Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Қаратал өзенінің жағалауында «Сүйікті қалам» атты ретро әндер кеші өтті. Концерке қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары арнайы келіп, өнер көрсетті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Кеште Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков, Марат Омаров, Жанар Айжанова, Мирас пен Құралай, Жұбаныш Жексенұлы және «Талдықорған әуендері» халықтық, фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншілері қала тұрғындарының құлақ құрышын қандырып, тамылжыта ән шырқады.

Күздің жайма шуақ кешінде концертке жиналған халықтың қарасы көп болды. Әншілер талдықорғандықтарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Жұлдыздар тарапынан сахынаға алғаш болып шыққан Ақжол Мейірбеков «Дос Мұқасан» тобының репертуарындағы танымал әндерін попуриге салып, жұртты бір билетіп алды.

Ал, Марат Омаров өзінің «Алғашқы махаббаты» мен үлкендердің жастық шағын еске түсірсе, «Достарым» әнімен Жанар Айжанова кеш көркін қыздырды.

Өз кезегінде зор дауыстарымен ортаға шыққан Мирас пен Құралай да жұрттың көңілін көтере білді. Сондай-ақ, «Ауылым аңсадым» деп әуелетіп ән салған Жұбаныш Жексенұлы туған жерге деген сағынышымызды оятып тастады.

Жалып, концертке жиналған өнерсүйер қауым, соның ішінде аға буын әншілердің әнін тыңдап қана қоймай, естен кетпес ескі де есті әндерді қосыла шырқап, би биледі.

Кеш барысында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев сахына төріне шығып, жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады. Алыстан ат терлетіп келіп, талдықорғандықтарға естен кетпес кеш сыйлап жатқан жұлдыздарға өзінің ризашылығын білдірді.

Ретро әндерден рухани сусындаған жұртшылық ұйымдастырушылар мен өнер азаматтарына алғыстарын айтып тарқасты.

Айта кетейік, қала күніне арналған мерекелік шаралар 4-ші қыркүйектен басталған еді. Әр түрлі шығармашылық байқаулар, концерттер мен спорттық сайыстар, әлеуметтік нысандардың ашылуы биылғы мерекенің сәнін кіргізетін болады. Ал, негізгі мереке 29-шы қыркүйекке жоспарланған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here