Бүгін талдықорғандықтар еліміздің жалынды спортшысы, қазақтың маңдайына біткен талантты ұлы Денис Тенге арнап, еске алу шарасын өткізді, — деп хабардайды taldykorgan-online.kz

Спортшыға құрмет көрсету шарасы «Жастар» спорт кешенінің алдында өтті. Жиналған қауым марқұмның суретіне гүл шоқтарын қойып, майшамдар жақты. Еске алу шарасына келгендер осылайша спортшының туыстары мен жақындарына қайғырып, көңілдерін білдірді.

«Мұзда мәнерлеп сырғанауды жанына серік еткен Денис Теннің қазасы барша жұрттың қабырғасын қайыстырып кетті. Ол еліміздің намысын әлемдік ареналарда қорғай жүріп, мақтанышымызға айнала білген жалынды спортшы. Бүгін еліміздің бірнеше қаласында еске алу шарасы өтуде. Осы орайда талдықорғандықтар да бұл қайғылы оқиғаға ортақ екендіктерін білдіреді. Марқұмның туыстарына көңіл айтамыз», — деді қала әкімінің орынбарасыры Марлен Көлбаев.

Айта кетейік, мұзда мәнерлеп сырғанаушы, елге Еңбегі сіңген спорт шебері Денис Тенді кеше Алматы қаласындағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында автокөлік қарақшылары пышақтап кеткен еді. Ішкі істер органдары таратқан мәліметке сүйенсек, ол көлігінің айнасын ұрламақ болған ұрылардың үстінен түскен. Ауыр жарақат алған спортшы ауруханада көз жұмды.

Ертең, спортшымен қоштасу рәсімі өтеді.

Денис Тен – 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль жүлдегері, VII қысқы Азия ойындарының және Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here