Бүгін жасөспірімдер арасында тас жолдағы велосипед спортынан Талдықорған қаласының ашық кубогы басталды. Сайысқа еліміздің жеті облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 100-ден астам велоспортшы келді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың ашылу рәсімі «Жетісу» стадионында өтті. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев, грек-рим күресінен 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев және Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев қатысты.

Алғаш сөз алған Мәрлен Қапашұлы спорт – еліміздің даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі екендігіне тоқталды. Сонымен қатар жарыс қатысушыларына өзінің жылы лебізін білдіріп, көк байрағымызыды үлкен ареналарда желбіретулеріне тілектес екендігін жеткізді.

Бүгінде Алматы облысында велоспорт жақсы қарқын алған. Мәселен, облыстық Андрей Кивилев атындағы веломектепте 800-ден астам оқушы тәлім алуда. Арасында бірнеше жетістіктерді бағындырып үлгерген жас таланттар баршылық. Солардың бірі – Алматы облысының чемпионы Ернұр Алдаберген.

Талдықорғанның намысын қорғап жүрген велошабондоздың бұл спортпен айналысып жүргеніне үш жылдан астам уақыт болған. Болашақта Александр Винокуров, Фабио Ару сынды кәсіби спортшы болуды қалайды. «Бұл жарыс маған үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осы сында топ жарып, ел чемпионатына барғым келеді», — дейді.

Ашық кубок 18-20 мамыр күндері аралығында өтеді. Бүгінгі жарыста Қарабұлақ кентінің айналма тас жолында 2002-2003 жылғы туылған жасөспірімдер 15 шақырым қашықтықта, 2004-2005 жылы туылған жас спортшылар 10 шақырым қашықтықта жекелей бақтарын сынайды. Ал, ертең Мұқыры ауылының таулы жоталарында 45 шақырымдық топтық жарыс өтеді. Одан кейін 20 мамыр күні Талдықорған қаласының шығыс айналма жолында велошабондоздар тағы бір мәрте шеберлік байқаспақ.

Айта кетейік, осы жарыста топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінген жасөспірімдер Орал қаласында өтетін ҚР-ның чемпионатына жолдама алатын болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here