Талдықорған қаласының «Жастар» спорт кешенінде голбол спортынан Алматы облысының ашық чемпионаты өтті, — деп taldykorgan-online.kz

Жарыс облыстық спорт басқармасы, «Жетісу-Шабыты» мүгедектер қоғамдық бірлестігі және қаладағы мешіт қызметкерлерінің ұйытқы болуымен өңірімізде тұңғыш рет жалауын желбіретіп отыр. Көру қабілеті төмен жандар арасындағы айтулы бәсекеге бес аудан, екі қала және Атырау мен Оңтүстік Қазақстан облысынан барлығы жетпіске жуық спортшы келіп қатысты.

Жарыстың салтанаты ашылу рәсімінде алғашқы құттықтау сөз Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіровке берілді. Ол: – Елбасымыз өзінің жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың отыз пайызын дене шынықтыру мен спортқа тарту керек екендігін айтқан. Біз бұл межеге жету мақсатында алдағы уақытта  осындай жарыстарды көбірек өткізетін боламыз, — деді. Одан кейін Алмат Тоқтарбекұлы қатысушыларға өзінің жылы лебізін білдіріп, жарысты ашық деп жариялады.

Ал, өз кезегінде сөз алған Талдықорған қаласы орталық Иман мешітінің наиб имамы Керімбек Даутов салауатты өмір салтын насихаттау барысында ұйымдастырылып отырған шараның маңызы зор екендігін айтты. Сонымен қатар спортпен шұғылдану (садақ ату, суда жүзу, күрес) да пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) сүйікті амалы болғандығын жеткізіп, додаға түскелі тұрған спортшыларға сәттілік тіледі.

Голбол – сезімтал болуды талап етеді. Мұнда ойыншылар допты мүлде көрмейді, тек оның сылдыры арқылы ғана доптың қай бағытта келе жатқандығын болжап бағады. Үш ойыншыдан құралған әр команданың мақсаты – қарсыластарының қақпасына допты өткізу. Егер доп қақпаға кіріп кеткен жағдайда ұпай болып саналады.

Командалар жарыстың басталуын асыға күтті. Жеребе тартылып, қарсыластар анықталған бойда сайыс бірден басталып кетті. Сын сағатта спортшылар мейлінше жақсы өнер көрсетуге тырысып бақты. Нәтижесінде, ұпай жағынан өзгелерден басым түскен Қарасай ауданының спортшылары үздіктер қатарынан көрініп, сайыста топ жарды. Ал, екінші орын алматылықтарға бұйырса, Талғар ауданының намысын қорғап келген голболшылар үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаздар медаль, кубок, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, голбол Европа елдерінде жақсы дамыған спорттың бір түрі. Қазақстанда 2015 жылдан бері даму үстінде.

«Жетісу-Шабыты» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аликен Даркенбаев бұл спортпен Алматыда оқуда жүрген кезінде танысқан. 2015 жылы Талдықорған медициналық колдежін массаж мамандығы бойынша тәмамдап шыққан жас жігіт, сол жылдары қалада зағиптар қоғамын басқарған. Уақыт өте келе «Жетісу-Шабыты» мүгедектер қоғамдық бірлестігін ашып, зағип жандарды спорт және мәдениет саласына тартуда белсенді жұмыс атқарып келеді. Аликен Сәрсенбайұлы алдағы уақытта массаж мамандығы бойынша үлкен емдеу орталығын ашу жоспарында бар. Алайда, бұған жоғары білім керек болғандықтан, қазір ол Алматы қаласындағы спорт және туризм академиясында білімін шыңдау үстінде.

Көз жанарынан 2012 жылы айырылған Аликеннің өзі де голболмен шұғылданады. Үлкен шаһарда жүріп көп тәжірбие жинақтаған ол Талдықорғанға келіп, көру қабілеті нашар жандардан команда құрған. Нәтижесінде, облыстық голболшылар республикалық, халықаралық сайыстарда бақтарын сынап, бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерген. Айтуынша, сәуір айының соңында спортшыларымыз Германияға баруды жоспарлап отыр.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here