8 миллион адамның цифрлық сауаттылығы арттырылмақ

0
231

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметіндегі басым бағыттардың бірі – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы. Осыған байланысты халықты электрондық портал арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді өздігінен пайдалана білуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағытта «Электрондық үкімет және электрондық қызметтер» курсы бойынша арнайы оқу бағдарламасы әзірленген. Енді осы жоба аясында «Азаматтарға арналған үкімет» 8 млн. адамның цифрлық сауаттылығын арттырмақ.

дереккөз

Бұл туралы ОКҚ-да өткен корпорацияның 2 жылдық қызметін қорытындылауға арналған жиында басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов айтқан. Оспанов мырзаның мәліметі негізінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі таратқан ақпарға сүйенсек, үстіміздегі жылдың маусым-тамыз айында «ҰАТ» АҚ, «Қазпошта», «Зерде» және жергілікті атқарушы органдардармен бірлесе отырып шамамен жарты миллион адамның цифрлық сауаттылығын арттыру көзделген. Осы мақсатта жалпы Қазақстан бойынша 880 жаттықтырушыны арнайы дайындықтан өткізіп, сертификат табысталмақ. Аталмыш оқыту курстары әрбір қала, аудан, ауыл халқына бірдей қолжетімді болмақ.

Қазіргі уақытта мемлекеттік корпорацияның барлық іс орындары өзіне-өзі қызмет көрсету «Connection Point» секторымен толық жабдықталған. Ол жерде азаматтардың «электрондық үкімет» порталы және басқа да мемлекеттік ресурстарға  шығу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілген. Бүгін де мұндай қызмет 2 628 жұмыс орнында ұйымдастырылды. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар өз бетінше ЭЦҚ алуға өтінім беруге, сондай-ақ 700-ден астам электрондық қызмет пен сервистер алуға мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері  «Connection Point» арқылы 4,5 млн.-нан аса кеңес беріліп, 4 млн. қазақстандық өздігінен қызмет алған.

«Сондай-ақ, биыл еліміздің барлық облыс орталықтарында Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Қазір бұл пилотты жоба негізінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары тиімді жұмыс жасауда. Мұндай орталықтардың ерекшелігі – белгіленген кестеге сәйкес цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыру бойынша тақырыптық дәрістер өткізетін сыныптарының болуы. 2018 жылдың 4 айында аталмыш сыныптарда 3,6 мың адам білімін жетілдірді», — деп, атап көрсеткен басқарма басшысы. Сонымен қатар сот, әуежай,  вокзал сынды тағы басқа да адам көп шоғырланатын орындарда мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірге тұрақты негізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кең ауқымды акциялар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Әрі биылғы жыл басынан бері мемлекеттік және жеке оқу орындарында 10 мыңнан аса студент цифрлық қызмет алу бойынша машықтандырылған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here