, бірден үйіп-төгіп суреттерін апарып беретінмін. Ешқандай ақы алмаймын (күледі). Сонда коммерция дегенді, шығын шығып кетті-ау дегенді ұқпайсың ғой. Аңқылдаған ауылдың баласы болғандығымнан шығар осындай әрекетке барасың. Сондағы мақсатым – жұрттың батасын алу. Сөйтіп жүріп, 2005 жылы фото әлеміне кіріп кеттім. Нәтижесі міне, жаңағы кісілердің шын пейілімен берген алғыстары мені көгертті.

– Әкімнің жиналыстарынан қалмайтынмын деп отырсыз. Жалпы, одан бөлек, өз еркіңізбен шығармашылық бағытта жұмыс жасаған кездеріңіз болды ма?

– Негізі, суретті тек бір ғана бағытта түсірген емеспін. Төменнен жоғарыдағы билік өкілдеріне дейін қамтуға тырыстым. Мәселен, бір күнімді көшеде қол жайып, елден қайыр сұрап отырған міскінге арнасам, келесіде қоғамда болып жатқан басқа да әлеуметтік маңызы бар дүниелерді көрсеттім. Әртүрлі кейіпкерлерім болды. Көптеген адамдармен таныстым. Мәселен, Роля Бапзина деген бірі кісі Алматыда көк базарда үнемі бөтелке жинап жүретін. Бірде мұқият қарасам басына орамалын орап алған, жүзі сондай жылы, құдды бір адамды өзіне тартып тұратындай. Журналистпен келісіп, онымен сұхбаттасауға бардық. Сондағы кейіпкеріміздің ұлты бурят. Барлығын біледі. Елімізге шетелден жер аударылып келген екен. Өзі жетім. Әңгімесін тыңдай келе оның опера театрында кілең мықтылардың дәурені жүріп тұрған уақытта еден жуушы болып қызмет атқарғанын білдік. Яғни, біз сонда сыртқы қабығын алып тастап, еленбей жүрген адамдардың ішіндегі бар дүниесін көрсетуге тырыстық. Осы секілді бірнеше кейіпкердің образын ашқаным бар.

Кейіннен спорт саласына қызығушылығым артты. Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов сынды спорт жұлдыздарының қасында жүріп, жоғары деңгейдегі жарыстарды түсіремін. Сонда мұның барлығы жәй өзім үшін ғана. Өсе келе, үш-төрт жылдан кейін ол маған табыс әкеле бастады. Жарыс ұйымдастырушылары арнайы өздері шақыратын дәрежеге жеттім. Бұрындары тегін суретке түсірсем, енді жалдамалы түрде жасаған жұмысыма ақы алатын болдым. Сол кезде қазақ фотографтары саусақпен санарлықтай. Енді, газет редакцияларында кәсіби маманмын дегендер болған. Бірақ, спорт саласында жүрген қандастарымыз жоқтың қасы еді. Мен бірден кірісіп кеттім.

Ал, енді қазір маған үлкен жарыстарға жоғары еңбекақы төлейді. Мәселен, ұлттық «Қазақстан барысы» жобасын алайық. Шақырады, барамын. Суретке түрлі нұсқада түсіріп, артынан дискіге жазып беремін. Альбом керек болса, оны бөлек сатып алады. Негізі, жәй тойды ғана түсіріп жүріп, бұлай ақша табу мүмкін емес. Әскерден кейін жұмыс жасай жүріп, сырттай университетте сызу және сурет сабағы мамандығын оқығандығым, одан қалды сәулетшілікті меңгергенім, һәм тәжірибелі ардагерлердің алдынан арнайы өткендігім бар, соның барлығы міне түбінде өз жемісін беруде.

– Өмірдің қас қағым сәтін қалт жібермей объективтің ішіне енгізу үлкен шеберлікті қажет етеді. Маман ретінде осының сиқырымен бөліссеңіз.

– Қолымызға қылқалам алып, сурет салсақ көп уақыт кетеді және оған үлкен еңбек қажет. Солай емес пе? Ал, фотоаппараттың көмегімен бір сәтті қаз қалпында бере аламын. Сондықтан, фотоаппаратпен жұмыс ыңғайлы әрі өзіме ұнайды.

Мен көбіне репортаж бағытында жұмыс жасаймын. Адамды қазық қылып, бір жерге қадап қойғаннан гөрі оны жан-жағынан түсірген суреттерім әлдеқайда сәтті, мағыналы шығады. Кейбір әріптестеріме таң қаламын. Олар жиналыс болсын немесе сұхбат беріп тұрған кісіні бір қырынан ғана түсіреді және тек екі-үш суретке жұмыс жасайды. Сонымен қатар, белгілі бір шараның басында жүреді де кейін қайтып кетеді. Ал, мен олай емеспін. Басталғанынан соңына дейін жүремін.

– Сонда сіздің ойыңызша нағыз фотограф қандай болуы керек?

– Негізі, кәсіби фотограф аңшы сияқты болуы керек деп үнемі айтамын. Осы әдіс өзіме қатты ұнайды. Менің бір ерекшелігім – ешкімге байқатпай тосыннан суретке түсіру. Сол кезде суреттер неғұрлым шынайы, әрі әсерлі шығады. Оны бояп, өзгертудің қажеті жоқ. Өмір онсыз да тамаша емес пе! Мәселен, адам бейнесін алайық. Танымал әртіс болсын, қарапайым адам болсын халықтың назары немесе камера өзіне ауған кезде ол бірден өзгереді. Ал, егер оның табиғатын ашқың келсе, байқатпауың керек. Сонда ол суретін көрген кезде өзінің шынайы бейнесін таниды.

– Бұрындары суретке түссек, оның шығуын көп күтуші едік. Оның үстіне ол уақыттағы фотоаппараттар да өзгеше болды ғой.

– Иә, дұрыс айтасыз. Қазір сандық техналогия бізге үлкен жол ашты. Мәселен, ол кездегі фотоаппараттар мен қазіргілерді салыстыра алмайсың, арасы жер мен көктей. Кешегі фотоаппараттар 12, 24 және 36 кадрлық болған. Түсірген суреттерімізді санап, жазып жүретінбіз. Ал, қазір ше? Мүмкіндік өте мол. Флэшкаңды салып ал да, қалағаныңша түсіре бер. Алысты жақындатып, керек кезде қараңғы жерлерде де жұмыс жасай бересің. Тек, сол жұмысыңды көрерменге жеткізе білсең болғаны. Сондай-ақ, компьютердің дамыған кезінде суреттерді өңдеу арқылы оған тіптен жан бітіріп жіберетін болдық. Тиімдісі осы.

– Қандай да бір адамды алайық. Егер ол өз мамандығын сүйсе, сол ісінен түбінде бір нәтиже шығарады. Жаңа айтып отырсыз, «бірінші өзімді емес, елді қуантуға асығамын» деп. Сонда суретке түсіру арқылы ләззат аласыз ба?

– Маған жұрттар «неге сен семірмейсің» дейді. Шынында да қазір жасым отыз сегізге келіпті. Осы фотографияның арқасы шығар бәлкім, үнемі ширақ қималдап жүремін. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, түздің баласы болып өстік қой, үйленгенше (күлді). Әйтеуір, тау тасқа да, батпаққа да қарамай дала кезіп жүре беріппіз. Иә, фотогорафиядан ләззат аласың. Егер белгілі бір ғажап, ел түсіре алмаған қайталанбас суретің болса. Оған өзің ғана емес, басқалар да сүйсініп қарап жатса, рахаттанасың. Бұл жерде қандай іс болмасын, шын көңілмен жасалған дүние міндетті түрде ойлағаныңдай шығады. Мейлі, қолыңа сыпыртқы алып, аулаңды сыпырсаң да.

– Өзіңіз секілді нағыз кәсіби маман болу үшін қандай жолдардан өту керек? Фотографияға бет бұрғысы келіп жүрген жастарға айтар кеңесіңіз.

– Еңбектенген адамның алар асуы қашанда биік болады. Бір сөзбен айтқанда тынымсыз адам өз дегеніне жетпей қоймайды. Біреудің түсірген суретін жан-жақты зерттеп, оның астарына үңіле білуі керек. Негізі, білімсіз адам – теңізге ескексіз шыққанмен бірдей. Қазір көбісі ақша тапсам деп бір-бір фотоапартты арқалап, жүгіріп жүр. Бірақ, қарап тұрсаң суретінің берері жоқ. Егер, алдымен теорияны жақсылап меңгеріп, практиканы сол алған біліммен бірге ұштастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Менің бір қателігім, кезінде осыған көп мән бермедім. Содан болар, Жеңіс Ысқабайдың сүрініп жүріп тәжірбие жинағаны. Бір жағынан ол да дұрыс. Талай мықты мамандардың алдынан өттім. Сонда олар суреттерімді көзімше шимайлап, кем кеткен жерлерімді белгілеп беретін. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді ғой, мені өсірген – сын. Құр босқа мақтай берген дұрыс емес. Бұл адамның әрмен қарай дамуына кедергі келтіреді. Және өз суретіңді де мақтамауың керек, оның бағасын ел береді.

– Қазіргі таңда өзіңіз секілді республикаға кеңінен танылып жүрген фотографтар бар ма? Болса, маман ретінде оларға қандай баға бересіз?

– Замандастарымның біразы үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді. Мәселен, Асқар Байжанов деген жігіт бар, енді суреттері тамаша. Спорт саласынан Данияр Майлыбаевты айтсақ болады. Бүгінде үлкен жарыстарға барып жүрген азаматтардың бірі. Шүкір Шахай есімді ағамыз премьер министрдің жеке фотографы. Той саласын Оңғарбек Алхаров, Мақсат Тұрсынбайұлынан артық ешкім түсіре алмайды деп баға берер едім. Олар жарыққа көп мән береді. Ардақ Төлеубай студияның һас шебері. Туындылары өте анық, сапасы жоғары.

– Бұл фотографтардың ұстанған өзіндік белгілі бір бағыты бар екен. Ал, сіз солардың жасап жүрген жұмысын бір кісідей атқара аласыз ба? Әлде…

– Мен әмбебаппын. Адам өз мамандығын жақсы көрсе, әр саланы болсын бағындыра алады. Негізі, суреттің сөйлеп тұрғаны дұрыс. Егер де тойды түсірсем ол жерден сезімді, махаббатты көрсетуге тырысамын. Мұның тәрбиелік жағы да бар. Мәселен, өзімнің фотоальбомдарыма ақындардың өлеңдерін қоса бастадым. Бұл жерде поэзиямен байланыс бар.  Яғни, табиғатты бейнелегенде астына тақырыпқа орай өлең жолдарын қосып қоямын.

Енді толық әмбебаппын деп те айтуға болмайды. Макро түсіруден әлі де кенжелеп келемін. Оған арнайы құрылғың және тәжірибең болуы керек. Макро дегеніміз – көзге көп елене бермейтін ұсақ жәндіктерді немесе басқа да заттарды үлкейтіп түсіру. Менде ол аспаптардың кейбірі бар. Бірақ, макро фотографтардың суретіне қараймын да, таң қаламын. Және солар сияқты түсіре алмаймын. Ол үшін іздену керек. Алайда, бұл арнайы зергерлік саласына керек болмаса, Қазақстанда мұнымен табыс таба алмайсың. Дегенмен, бүгінде басымдықты спорт саласына беріп жүрмін. Әлем чемпионаттарына барған кезімде шетелдік мықты-мықты фотографтардың өзі менің суретіме таңданыстарын білдіріп жатады. Бір әттеген-айы, ұрлық көп. Біреудің суретін біреу рұқсатсыз пайдалану қазір үйреншікті жағдай болып кетті ғой. Менің туындымды келісімімсіз алып жатса, әрине назымды білдіремін. Енді соттасуға болады, бірақ, түбінде кешіріммен қарайсың.

– Барлығымыз білеміз алғашында сіз фотограф ретінде танылдыңыз. Байқаймыз соңғы жылдары Жеңіс Ысқабай өзін басқа қырынан таныстырып жүр. Қолөнерге деген әуестік қайдан шықты?

– Мен атамның тұңғыш немересімін. Сақбай атам соғыстан кейінгі өмірінде совхозда ұзақ жылдар бойы жылқы бақты. Ол кісі өте шебер болған, қолынан келмейтін ісі жоқ. Қайыстан қамшы өріп, ер шауып және ағаштан тұрмысқа керекті түрлі бұйымдарды өз қолымен жасаған. Сол кісінің балалары оқымаса да әкесінің ізін қуып, шетінен шеберлікке жақын болды. Не жасаса да кез-келген істі керемет тындырып тастапты. Алайда, бұл өнерді көбісі елей бермейді екен. Жасаған бұйымдары ешқандай мағына бермесе керек. Тек, онысын ат әбзелдері секілді тұрмысқа қажетті дүние деп қана қабылдаған. Менің де атама ұқсағым келді. Жерде қандай бір ағаш жатса, әлгіні сүртіп, тазалап, жонып белгілі бір жануарларға айналдырып жіберетін ерекше талантым болды. Кейін бір кітаптан оқып білдім. Сөйтсем, оны ғылымда – «лесная находка» дейді екен. Әйтеуір қисық қыңыр ағашты көрсем болды, сипатына қарай отырып, бір нәрсеге ұқсастырып жіберуге әуес едім.

Білесіз жылқышының өмірі көшумен өтеді. Жазда жайлауға, қыста қыстауға дегендей. Әкем ағаштан неше түрлі заттарды жасайтын. Ол ойыншық болсын, қалам болсын тек ағаштан жонатын. Әлі есімде, (біз оны самолет дейтінбіз) бір күні әкем желге қойса айналып тұратын ерекше ойыншық құрастырды. Қазір оның атын «флюгер» дейді. Яғни, дарылдап айналып, желдің бағытын көрсетіп тұрады. Соның барлығы бала кезімнен менің санама сіңіп, есімде қалған. Енді қолөнерге бейімдігім қанымда да болар бірақ, әкемнің жасаған дүниелерін көру арқылы бұл шеберлік маған да дарыды.

Жоғары оқу орындарында жүргенімде гипспен және тағы басқа заттармен жұмыс жасадым. Соның ішінде жаныма жақын болғаны — ағаш. Білмеймін ағашпен жұмыс жасаған кезде ерекше ләззат алатыным бар. Оны жонып, кескен кезде шығатын иісінің өзі рахатқа бөлейді. Жұмыс барсында шаршайсың, қолыңды кесесің, бірақ, соңында нәтижесін көргенде өзіме көңілім толады.

Бүгінде өткен шағыма қайта оралудамын. Неге? Өйткені бала тәрбиесіне көңіл бөлу керек болды. Расын айтқанда, қазір кішкентайларымыз сырттан келген сапасы нашар ойыншықтармен ойнап жүр. Оның бала денсаулығына тигізер зияны да жоқ емес. Қарап отырып, бір күні бұл ойыншықтарды мен де жасай аламын ғой деген ой келді.

– Мәселен, бүгінгі балалар гаджеттерден бас алмайды. Олардың қолынан телефонды біржола алып қою мүмкін емес. Арасында көңілін ауландырып, оның денсаулығына оң әсерін беретін ойыншықтардың да болғаны жақсы ғой.

– Иә, келісемін. Менің бір көршім тербелмелі «жорғатай» ойыншығымды сатып алған. Айтуынша, әлгі ат жәй күндері бос тұрады екен. Ал, егер үйге келген қонақтардың балалары соған мініп, тербеліп жатса ұлының қызғанышы оянып, таласатын көрінеді. Міне, осының өзі балаларға әсер етеді. Бүгінде бұл ойыншықтың бірнешеуі сатылып үлгерді.

– Сонда ойыншықтың қанша түрін жасап шығардыңыз? Әр қайсына жекеше тоқталып өтсеңіз.

– Біреуі жаңағы «жорғатай». Одан кейінгісі «дігідік-дігідік» деп аталады.  Есіңізде ме, бала кезімізде шыбық сындырып, оны бұттың арасына салып, жүгіріп ойнаушы едік қой. Бұл соның дамыған үлгісі. Мұның ерекшелігі сол, таяқтың ұшында шынайы атқа ұқсайтын басы бар.

Ал, «куа-куаның» атқаратын функциясы көп. Ол өзі әткеншек, кері айналдырсаң көпір. Керек десеңіз баламызбен үйде шағын футбол ойнасақ, қақпа да болып бере алады. Алғашында мен мұны интернеттен көріп, кейін дизайнын жетілдіре түстім.

Сонымен қатар «игөгөк» деген төртінші түрі бар. Түгелдей ағаштан жонылып жасалатын бұл ойыншық көбіне жасқа толмаған немесе еңбектеп жүрген сәбилерге арналған. Мен мұның барлығын бастапқыда өзімнің балаларыма арнап жасадым. Кейін әлеуметтік желіге ойыншықтардың суреттерін салған кезде елдің қызығушылығы артып, сұраныс бола бастады. Яғни, бала кездегі әуесқойлығым бүгінде кәсіпке айналып жатқан жайы бар.

– Шынымен де сіздің жасап жатқан мына дүниелеріңіз көз қуантады. Алдағы уақытта өнімдеріңізді нарыққа шығару жоспарыңызда бар ма?

– Бар. Бірақ, мұны үлкен бизнеске айналдыру үшін үлкен қаражат керек. Қазір менде қолбайлау болып тұрған осы мәселе. Ағаштарды сатып аламын. Айта кететінім, бізде Қазақстанда ағаш жоқтың қасы, барлығы дерлік Ресейден келеді. Ойлаңыз, сырттан алынған заттар отандық өнім болмағасын бағасы қашанда қымбатқа түседі. Осыған қарамастан алдағы уақытта қолға алған осы ісімді дамытсам деген ниет бар. Келешекте ағашты кесіп, оны жону сынды қара жұмыстарды біреуге арнайы жасатпақпын. Мен, тек компьютер арқылы сызбасын дайындап, жобасын түсіндіріп беремін. Одан кейінгі сырлау, әрлеу сынды жұмыстарын да басқа адамдарға істету ойымда бар.

Қазір адамдардың көбісі бизнес деп біреуден алған затына үстіне ақша қосып сатып жүр. Шындап келгенде бұл кәсіптің жеңіл түрі. Ал, өндіріс ошағын жасау өте күрделі. Оның қиындығы сол, сіз өзіңізге ғана емес, басқаға да жұмыс бересіз. Одан бөлек, бір тауарды жасап шығару үшін жан-жақты ізденіс керек. Қазір керекті құрылғылар жоқ емес, бар. Тек, соны сатып алатын қаражатың болуы тиіс.

– Шикізатты сырттан аламын, бағасы қымбат деп отырсыз. Егер үлкен нарыққа шығып жатсаңыз ойыншықтар өзін-өзі ақтайтынына сенімдісіз бе?

– Ақтайды, егер оның өнімі көп болса. Мысалы, мен әрбір затты жасағанда кем дегенде он данасын дайындаймын. Және сұраныс көп болуы үшін балаларға қызықты қылып, әрі сапалы етіп шығарамын. Нарыққа шығу үшін мұның тағы бір жолы бар. Егер мына сызбаларымды Қытайға апарып, жасатсам маған үш-төрт есе табыс әкелуі мүмкін. Бірақ, оның сапасына кепілдік бере алмаймын. Бүгінде көптеген ірі кәсіпкерлер тауарларын шетелде жасатады. Яғни, бағасы арзан болғасын солай тиімді. Ал, біздің елде барлығы қымбат. Өзім де білемін менің өнімдерімнің құны өте жоғары екенін. Дегенмен, оның сапасы, соған сай.

– Түсірген суреттеріңізді елге сыйға таратқанды жақсы көремін деп өттіңіз. Ал, мына қолдан жасаған бұйымдарыңызды біреуге тегін беріп жіберген кездеріңіз болды ма?

– Сыйға тартқанды жақсы көргенмін. Осылай айтуға болады (күлді). Қазір бұрынғыдай ақ көңіл емеспін. Сыйлық жасау дегенді аздап тоқтатып келемін. Себебі, мен мұны кәсіп деп алдым ба, оның өтемі болуы керек. Егер біруге сыйлық жасау үшін күнімен ағаш жонып, түнімен компьютерде оның жобасын сызып отыруым керек болады. Демек, үлкен күш жұмсалады. Қандай жағдай болмасын оның еңбекақысы болуы заңдылық. Әрине, жақын тұтқан адамдарға сыйлаған кезім болды. Ал, қазір кешіріңіздер (күлді). Бала-шағамның аузынан жырып, жұбайыма бірде айтып, кейде айтпай ағашты сатып аламын. Оның барлығы қып-қызыл ақша ғой. Мысалы, «жорғатайым» 15 мың теңге, мұны Қытайдың тауарымен салыстырып көріп едім бағалары пара-пар екен. Ал, құрбақаға ұқсас «куа-куа» 20 мыңды құрайды. Шетелде де дәл осындай ойыншықтар бар, олардың сапасы төмен. Бірақ, бізге келгендегі бағасы 30 мыңнан жоғары. Балалар бұтқа салып шауып онайтын «дігідік-дігідігіміз» 5 мыңнан саудалануда. Соңғы жасаған «игөгөгім» әлі сатылған жоқ, себебі оның бір ғана данасы бар. Бұл ойыншық басқаларына қарағанда жасалуы жағынан күрделірек. Толықтай ағашты жонуға тура келеді. Оның санын көбейтудің бір ғана жолы бар – арнайы құрылғының көмегіне жүгіну. Егер жоспарым іске асып жатса, ойыншықтың бағасын 10 мыңнан асырғым келмейді. Алайда, оны табиғилығы жағынан алып қарайтын болсақ, төртеудің ішіндегі ең құндысы осы болуы тиіс.

Алла сәтін салса, алдағы уақытта өзіме шағын бір өндіріс орнын ашқым келеді. Мақсатым – осы ойыншықтарды әрмен қарай дамыта түсу. Қазір біздің елде бұл сала ақсап тұр. Ол үшін қомақты қаражат жинауым қажет. Кейде үйдегі келіншегім «ақшаны көп құртасың, балаларға, үйге алатын заттар көп» деп өзінің назын білдіріп жатады. Бұйыртса, оның барлығы да болады. Тек, өз ретімен. Жалпы, мен дүниеге қызықпайтын адаммын. Ақша қашан келеді? Егер тынбай еңбек етсең, дүниенің өз-ақ соңыңнан жүгіреді. Ал, фотография маған осыған көмектеседі. Қолымнан шыққан заттарды суретке түсіріп, жарнама жасаймын.

– Балалар ойнайтын аулалардың сынған жерлерін өз еркіңізбен жасап жүр екенсіз. Біз мұны фейсбуктағы парақшаңыздан байқап қалдық…

– Бір күні аулаға шығып, балалар ойнап жүрген алаңға барып едім, сынып жатқан дүниеге көзім түсті. Білесіздер бүгінде жаппай аулаларды жаңғырту үстінде. Өзім шебер болған соң ба, шыны керек әлгіні көріп, қарным ашатыны рас. Әрине, бастапқыда барлығы жаңа болады. Алайда, бала басқанның өзінде сынып кететін затты қалай сапалы жұмыс дерсің..? Бір жағынан мұның барлығын мемлекетке де жаба беруге болмайды ғой. Ойнайтын балалар. Демек, оны сындыратын да сол ауланың кішкентайлары. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Құдай сақтасын ертең менікі болмаса да, басқа біреудің баласы ойнап жүріп жарақат алып қалуы әбден мүмкін.

Үйдің жертөлесінде жұмыстан қалған бірнеше ағаш материалдарым болатын. Сонымен әлгі сынған жерді қатырып тұрып жасап кеттім. Енді қираса, ол емес басқа жері сынуы мүмкін. Себебі, қалың ағашпен қаптап, оның үстін маймен сырлап тастадым. Егер ағаш осылай сырланса, ол барлығына да төзіп береді.

Біз бір ғана нәрсені ұғуымыз керек. Ол алаң кім үшін? Әрине, балалардың игілігіне жасалған дүние. Мемлекет сынған жерді күнде келіп, жөндеп бере алмайды ғой. Сондықтан, өзің істемесең оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. ПИК (пәтер иелері коперативі) оны-мұны сылтауратып, созып жүре береді. Мен мұнымен нені көрсеткім келді? Яғни, әр ата-ана өзінің баласы үшін осындай жағдайларда үнемі қолұшын созуы керек.

– Балаларыңыздың болашағын қалай елестетесіз? Сіз жүрген жолды таңдағанын қалайсыз ба?

– Егер қалап тұрса, қарсы емеспін.. Негізі ата-ана балаға еркіндік бергені дұрыс. Бірақ, жол көрсетіп жіберуіміз керек. Баланың қиялымен санасқан да жақсы. Ол кімді жақсы көреді? Қандай нәрсеге икемі бар? Осыған ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Бала соның ішінен өзі таңдап алады.

– Әлеуметтік желіге қанша уақытыңызды бөлесіз?

– Енді барлығы демей-ақ қояйын бірақ, бүгінде көбісі осыған тәуелді ғой. Мен көбіне әлеуметтік желіні насихаттаушы құрал ретінде пайдаланамын. Мәселен, жарыстан кейін түсірген суреттерімді өзімнің парақшама жүктеймін. Сол арқылы телефонға телміріп отырған жастарға мотивация бергім келеді. Сондай-ақ, жарнама жағынан да өте тиімді.

– Кітап оқисыз ба?

– Оқимын. Бірақ, көбіне басын бастаймын да соңына дейін бармаймын. Уақыт жоқ. Фотограф болғаннан кейін компьютермен доспын. Прозадан Ілияс Есенберлиннің «Кенесарысын» ғана оқыдым. Негізі, поэзияға үңілгенді жақсы көремін. Бір жағынан ол менің жұмысыма керек. Мәселен, қазір «Қазақстан барысын» жасап отырмын. Суреттің соңына бір рухты көтеретін өлең шумағын қыстырып қоямын.

– Өмірде опық жеп, «қап, әттеген-ай» деген кездеріңіз болған шығар?

– Өмір онсыз қызықсыз. Адам қателесіп жүріп түзеледі.

– Неден қорқасыз?

– Құдайдан және қарызға батудан қорқамын.

– Сіз үшін бақыт деген не?

– Егер біреуді шынымен қуанта алсам, сол мен үшін нағыз бақыт.

– Өмірде адамдар әр түрлі топқа бөлінеді. Соның бірі – жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретіндер. Олар оңай олжа табуға тырысады. Болмаса, өзінің жұлдызы жанар сәтін күтумен өткізетіні хақ. Мұны бос қиял делік. Енді біреулер бар «алма піс, аузыма түс» дейтін жатыпішерлер. Хәкім Абай «қарны тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деп кетті ғой. Құдай осыдан сақтасын. Мен осы тұрғыда сіздің еңбекқорлыңызға тәнті болып отырмын. Алла қолыңызға қуат берсін деп әңгімемізді аяқтайық. Дегеніңізге жетіңіз!

– Рахмет!

 Сұхбаттасқан Данияр САҒЫНДЫҚ.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here