7 адам құтқарылды

0
231

Үстіміздегі жылдың басынан бері Жетісу өңірінде 8 төтенше жағдай орын алып, 11 адам зардап шеккен. Бұл туралы Талдықорған қаласындағы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған «Алматы облысының суға шомылу маусымындағы қазіргі жағдайы» тақырыбындағы баспасөз-мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департамені жедел-құтқару жасағының басшысы Сайлаубек Чарапиев: «Биылғы қаңтар айынан бері аймақта 7 адамның өмірі құтқарылды. Нақтырақ айтсақ, оның 4-і қыс мезгіліндегі балық аулау кезінде мұз ойылып кетіп өміріне қатер төнгендер. Ал, 3-і жақындағы суға шомылу маусымы басталғалы орын алған оқыс оқиғалар. Сонымен бірге екі адам суға тұншығу салдарынан көз жұмды. Бұл негізінен Қапшағай көлінің маңындағы суға түсуге тиым салынған жерлерде болған. Қазіргі кезде Балқаш пен Алакөлде су толық жылына қоймағандықтан суға шомылушылар аз. Алдағы уақытта демалуға баратындардың саны артатыны анық. Осыған байланысты, біз түрлі алдын-алу шараларын қамтамасыз етумен қатар тұрғындарға сақ болуды ескертеміз» — деді.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Серікжан Тұраровтың айтуынша, бүгінде аймақтағы қауіпсіздік қызметін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, аймақтағы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы 106 адамды құрайды. Олар негізінен заманауи үлгіде жабдықталған 50-ден астам түрлі техникалармен, 30-ға жуық жол талғамайтын көліктермен қамтылған. Енді бұл құрамдағылар Балқаш, Алакөл, Қапшағай су қоймасы мен Талдықорған аумағындағы жағажайлардағы оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда  көмек көрсетуге дайын.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here