«Әскери қызмет — әрбір азаматтың ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деп даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы — Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, бүгінгі күні Қазақстан әскерінің халықаралық деңгейде көрінуіне біздің де жерлестеріміз үлес қосуда. Отанына қалтқысыз адал қызмет етуді өзінің қасиетті борышы санап, еліне абыроймен қызмет етіп жүргендердің арасында жерлесіміз — Бұйзақов Еділ Бағланұлы да бар.

Ол Алматы облысы Кербұлақ ауданы Шоқан ауылында дүниеге келген. Сол ауылда балалық шағын өткізіп, он бір жылдық мектепті аяқтаған соң, Кербұлақ қорғаныс істері бөліміне келіп, өз тілегімен әскер қатарына шақырылды. 2017 жылдың мамыр айында Аягөз қаласында орналасқан полковник Т.Әміреев мырза басқарып отырған 10181 — ракета және артиллериялық әскери бөлімінде қызмет атқарды. Әрбір сарбаздың басты міндеті — Отанға адал қызмет ету. Осы қағиданы көкейіне тоқыған Еділ аға көздеуші мамандығын тез меңгеріп алды. Әскери бөлімді жоғары жауынгерлік әзірлікке келтіру кезінде, далалық оқу-жаттығуда табандылығымен ерекше көзге түсті. Осы талмай еңбектенуі арқасында алғашқы «ефрейтор» кезекті әскери атағын да достарының алды болып алды.
Осылай Еділ Байұзақов туған жеріне абыроймен оралды. Отан қорғау ісін шынайы ниетпен оқып үйреніп, білімін практикада жоғары іскерлікпен қолдана білді. Оның Отан қорғау саласында жасаған адал еңбегі және келешек жас сарбаздарды оқытып үйретудегі ісі командир мен бастықтар тарапынан жоғары бағаланды. «Өзін тәртіпті, тәрбиелі, адал, білімі жоғары, әскери техникамен қару — жарақты жетік меңгерген, ел басына күн туған жағдайда қолына қару алып, «елім» деп ерен еңбек ететін Қазақстан Республикасының Азаматы ретінде көрсетті» деген, Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығынан «АЛҒЫС ХАТ» алды.
Бұл «Алғыс хат» көңілімізге мақтаныш сезімін ұялатты. Мемлекетіміз жаңадан гүлденіп, бой көтеріп келе жатқан шақта тамырының терең, тұғырының берік болуына өз үлесін қосып, абыроймен борышын өткеріп келген азаматымыз Байұзақов Еділ Бағланұлы Күреңбел жастарына үлгі болады деп ойлаймыз.

Б.Ыдырысов,
Кербұлақ ауданы қорғаныс істері
жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here