Талдықорғанда мектеп- лицей жаңартылуда

0
141

Оқушылардың сапалы білім алып, әлемдік білім кеңістігіне емін-еркін енуі – түптеп келгенде ұстаздар біліктілігіне, заманауи талаптарға  сай мектептің материалдық-техникалық базасына байланысты екендігін Елбасы атап көрсетті. Биылғы оқу жылында Талдықорған қаласындағы  М.Ломоносов атындағы орта мектеп–лицейі мен №13 орта мектептің ғимаратында күрделі  жөндеу жұмысы қолға алынды.

 Күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған  №5 орта мектеп-лицейі білім ошағы екі бөліктен тұрады. Тарихы  тереңде жатқан мектептің  екі қабатты  бөлігі  сонау 1964 жылы, ал кейіннен 4 қабатты ғимараты 1994 жылы қолданысқа берілген. Осы  қолданысқа берілген кезден  күрделі жөндеуден өтпеген білім ошағы қайта жаңғыртылуда.

 «Нұр Шапағат Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас мердігер  ретінде  оқу ордасының күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алыпты.

Құрылыс басына арнайы барып, атқарылып жатқан істермен танысып қайтқан едік. Жөндеу жұмыстары қызу қарқынды. Жалпы  барлық құрылыс жұмысына  474 миллионның үстінде қаражат қарастырылған.

Бақытбек Абдекеев, құрылыс алаңының бастығы:-  Күрделі жөндеу жұмысы оқу жылы аяқталмастан сәуірдің аяғына қарай басталған болатын. Күрделі жөндеу жұмысына мектептегі барлық есік -терезені  ауыстырып, жылу, жарық, су мен кәріздік жүйелерді  түгелдей жаңарту,  аула ішін абаттандырып, кіреберіс жақты қоршау, спорт алаңын жабдықтау жұмыстары қолға алынған.

Құрылыс алаңында   170 құрылысшы   жұмыс жасауда. Құрылыс материалдарын отандық компаниялардан алудамыз.  Бүгінгі күнге дейін пластик терезелерді талдықорғандық құрылыс мекемесінен тапсырыспен алдық. Басты айтарым – бұл  ғимарат ішіне  жаз — қыс маусымдарына лайықталған  желдеткіш құрылғы орнатылуда.  Оның тиімділігі —  жазда салқындатыш, қыста  жылу береді.  Иә, жаңа оқу жылына  25 тамызға дейін жұмысты еңсеруіміз керек деген құрылысшылар  өздерінің жұмыстарын тиянақты жасауға тырысып бағуда.

 Сылақшылар бригадасы ғимарат сыртына сылақ жасаса,  енді бір тобы кафель төсеу, жарық сымдарын жүргізіп, қарбалас үстінде. Бұрындары   мектеп ғимаратының тек 1-ші қабатының  дәлізінде  су ағып тұрса, енді әр кабинетке таза су енгізіледі.

Гүлмира Ахметова, Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-гимназиясының директоры:  

— Білім ошағы 1350 оқушыға арналған, оқу жылын  2400 оқушмен аяқтадық. Жаңа оқу жылына 300 -ге жуық 1-ші сыныпқа бүлдіршін келеді деп жоспарлануда. Мектепте 140 орындық асхана  бар. Осы кезге дейінгі басты мәселе асханадағы  желдеткіш  жұмыс жасамай тұрған. Күрделі жөндеу нәтижесінде жаңа желдеткіш құрылғысы орнатылып жатыр. Мектеп ауласындағы спорт алаңы да жасыл желекпен жабдықталып, балалардың сабақ уақытында, бос кезінде спортпен шұғылдануларына  жағдай тумақ.  

 Мектепте 150-ге жуық педагог қызмет етеді. Жазғы демалыс кезінде оқушылар лагерлерде демалса, ұстаздар біліктілігін көтеру курстарынан өтуде. .

Сонымен қатар күрделі  жөндеу кезінде  химия,   физика кабинеттерінде оқушылардың зертханалық жұмыстар жүргізуі үшін әр партаға су және электр жүйесі тартылмақ.

Күрделі жөндеу жұмысымен қатар, мектептің материалдық-техникалық базасын жетілдіру мақсатында бюджеттен 21 млн.теңге қаражат бөлінді. Ғимараттың  ішіне  жабдықтар , оның ішінде   парталар мен орындықтар, кабинеттерге жиһаздар алынуда. Заман талабына сай білім беру үшін экрандар мен проекторлар, көшірме құрылғыларына да сұраныс беріліп, жабдықталуда. Сондай-ақ, оқушылардың сабақ арасында тынығуына жағдай қарастырылып, мектеп дәліздеріне  жұмсақ  жиһаздарға да сұраныс берілді. Ең бастысы мектептегі спорт жабдықтары толық жаңартылады. Гимнастика, волейбол, баскетбол және үстел теннисіне қажетті жабдықтар да сатылып алынады.   

 Сонымен, жаңа оқу жылында оқушылар заманауи оқу кабинеттерінде оқиды. Құрылыс жұмысының негізгі бөліктері аяқталып қалған. Ата- аналарға айтарымыз —  Ломоносов атындағы  №5  орта мектеп –лицейде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығына байланысты мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерді №25 орта мектептің ғимаратынан табасыздар.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here