Қоғамдық тәртіп — тыныштық кепілі

0
227

23 маусым — Қазақстан Республикасының полиция күні. Осыған байланысты облыс орталығы  Талдықорғанда салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы Амандық Баталовтың  қатысуымен өткен басқосуда алдымен өмірден озған ішкі істер саласы қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды әріптестері бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

фото А.Нұршанов

Осыдан соң облыс әкіміне ІІД мемлекеттік тіл мен ақпарат базасындағы жаңадан жабдықталған телеарна қызметінің жұмысы таныстырылды. Жиналған қауым алдында сөз алған Амандық Ғаббасұлы: «Біз бүгінде ішкі істер саласының қызметіне баса мән беріп, қаржылық қиындықтарын шешіп, жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Атап айтсақ, қазір аймағымыздағы учаскелік полицияның қызметтік нысаны мен тұрғын үйді бірге салу сынды тың бастама қолға алынған. Бұл басқа еш жерде жоқ қолайлы жағдай. Өткен жылы 54 пункт салынды. Енді 2018-2019 жылдары дәл осындай 220 нысан салынатын болады. Сонымен бірге аймағымыздағы ішкі істер саласы 90 пайызға заман талабына сай жабдықталып, басқа да қызметтік көліктермен толықтай қамтамасыз етілген. Сондықтан қоғамдық тәтіп  — тыныштық кепілі. Ішкі істер саласының мамандары түрлі қылмыстың алдын алып, өз міндеттерін ойдағыдай атқаруы тиіс» – деп атап айтты. Осы орайда облыс әкімі департаменттің қару-жарақ мұражайын аралап, орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік шараға ат басын бұрды. Думанды басқосуда бірқатар үздік полиция қызметкерлеріне арнайы атақ беріліп, түрлі марапат пен 100 автокөлік кілті табыс етілді.

Фото А.Нұршанов

Дәл осындай мерекелік шара Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев, Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевтың қатысуымен шаһардағы «Жастар» саябағында да өтті. Басқосуда Ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған жас қызметкерлер ант қабылдап, Ләззат Махатұлы тәртіп сақшыларын кәсіби мерекесімен  құттықтап, қалалық полиция қызметкерлеріне жаңа автокөлік кілтін ұстатты. Сөз кезегінде қала әкімі Дастан Шалтабаев: «1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдаған еді.  Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Қазақстан полициясы күні — осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінгі күні тынбай қызмет етіп жүргендерге қала әкімдігінің атынан ризашылық пен алғыс білдіремін» — деді. Осыдан  кейін Дастан Тұрарбекұлы қалалық Ішкі Істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Қанатайұлы Сансызбаевқа Талдықорған қаласының «Құрметті азаматы» атағын ұсынды.

фото А.Нұршанов

Жиында Талдықорған қалалық Ішкі Істер басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Сансызбаев қала әкімі Дастан Шалтабаевты және оның орынбасары Мәрлен Көлбаевты Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының 25 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады. Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here