Бүгін Талдықорған қаласында 2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының Чемпионаты басталды. Айтулы додаға еліміздің әр өңірінен 25 команда 350-ден астам спортшы келіп, шеберлік байқасуда.

Жарыстың ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. «Киелі Жетісу жері ықылым заманнан бахадүр бабаларымыздың мекені болған. Бүгінде осы жерде туып өскен жігіттеріміз әлемдік ареналарда еліміздің даңқын асырып, абыройын танытып келеді. Ертең солардың жолын сендер де жалғастырады деген үміттеміз. Сондықтан да біз сендерге тек қана табыс тілейміз. Бұл жарыста тек, мықтылар жеңсін. Ал, орын ала алмай қалған спортшылар сағы сынбай, келесі додаларда топ жарсын», — деді Ж.Омар.

Жарыстың бас төрешісі Серік Жоламановтың айтуынша, күрес жоғары деңгейде өтуде. Жылдан жылға балуандарымыздың саны да артып келеді. Мәселен, былтырғы жылы жасөспірімдеріміздің саны 300-ге жетсе, биыл бұл көрсеткіш 55-ке ұлғайып отыр. «ҚР-ның Күрес федерациясы әр облысқа материалдық жағынан көмектесіп, балуандарға барынша мүмкіншілік қарастырып келеді. Бұл да бір күрес саласына жасалған жанашырлық», — дейді төреші.

Сондай-ақ, С.Жоламанов Алматы облысының спортшылары жылдан жылға үздік нәтиже көрсетіп келе жатқандығын атап өтті. Оның ішінде талдықорғандық спортшылар да бар. Айталық, бүгінгі жарысқа қаламыздан 20 спортшы қатысып отыр. Арасында бапкерлері үміт артып отырған 2-3 балуан бар. Солардың бірі ҚР-ның үш дүркін Чемпионы  — Исхар Құрбаев. Жерлесіміз ертең 48 келі салмақта өнер көрсету үшін боз кілемге шықпақ. «Сәттілік серік болса, бұл жолы да бас жүлдені бермеймін», — дейді жас батыр. Мақсаты – осы сында топ жарып, Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, ел намысын қорғау. Алдағы уақытта Олимпиада ойындарына барсам деген тілегі де жоқ емес.

Боз кілемге шыққан балуандар бар күш жігерін жұмсап, үздік нәтиже көрсетуге тырысып бағуда. Яғни, бұл бәсекеде қарсыластарын қоғадай жапырып, Азия Чемпионатына жолдама ұту. Жарыс 18 ақпан күні өз мәресіне жетеді.

 

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here