Парасат падишасы — Бәтима ана

0
198

Алматы облысының құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, Жетісу өңірінің өркендеуіне ер азаматтармен иық  тірестіре үлес қосқан ел анасы — Бәтима Сақауованың өмірі мен еңбегінен сыр шертер кітап оқырманға жол тартты.

 «Бәтима ана» деп аталатын  жинақтың жобалаушы авторы — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов, ал баспаға дайындаған  ҚР Мәдениет саласының қайраткері, белгілі қаламгер Күмісжан Байжан. І.Жансүгіроа атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Бәтима ана» кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Жиынды  облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы  Әміре  Әрін жүргізді. Жетісудың идеологиясының мығым болуына, әлеуметтік дамуына бар күш-жігерін жұмсаған, парасаттылық пен адалдықтың үлгісін көрсеткен жан -Бәтима Есболатқызын көпшілік «Жетісудың анасы» деп құрметпен атап кеткен. Ол жайында айтылар естеліктер көп болды.  Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан  Әбдуәлиев, белгілі журналист   Нұртілеу Иманғалиұлы, І.Жансүгіроа атындағы ЖМУ ректоры, профессор Қуат Баймырзаев, Жомартқали Жексембінов,, Күмісжан Байжан  Бәтима апамыз жайлы  жылы лебіз білдірді.

Бәтима Сақауова  жайлы жарық көрген кітап төрт тарауға бөлінген. «Өсиетті өмір» атты бірінші бөлімінде   Бәтима анамен  бірге қызмет атқарған  азаматтардың естеліктерімен  таныса аласыз. «Жақсылардың парызы» тарауында журналистердің газет-журнал бетіндегі мақалалары топтастырылған. Ұлт жанашырының өз қаламынан туған  әртүрлі тақырыпты қозғаған мақалалары да бар. Естелік кітаптың соңғы бөлімі қайсар ананың өмірден озуына байланысты көңіл айту хаттарымен түйінделіпті.

 Сонау 1986 жылғы  желтоқсанның ызғарында Алматыда болған толқуға үн қосқан талдықорғандық жастарды қызыл саясаттың шеңгелінен сақтап қалған Бәтима ана еді. Алаңға бет алған жастарға ашық машинаның үстінде тұрып, жалынды сөз сөйлеп, басындағы ақ орамалын ту етіп көтеріп: «Қазақ  ұландары, қазақ қыздарының анасының, апасының ақ  жаулығын  ешқандай заманда тоқтау айтқан кезде аттап кетпеген. Тоқтаңдар!» деп мыңдаған жасты солақай саясаттың сойылынан аман алып қалған айбатты апамыз еді.  Осы жылы 92 жасқа қараған шағында дүние салды.   Танымал тұлғаның  әрбір басқан ізі ғибратқа толы.  Өнегесі, жақсы істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.  Кітап облысымыздың кітапханалары мен мұражайларына  сыйға берілді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here