“Мерекеде анама ән арнаймын”

0
318

Шұғылалы көктем мезгілінде тіршілік атаулы құлпырып, айнала ғажап түске боянады. Ал, осы сәттің алғашқы мейрамы 8 наурыз — нәзік жандылар қауымының төл мерекесі назардан тыс қалмаған. Себебі, қазақ халқы қашанда қыз баланы қадірлеп, бағалаған.

Біздің кейіпкеріміз Башен Увалиева Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылында дүниеге келген. 14 жасар арудың бағындырған белестері аз емес. Жетістіктері жайында сұрағанымызда барлығын кідірместен тізбектеп шықты. Өнерлі бойжеткенмен мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өтетін облыстық “Жүректен жүрекке” байқауында кездестік. Өткен жылы да аталмыш байқауға қатысып, Алакөлде орналасқан “Асар” сауықтыру шипажайына арнайы жолдамаға ие болған еді. “Айқаракөзді”  шырқаған арудың таланты биылғы жылы да көпшіліктің таңдайын қақтырды. Алты жасынан ән айтумен шұғылданатын Башен қазіргі таңда кәсіби түрде айналысады. Талғардағы музыка мектебінде вокалдан дәріс алып, білімін жетілдіруде. Әңгіме барысында бағыт-бағдар көрсетіп, өнер әлеміне баулып жүрген ұстазы Елена Анатольевнаға алғысын білдіруді де ұмытпады. “Менің арманым — оқуымды аяқтап, актерлік қабілетімді дамытып, шеберлігімді арттыру. Әнші болу үшін бұл аса маңызды деп ойлаймын. Өнер адамы жан-жақты болуы шарт”-деп көңіл түкпірінде сайрап жатқан армандарымен бөлісті. Сахнадағы қобалжуды қалай жеңесің? дегенімде “Маған анам үнемі кеңес береді. “Ешқашан қорықпа, тіпті, шатасып кетсең де, техникалық ақаулар болса да, тоқтамай  айта бер” деп үнемі жігерлендіріп, қолдап отырады”-деді. Жетісу жері қазаққа небір дүлдүлдер мен бұлбұлдарды сыйлаған киелі өңір. Арамызда түрлі додаларда шашасына шаң жұқтырмас арғымақтар жүр. Кейіпкеріміз де  еліміздің даңқын әлемдік ареналарда  асқақтатуды мақсат етеді. Оның шығармашылық қабілетінің шыңдалуына, арман-мақсатының әрекетке ұласуына әсер еткен жандар бар.  Әлемдік өнер иелерінен Селин Дион мен  Лара Фабианды, қазақстандық Димаш Құдайбергенді үлгі тұтады. Ерік-жігері мұқалмаған қайсар қыз мерейлі мереке қарсаңында аяулы аналарды, қызғалдақтай қыздарды құттықтады. “Баршаңызды  мерекемен құттықтаймын. Бақытты болыңыздар. Жүздеріңізден күлкі кетпесін. Мен де 8 наурызды асыға күтетіндердің қатарынанмын. Арулар қауымы үшін ең жағымды кезең осы шығар”- деп   әр мейрам сайын анасына ән арнайтындығын жеткізді.

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here