18 адам жауапкершілікке тартылды

0
346

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Талдықорғандағы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған басқосуда департаменттің үстіміздегі жылдың І тоқсандағы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы жұмыстары қорытындыланды.

Атап айтсақ, ағымдағы жылдың басынан бері аймақта 64 заң бұзушылық орын алған. Оның 70 пайыздан астамы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Ашылған қылмыстық істер бойынша жалпы шығын 99,4 миллион теңге болса, оның 96 миллион теңгесі өндірілген. Осы қылмыстық іс бойынша 18 адам жауапкершілікке тартылса, олардың 4-і түрлі лауазым иелері. Бұл туралы облыстық департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев атап айтты. Сондай-ақ, Серікбай Өрікбайұлы: «Бүгінгі таңда Алматы облысында Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша біршама жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламаға бойынша 3 кезеңнен тұратын байқауға мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың артқаны анық. Өйткені, қазақстандық мемлекеттік қызмет саясаты меритократия қағидасына негізделген. Бұл дегеніміз — мемлекеттік қызметке кіру төменгі лауазымдардан басталады. Әрі қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктеріне, қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметте одан әрі жоғарылай алады», — деді.  Осыдан соң, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департамент басшысының уақытша міндетін атқарушы Д.Тұрғанбаев аймақтағы атқарылып жатқан істерге  кеңінен тоқталды. Бүгінде өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оған жол бермеу бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде біраз адамдар жауапқа тартылып, қыруар қаражат қайтарылды. Бұл кез келген қызметте отырған адам үшін үлкен сабақ болады, — дейді ол.

Қазір жалпы мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне баса назар аударылады. Сондықтан, жастар арасында мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту ісінде белсенді жастарды тәрбиелеу ісі жүйелі түрде қолға алынған.  Осы бағытта департаменттің бастамасы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жанынан «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебі ашылған. Онда білімгерлер тек дәріс қана емес тәжірибе де ала алады.
Жиын барысында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазбек Шакишев, бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік мекемелерден 247 мемлекеттік қызметші оқудан өтіп, біліктілігін арттырғанын жеткізді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here