Сәуле Жанпейісова: Дәстүрлі өнердің киесі бар…

0
634

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова сұлулық тұнған көктемнің алғашқы күнін Жетісу жұртшылығымен қарсы алады. “Бұлбұл дәурен” атты ән кешінің қарсаңында өзімен сұхбаттасқан едік. Ғасырлар бойы халқымыздың кең даласын тербеген әнімізге деген сұраныс өкінішке орай әлі де аз. Неге өз өнерімізден өзіміз өгейсіп жүрміз? Дәстүрлі өнерді насихаттап отырған орталықтың бүгінде жағдайы қандай? Аталмыш сауалдардың жауабын кейіпкеріміз тарқатып берді.

Дереккөз
  • Әңгімеміздің әлқиссасын төл өнерімізге қатысты сауалдан бастасақ. Дәл қазіргі таңда дәстүрлі әнге деген сұраныс қандай?
  • Дәстүрлі ән – өткен дәуірлердегі ата-бабаларымыздың үні, сыры мен мұңы, тарихы. Өткеннің үніне құлақ түрмек тұрмақ қазіргі кезде қасымыздағы адамның жан айқайын естуден қалып барамыз. Қазір өнерді шоуға айналдырдық. Ал, дәстүр шоу емес. Сондықтан да оған сұраныс төмен. Оны неге шоуға айналдырмасқа дейтіндер де табылар. Бірақ дәстүрлі өнердің киесі бар, себебі, оның авторлары әруақтар. Ал, қазақ әруақты сыйлаған елміз. Қарапайым халықтың ішінде оны жан-тәнімен сүйетін, бағалайтын көзі қарақты, саналы жандар өте көп. Әттең, бұл өнердің бүгінде мүлдем насихаты жоқ.
  • Өз өнерімізден өзіміз өгейсіп жүрген тәріздіміз. Дәстүрлі әндердің кеңінен таралуына қандай да бір кедергі бар ма? Ұлттық қазынамызды, бай мұрамызды биік дәрежеге көтеру үшін осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» жан ретінде қайтпек керек деп ойлайсыз?
  • Ия, дұрыс айтасыз, қазақта «қағынан жерінген» деген сөз бар. Дәстүрлі өнерге келгенде бүгінгі күйіміз сондай болып тұр, өкінішке қарай. «Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» заман болды. Мұның бәрі мемлекетіміздегі идеологияға байланысты. Телеарналар күні-түні шетелдік музыканы жарнамалайды. Бірде-бір республикалық телеарнада дәстүрлі өнерге бөлінген сағат жоқ. Тіпті аптасына тұрмақ, айына жарты сағат берілмейді. Дәстүрлі әнші, күйшілер жылдап телевидениенің бетін көрмейді. Бұл жағынан «Жетісу» арнасына ризашылығымды айта кеткім келеді. Жақында «Ән шырқайық» атты бағдарламаға шақырту алып, келгенімде дәстүрлі өнерге арналған арнайы сағат барын естіп қуандым. Бұл Бейсен Құранбек сынды білікті, ұлтжанды азаматтың тетіктің басында отырғанының көрінісі деп ойлаймын. Дәстүрлі ән-күй кештері де өте аз ұйымдастырылады. Ұйымдастырылса жетім қыздың тойындай болып жатады. Дәстүрлі музыка фестивальдары науқандық, бір реттік қана болып өтеді де, кешті еш жерде жарнамаламайды, телеарналар түсіріп, халыққа таратпайды. Сонда оған бөлініп жатқан мемлекеттің қаражаты қайда кетеді, әлде мүлдем қаражат бөлінбей ме? Республикалық телеарналардың басшыларына талай мәрте бардым, қабылдаса сырғытпа жауаппен шығарып салады. Көп жағдайда қабылдауға уақыттары жетпейді. Сонда біз кімге барып дәстүрлі өнердің мұңын айтуымыз керек, білмеймін. Үкіметтік концерттерге дәстүрлі әншілерді топтап шығарып, бір шумақтан айтқызу белең алды. Бұл мазақ па? Дәстүрлі өнерге келгенде көбісінің кежегесі кейін тартып тұрады. Өнерімізді халыққа насихаттайық деп, аудан басшыларына хабарлассаң «ойбай, халықты қинап әкеле алмаймыз» дейді. Оның жолдарын ешкім іздегісі келмейді. Әрине, халықты ешкімнің қинауға, күштеуге хақысы жоқ. Бірақ, жергілікті мәдениет басшылары халыққа қай өнер түрін, кімнің өнерін насихаттау керек екенін білу керек қой. Бұрынғыдай ел аралап, халық әртістерін әкеп жатқан “Қазақконцерт” жоқ. Олардың қазіргі бағыты басқа. Біздің бала күнімізде Нұрғиса Тілендиев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты аға-апаларымыз ел-елді, ауыл-ауылды аралап концерттер беретін. Қазір сол ауылдарды аралап, елге рухани қуат беріп жүрген халық әртістері бар ма? Олар өздері бармайды ғой, мен келдім деп. Демек, халық пен өнер иелерінің арасын байланыстыратын алтын көпір – мәдениет мекемелері. Сол мәдениет мекемелерінің жұмысын жолға қоймайынша істің бәрі бос.
  • Халық әндерін эстрадалық бағытта өңдеп, шырқап жататын жәйттарға жиі куә боламыз. Осыған көзқарасыңыз қандай?
  • Оған көзқарасым түзу. Өзім де айтып жүрмін, бірақ көп емес. Ең бастысы, ән мен жырымыздың табиғи қалпын сақтап, өзгертпей орындау керек. Оның негізі музыкалық өңдеуге байланысты. Әнді әрлейміз деп кейде табиғатынан ажыратып жіберіп жатады. Қазақ әнінің табиғаты бар, содан ажыратпаса, біздің әндеріміз кез келген жанрда, кез келген дәуірде шырқалатын классикалық өнер. Кезінде оркестрмен, фортепиано, гитара т.б. шетелдік аспаптардың сүйемелімен құлпырып орындалған әндеріміз бар. ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен атақты Мұхит бабамыздың әндерін гитара сүйемелімен айтсаңыз, керемет романстар болып шығады. Бұл тамаша емес пе?! Бір ғана халыққа «Япур-ай» боп таралып кеткен әнді алыңызшы. Бұл әннің негізгі атауы «Иә, пірім-ай». Бұл А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» деген кітабында берілген. Бүгінде орындаушылар лирикалық ән сияқтандырып жіберген әнді кезінде жорыққа кетіп бара жатқан атты әскерлер тобы орындайды екен. Ал, бұл ән джаз жанрында да, блюз стилінде де, домбырамен арқа әндерінің стилінде орындалса да ғажап болып шығады. Шындығында бұл ән батыстың көне халық әні. Әр жанрда, әрқалай орындалып кетуіне байланысты бұл әнді «Япур-ай» деп емес, көне атауымен «Иә, пірім-ай» деп айтсаң ешкім қабылдағысы келмейді. Ал, шындығында «Япур-ай» деген атты кешегі кеңес дәуірінде орыс тілді әншілер осылай өзгертіп жіберген. «Япур-ай» деген не мағына береді, сіз білесіз бе? Ол «Иә, пірім-ай» деген қазақы сөздің орысшаланған түрі.
  • Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкіртісіз. Ұстазыңыздан өнерден өзге нені үйрендіңіз?
  • Ғарифолла атамызды біз сахнадан көре алмадық. Себебі, біз оқыған жылдары ол кісіні ауру меңдеген, қартайған кезі еді. Алдынан дәріс алып отырып көптеген ұлылық қасиеттерін көрдік. Ұстазымыз биік парасат иесі еді. Әрбір әнді баласындай мәпелейтін, сүйетін. Әр әннің тарихына, табиғатына тоқталып, зердемен айтуды үйретті. Ол кісі батыс ән мектебінің тірі энциклопедиясы болатын. Репертуарының байлығы, соншама мол дүниені жадында сақтау, әншілік шеберлігі, мұның бәрі қажырлы еңбектің нәтижесінде келгенін үнемі айтып отыратын еді. Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен адами тұлға туралы жиі әңгімелейтін. Ән айту дегенді ол кісі еш уақытта еріккеннің ермегі етуіне жол бермейтін. Біздің санамызға нағыз өнер адамы қалай болу керектігін құйды. Жүріс-тұрысының өзінде бекзадалық бар еді. Ұлдарға қыздарды қалай құрметтеудің үлгісін көрсетіп отыратын. Демек, мен ұстазымнан ән үйреніп қана қоймай, адами қасиеттер мен еңбекқорлықты да үйренсем керек.
Дереккөз
  • «Дәстүрлі өнердің өз отауы керек»  деп шырылдап жүріп ашқан «Аманат» өнер орталығы жайында айта отырсаңыз. Қандай жаңалықтар, жетістіктер орын алуда?
  • Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бастап, ұлттық өнеріміздің қанатын кеңге жаюына мүмкіндіктер туатынына шын мәнінде қуандық. Себебі, кеңес дәуірінде қолына домбыра ұстаған адам екінші сортты адамдардың қатарына жататын. Міне, содан бері ұлттық дәстүрлі өнеріміздің өз шаңырағы, өз театры болу керек деген идеяны айтумен келдім. Бұл идеяны қолдаушылардың көп болғанына қарамастан  еш жерге сөзімізді өткізе алмадық.  2016 жылдың тамыз айында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен Алматы қаласынан «Алатау» дәстүрлі өнер театры шаңырақ көтерді. Соңғы 4 жылдай уақыт туған жерімдегі Жамбыл облыстық филармониясын басқарып, жұмыстан босаған соң осы іспен айналысуға бел будым. Сөйтіп Астанаға барып, енді жұмыс бастағалы жатқанымда Алматыдан театр ашылғалы жатқаны туралы хабарды алып Алматыға келдім. Соның нәтижесінде бүгінде Алматы мен Астанада «Аманат» өнер орталығы ашылды. Өткен жылы театрымыз бен «Аманат» өнер орталығымыздың 1 жылдығына орай I  халықаралық «AMANAT music» атты конкурс-фестиваль өткіздік. Алла қаласа, 1 наурыз күні Талдықорған қаласында өткелі отырған концертімде осы конкурсқа Талдықорған қаласынан келген, жүлдегер болған әншілер қатысып, өнер көрсетеді. Орталығымызда 5 жастан бастап өнерді сүйетін жандарды дәстүрлі ән, жыр-терме, домбыра, жетіген, баян аспаптарын үйретуге баулып келеміз. Оқушыларымыз қазірдің өзінде талай бәйгелердің алдынан көрініп, өнерде жұлдыздары жанып жатыр. Бұл менің көптен бергі арманым еді.
  • Сіздерде эстрададағыдай  фонограмма жоқ. Үнемі жанды дауыста ән айтуға тура келеді. Дауысыңызды қалай күтесіз?
  • Ия, әрдайым бірқалыпта жүру оңай емес. Адам болған соң ауырып та жатамыз. Бірақ барынша күтініп жүруге тырысамыз. Дәл қазір де әнеукүнгі қатты суықта тамағыма суық тигізіп алып, әлі жазыла алмай жүрмін. 1 наурыздағы концертті ойлап, қазірден мазам қашып жүр. Фонограммамен айта салам ғой дейтін емес, халық сенің әдемі даусыңнан ләззат алуға келеді. Ал, ауру, қарлыққан дауыспен ән айтатын болсаң, өзіңе де, өнерге де, халыққа да қиянат. Осыдан біраз уақыт бұрын аэропортта Димашпен кездесіп қалдық. «Сәуле апа, мен бір үлкен жобаға дайындалып жүр едім, тамағым ауыра береді, не істесем болады?» деп сұрады. Бұл жағынан менің тәжірибеме сүйеніп, сұрап тұр ғой. Мен өз білуімше, әншінің тамағы үш жағдайда ауыратындығын айттым. Бірінші, суық тиюден болатын ауру түрлері, оны лор анықтап, емдейді. Екінші, аллергиядан болуы мүмкін. Менің өзім талай жыл аллергияны тұмаумен шатастырып, мүлдем басқа ем алып келіппін. Оны жақында ғана білдім. Ол үшін аллергологқа бару керек. Үшіншісі, «кәсіби ауру», орысша айтқанда «профессиональная болезнь» — ойлай беруден пайда болатын жүйке жүйесіне байланысты болатын ауру. Ол бәрімізде болады. Әсіресе, осындай концерт, конкурстардың алдында. Мұндай ауру ән айтып болғаннан кейін өзінен өзі жоғалып кетеді. Ол үшін әнші психологиялық дайындықтан өтсе артықтық етпейді. Димаштың менен кеңес сұрап жүргені Қытайда өтетін конкурсқа дайындық жасап жүрген кезі екен ғой. Құдайға шүкір, Димашымыз сол конкурста топ жарып, аузына әлемді қаратты. Мұның бәрі жанкешті еңбектің нәтижесінде болатын жеңістер ғой.
  • Дәстүрлі ән өнері өзіндік мақамына, ерекшеліктеріне байланысты мектептерге бөлінеді ғой. Жеке ән кешіңізде талдықорғандық тыңдарман Жетісу мектебінің әндерін тыңдай ала ма?
  • Әрине, менің репертуарымда төрткүл Қазақстанның барлық аймағының әндері бар, шүкір. Арқаның әндері иірім-қайырымы мол, терең философияға толы. Ал, Батыс әндері мінезге бай, домбыра қағысы батыс әндерін жігерлі, жарқын, биік лиризммен ерекшелендіреді. Ал, Сыр мақамдарына толғанысты толғау тән. Ал, Жетісу әндері жанға жайлы жаймашуақ сезім сыйлайтын сұлу әндер. Шамамның жеткенінше барлық мектептің әндерін орындауға тырысамын. Оның сыртында көрерменнің сұрауларына да байланысты болады. Менің жеке концерттерімде халықтан «Қандай ән орындайын, айта отырыңыздар» дейтін әдетім бар. Бірде ауыл жақта концерт беріп тұрып сұрамаймын ба, «қай өңірдің әнін айтайын» деп. Біреу Жетісудан, бірі Батыстан, енді бірі Арқаның әндерін сұрап жатты. Бір кезде ортада отырған бір жігіт «Қызыл өрікті» айт» демесі бар ма? Мен әлгі жігіттен кешірім сұрадым, «кешіріңіз, өкінішке орай мен «Қызыл өрікті» білмейді екенмін, келесі жолы жаттап келіп, айтып беремін» десем, ел күлкіге қарық боп жатыр. Ондай да қызықтар боп тұрады.
  • Дәстүрлі ән өнерінің болашағын қалай елестетесіз?
  • Өмірдің сан тараулы бұралаң жолдарымен өнер атты кемеде жүзіп келем. Өмір деген бірқалыпта тұрмайтыны белгілі. Оның қысы мен жазы, көктемі мен күзі болатыны сияқты тағдырымда қыстай қатты, көктемдей шуақты, жаздай жарқын, күздей салқын кезеңдер болды. «Өнердің жолы – қиын жол» деп бекер айтылмайды екен. Жас кезімізде «Не үшін олай айтады екен, әнді үйреніп айту, сахнаға шығып, халықтың қошеметіне бөлену соншалықты қиын ба екен?» деп ойлаушы едік. Өнер деген асқар алып тау секілді, оның ұшар басына өрмелеймін деп, талайдың тауы шағылған, енді бірі етегінде жүріп-ақ нәпақасын теріп жегенге мәз. Менің де сол алып таудың қай тұсында жүргенімді Құдай біледі. Әйтеуір жүріп келе жатқан жолымнан жаңылған емеспін, халқыма өнеріммен 30 жылдың үстінде қызмет етіп келемін, тәуба! Егер де Қазақ дейтін халық жер бетінде мәңгі тұрар болса, оның өнері де онымен бірге мәңгі жасайтынына сенемін. Болашақта бізден ақылды, бізден парасатты ұрпақ келетініне үмітім бар. Себебі, қазіргі жастар өте ақылды, білімді. Біз тек өліара кезеңіне тап болған «бақытсыз» да бақытты ұрпақпыз. Ең бастысы, еліміз аман, жеріміз бүтін болсын деп тілейік!

Дереккөз

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here