Бүгінде қар жамылғысының қарқынды еруіне байланысты облысымыздың бірнеше елдімекенін  су басқан. Бұған ауа температурасының көтерілуі және арық жүйелерінің бітелуі себеп болып отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында Алматы облысының ТЖД мамандары мәлімдеді.

Су басқан аймақтарға Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай және Жамбыл аудандары мен бірге Талдықорған қаласына қарасты елді мекендер кіріп отыр. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың және Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері арналарды тазартып, су басқан аулаларға көмек қолын созуда. «Қазір төменгі таулы аудандарда мүмкін болатын су басу туралы дауылды ескертуді СМС хабарламалар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратудамыз. 25 ақпанынан бастап департаменттің барлық гарнизоны өз жұмыстарын күшейтті», — дейді Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары Серікхан Тұраров.

Серікхан Жеңісұлының айтуынша 24 ақпанда облыста қардың ерігенінен кейін 17 су басу оқиғасы тіркелген. Салдарынан 66 үй-жайдың ауласын су басып отыр. Арық жүйелерін тазарту, бөгеттерді жинау және суды сорып алу үшін жергілікті атқарушы органдардан 150-ге жуық және Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 60-қа жуық адам қатысты. 60 бірлік техника және 20 қозғалтқыш сорғысымен 407,5 текше метрден астам су шығарылған.

Мамандардың мәліметінше, 25 ақпанда Төтенше жағдайлар департаментінің телефон нөмірлеріне аулаларды су басқаны туралы 17 хабарлама келіп түскен. Соған орай жергілікті атқарушы органдардан 86 адам, облыстың Төтенше жағдайлар департаментінен 81 адам, 48 бірлік техника, 9 қозғалтқыш сорғысы жұмылдырылды.

Айта кетейік, өткен сенбіде Талдықорғанға қарасты «Қызыл тас» саяжайында да су басу дерегі тіркелген болатын. Тауда еріген қар суы етегінде орналасқан тұрғын үйлерге жетіп, аулаларына кірген. Бірнеше саяжай учаскесі су ортасында қалған. Төтенше жағдайға уақтылы хабарланғанның арқасында суды қайтаруға мүмкіндік туды. Мамандар судың жайылуына суағарлар мен каналдардың күл-қоқысқа толып, арықтардың тазаланбауы себеп болып отыр дейді.

Саяжайға кірген судың бетін қайтару үшін ТЖД өкілдері бар күшті жұмылдырды. Қазір саяжайдағы барлық арық жүйелері қадағалануда. Әсіресе, көпірлер басты назарда. Арнайы техникалар арықты бітеген қоқысты шығарып, судың ағып кетуіне жағдай жасауда.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here