Талдықорған – Жетісудың жүрегі

0
335

Талдықорған жыл сайын ажарланып, дамуда. Бүгінде қала халқының саны 173 мыңнан асады. Ағымдағы жылдың 8 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 44,6 млрд. теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылыс жұмыстары да  қарқынды жүргізілуде. Оған дәлел шаhарда 47,3 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Осы және өзге де  жаңалықтар Қала күні мерекесінде мәлім болды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев “Қала күні – ол тек мерекелеуге себеп қана емес, есеп беріп, қорытынды жасаудың бір мүмкіндігі” деген еді. Осы орайда талдықорғандықтар мерекені кең көлемде атап өтіп, жағымды жаңалықтар легімен танысты.

Фото авторы А.Нұршанов
Фото авторы А.Нұршанов

Ең әуелі шараға арнайы келген құрметті меймандар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев “Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ” атты жоғарғы және  орта оқу орындарының, өндірістік мекемелер мен шағын және орта бизнес нысандарының, өлкеміздің суретшілерінің, денсаулық сақтау салаларының жетістіктері бойынша көрмені тамашалады.

Фото авторы А.Нұршанов

Сондай-ақ, ұзындығы мен ені 3 метр болатын  мерекелік тәтті торт пен пиццадан дәм татты. Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы “Біз “Жастар” саябағын жалынды жастарымыз бен қазыналы қарттарымыз бос уақытын осындай тамаша орында өткізсін деп арнайы салғанбыз. Музыкалық субұрқақ, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ескерткіші және 92 метрлік көк Туымыз мәдени демалыс орнының шырайын одан әрмен көркейтуде. Бұл жердің гүлденуі мен өркендеуі үнемі менің бақылауымда. Жуырда осы маңайдан мемлекеттік және жекеменшік серіктестік негізінде жүзу бассейні мен жеңіл атлетика манежінің құрылыс жұмыстарын бастаймыз”-деп атап өтті.

Фото авторы А.Нұршанов

Мерекелік жиын “Жетісу” стэлласы мен жеті өзенді бейнелеген сахналық қойылыммен басталды. Салтанатты шарада сөз алған Амандық Баталов қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.

Фото авторы А.Нұршанов

– “Жетісу жүрегінің” мерекесі – әр талдықорғандыққа қуаныш сыйлайды. Осындай салтанатты күні баршаңызға шаттық пен бақыт, әр шаңыраққа береке тілеймін. Алатаудай асқақ, жер жаннаты – Жетісу төріндегі Талдықорғанның келбеті күн санап көркейіп келеді. Шаhарымыздың күн сайын жаңарып, гүлденіп жатқаны бәріміз үшін зор мәртебе. Біз ежелден бақ-береке, құт қонған жерімізді мақтан етеміз. Отанға, туған жерге, елге құрмет көрсету – туған ауылды, туған қаланы сүюден басталары сөзсіз. Сіздер де сұлу қаламыз  Талдықорғанның өркендеп дамуына, жарқырап жайнауына үлес қосып келесіздер. Сол үшін Сіздерге үлкен алғыс білдіремін! Табиғаты әсем, жасыл қала сәулеті асқан, тамаша, көрікті шаhарға айналды. Тарихы тасқа тұнған қазақтың әр даласы бір шежіре. Жеті өзені тасып, мерейі асып жатқан Жетісу жері – біздің алтын қазығымыз. “Жақсы сөз – жарым ырыс” демекші, біздің мекенге ат басын бұрған әр қонақ “жұмақ жер” деп мақтайды. Біздің осындай жерде тұрып жатқанымыздың өзі бақыт. Талдықорған қарыштап дамып, мәртебесі биіктей берсін!

Фото авторы А.Нұршанов

Мереке барысында Джакартада өткен Азия ойындарында жеңіске жеткен спортшыларды құттықтап, Ділдәш Күрішбаеваға пәтер кілтін табыстады.

Фото авторы А.Нұршанов

Сонымен қатар қала әкімі Дастан Тұрарбекұлы қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлесін  қосқан бірқатар азаматтарға “Талдықорған қаласының Құрметті азаматы” атағын табыстап, “Ең үздік” байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Фото авторы А.Нұршанов

Жетісулықтар қуанышына ортақтаса келген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, аты аңызға айналған “Дос-Мұқасан” ансамблі мен эстрада жұлдыздары “Жігіттер” квартеті әсем әннен шашу шашты.

Фото авторы А.Нұршанов
Фото авторы А.Нұршанов

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here