Он сегіз мың ғаламды жоқтан бар еткен Алланың құдыретінде шек жоқ. Оның кереметтері жайлы айтып та, жазып та тауысу мүмкін емес. Әр нәрсені біліп, бақылап тұру сипатына ие Ұлы Жаратушының адам баласына һәм өзге де жартылыс иелеріне берген нығыметтерінде есеп жоқ. Құрметті оқырман, қасиетті Рамазан айында назарларыңызға Аллаһ тағаланың біз біле бермейтін бірнеше ғажайыптарын назарларыңызға ұсынамыз.

 «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бір һәм бар екендігін) білдіретін айқын дәлелдер бар»

 «Әли Ғимран» сүресі

Дүрсүлдеген жүрек

Дүниедегі ең керемет мотор-көкірегіңіздің сол жағында орналасқан жүрегіңіз. Жүрегіміз ерекше жүйесімен,тоқтаусыз соғуымен тәулігіне денеміздегі қанды 1000 рет толық айналдырып шығады екен. Жүрек бір сағатта орташа көлемді жеңіл көлікті 1 метр жоғары көтеретіндей қуат бөліп шығарады. Жүректің қанды айдаған кезде қолданатын күші өте қуатты. Осы күш арқылы қанды 3 метр биіктікке ытқыта алады. Жүректің ең бір ерекше қасиеті-өмір бойы үздіксіз жұмыс істеуі. Осы тұрғыдан алғанда, оны дүниедегі тоқтамай, демалыссыз жұмыс істейтін теңдессіз мотор деуге болады. Жүрек-шамамен минутына 70 рет, бір жылда 37 миллион рет соғып,үнемі қозғалыста болатын жалғыз ағза.

Адамның орта өмірі бойынша 2,5 миллиард рет соға отырып, 300 миллион литрдей қан айдайды. Ұйықтап жатқан уақыттың өзінде жүрегіміз сағатына 340 литр қан айдайды екен. Алақаныңызды қанша минут үздіксіз ашып-жұмып тұра аласыз? Алақан бірнеше минуттан кейін-ақ талып, бұл әрекетіңізді тоқтатуға мәжбүр боласыз. Ал енді өмір бойы жүрегіңізді бір мезет тоқтатпастан, денеміздің түкпір-түкпіріне  сағатына жүздеген литр қанды айдатқызып тұрған қандай күш? Бұл кездейсоқтық па? Жоқ әлде…

Бал арасы

«Раббың бал арасына:

«Таулардан, ағаштардан және адамдардың  салған күркелерінен ұя жасап ал. Сосын әр түрлі жемістерден же де, Раббыңның саған оңтайластырған жолымен жүр»,-деп уахи етті. Араның қарнынан адамға шипалы түрлі-түсті бал шығады. Әлбетте, мұнда ойланған қауым үшін ғибрат бар».(«Нахл»/68/69).

Бал арасы мыңдаған гүлдерге ұшып-қонып жүріп бал жинайды. Ондаған шақырымдарға ұшып барып, компассыз-ақ күнге қарап қайта айналып ұясын таба алады. Керемет инженер сияқты алты бұрыш етіп, геометриялық пішінде бал ұяшықтарын жасайды. Аралар бал ұяшықтарын неліктен алты бұрышты етіп жасауда? Неге сегіз немесе үш бұрыш яки бес бұрыш емес. Математиктердің есебі бойынша алты бұрышты бал ұяшықтарын жасауда ең аз материал қолданылып, оған ең көп мөлшерде бал сыяды екен. Яғни, алты бұрышты бал ұяшықтары аралар үшін ең тиімдісі болмақ. Бал ұяшықтарын жасаудағы аралардың қолданған тәсілі өте таң қаларлық.

Аралар бал ұяшықтарын жасаған уақытта бөлек-бөлек жерден бастап, бірдей өлшемде алты бұрыш жасап, бұларды сосын бір-бірімен біріктіре отырып бал ұяшықтарын тоқып, сосын барлығы ортада  кездеседі екен. Алты бұрыштардың бір-бірімен біріктірілген тұстары өте шеберлікпен іске асқандықтан кейіннен біріктірілгендіктері мүлдем байқалмайды. Ал, енді осы ақылсыз араға қай гүлдерде бал бар екенін, күнге қарап ұшқан ұясын қайта табуды, керемет есеппен есептелген бал ұяшықтарын жасауды кім үйретті?

Ұяларындағы тазалық, бұзылған жерлерін жөндеу, жас араларды қоректендіру істері жүйелі түрде іске асады. Егер ұяның іші ыстық болса жұмыртқаларды салқындату үшін қанаттарын қағып, ал суық болса жұмыртқаны жан-жағынан көлегейлеп жылытады. Кез келген бір бал арасы бал жасауға жарамды гүлдерді тапқан жағдайда, алыстағы басқа араларға өздері ғана түсінетін кейбір іс- әрекеттері арқылы хабар береді. Бал арасы мұның бәрін қайдан, кімнен үйренді? Бал арасы улы денесінен құрамында мың бір түрлі минералдар мен витаминдері бар шипалы балды жасауды кімнен үйреніп, қай зертханада жасады. Балдың формуласын қайдан алды?

 Жарқанат

Бәрімізге белгілі, жарқанаттың көзі көрмейді, яғни көр. Ол дыбыс толқындарын жіберу арқылы жан-жағындағы нәрселерге қақтығыспайды. Тіпті, қорегін осы арқылы аулайды. Адам баласы радарды жарқанатқа қарап тапты. Радардың кереметтігінің алдында таң қалып, шапалақ ұрған біздер жарқанатқа осы дыбыс толқынын жіберу қабілетін, өнерін үйреткен Ұлы Жаратушының құдіретіне неліктен таң қалып, бас имейміз?

 Қар

Кәдімгі қардың әрбір қалаушасында Ұлы Жаратушымыздың шеберлігінің мөрі бар. Жай көзімізбен қарағанның өзінде әрбір қар түйіршігінің бір-біріне ұқсамайтынын көреміз. 1 шаршы метр қарда 350 миллион қар түйіршігі бар деп жобалануда. Бұлардың әрқайсысы әр түрлі симметриялы ою-өрнекпен безендірілген хрусталь тәріздес алты бұрышты пішінде екенін білесіз бе? Қар түйіршіктерінің бұл ғажайып сыры соңғы 100 жылда ғана белгілі болды.

Уилсон Бертлей 1885 жылы фотомикрофик фотоаппараты арқылы 46 жыл қар түйіршіктерін түсіріпті,артынан «Қар түйіршіктері» атты кітабын жазады. Ол өзі түсірген 5300 суреттің ішінен бір-біріне ұқсайтын екі суреттің кездеспегенін таң қала айтады. Жер бетіндегі барлық қар түйіршігінің бір-біріне ұқсамайтын алты бұрышты әрі  геометриялы пішінде болуы-Ұлы Жаратушымыздың теңдессіз шеберлігі мен барлық қардың пішінін білетін шексіз ілімінің белгісі болса керек. Жер бетіне түсіп, ерігенге дейін ғана өмірі бар әрбір қарда өзінің құдіреті мен шеберлігінің мөрін нақыштаған Алла қандай ұлы!

 Неліктен?

Егер барлық нәрсе кездейсоқ пайда болса…

Неліктен, жаратылыстағы барлық нәрсе ерекше керемет?

Неліктен, жаратылыста ешбір ақау, кемшілік жоқ?

Неліктен, ең озық аппараттар сүтті, балды жасай алмайды?

Неліктен, ең дамыған қалалар ормандағы тазалыққа жете алмайды?

Қайрат Жолдыбайұлы, «Имани гүл»

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here