(Ауған соғысына қатысқан сарбаз жайлы жыр)

Шаттық пен мұң таласа нұрлы өңіне,
Қимай ол ұзақ қарап тұрды еліне.
Əскерге аттанғанда қош айтысып,
Қай жаққа баратынын білмеді де.

Қимастар көздерінен жас парлатып,
Сыйластар таймасын деп бастан бақыт.
Достары гитарамен əн шырқайды,
Болашақ жас сарбазды аспанға атып.

Кім білер, күтер алдан кімдер, нені?
Кім білер, не көрсетер түндер легі?
Бəрімен қоштасқанда, тек бір жанның,
Ең құрса қолын қысып үлгермеді.

Балалық ғашығы еді ол кезіндегі,
Болса да нəзік жанды, төзімді еді.
Көрсеткісі келмеген шығар ол да,
Жасырып мөлтек жасын көзіндегі.

Ай өтті ауылынан аттанғалы,
Жыл өтті аялаумен тəтті арманы.
Түлеткен Алатаудың жас қыранын,
Қарсы алды Кандагардың шатқалдары.

Дамыл жоқ, дабыл қақса — күн шағылыс,
Ол жақта күн — күлкісіз, түн -сабылыс.
Сағынған сайын туған ел мен жерін,
Үдейді одан бөлек бір сағыныш.

Арманның тереңіне жүз бойлайды,
Біресе көкірегін күз жайлайды.
Суретін Ай мен Гүлдің маңдайшаға,
Іліп қойып, тағы сол қызды ойлайды.

Жүрсе де майдан күші қатты шақта,
Білмей ол кетпесін деп жат құшаққа.
Сезімін тебірене қанмен жазған,
«Сүйемін» деген сөзін сапты хатқа.

Дұшпанның дәл жолында жатқанда ұрын,
Тағдыры жара салып, артқан мұңын.
Ақыры сұм соғыстың кесірінен,
Кем болып оралды өзі хаттан бұрын.

p.s
Ауғаннан шығарылған əскер бүгін,
Бұл бір күн — тарихи күн, қастерлі күн.
Ал, қазір Ай менен Гүл ескерткіш боп,
Қалқайып басында тұр тас белгінің…

Жангелді Немеребаев

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here