Бүгін М. Ломоносов атындағы №5 орта мектепте «Алтын шайба» атты хоккейден қалалық чемпионаттың ашылу рәсімі өтті. Енді қаладағы барлық мектеп оқушылары өз араларында шеберлік байқасып, мұздың үстінде кім мықты екенін анықтайтын болады.

Жарыс алдында қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жексембай Мейрембаев пен 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Жарысқа қатысушыларға сәттілік айтып, ақ тілектерін ақтарды. Айтуларынша, мұндай жарыстарды жиірек ұйымдастырып тұру – балалар үшін өте тиімді. Болашақ бүгіннен басталады. Егер осылай оқушыларымызды қазірден қысқы спорт түрлеріне баулый берсек, келешекте ел намысын қорғайтын мықты саңлақтар шығатынына кәміл сенеміз, — дейді.

Қалалық спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаевтың айтуынша, бүгінгі күні облыс орталығындағы 17 мектепте хоккей ойнауға арналып мұз айдындары жасалған. Мұндағы мақсат – балалардың аталмыш спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. «Қазір қаламызда 26 мектеп болса, біз оларды оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс және орталық деп 5 топқа бөліп, шайбалы хоккейден чемпионат өткізудеміз. Ол жерде әр топтан үздік атанып, І және ІІ орын алған командалар жоғарғы лигада бақтарын сынайтын болады. Нәтижесінде, топ жарған мектеп командасы қалалық чемпионаттың бас жүлдесін ұтып алмақ. Сонымен қатар, «Алтын шайба» байқауында ІІІ және ІV орын алған командалар бірінші лигаға топтастырылып, өз араларында үздіктерін анықтайды», — дейді Ә. Рымтаев. Жарыс ақпанның аяғында өз мәресіне жетеді.

Талдықорған қалалық хоккей федерациясының президенті Тоқтар Ахметов қазіргі таңда Алматы облысы қысқы спорт түрлері бойынша ең соңғы көрсеткішке ие екендігін алдыға тартып отыр. Оған, Талдықорғанда бүгінгі күнге дейін қысқы спорт түрлеріне арналған арнайы залдың жоқтығы дәлел. «Расымен, бізде қысқы спорт мүлде дамымай қалған. Сондықтан да жастарымыз үлкен ареналарға шыға алмай жатады. Сол үшін біз осындай шараларды ұйымдастырып, балаларды осыған шақырудамыз. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға бар жағдайды жеткізіп, балаларға қысқы спорт киімдерін алып беруді және қаламызға қысқы спорт түрлеріне арналған арнайы спорт сарайы керек екендігін өтіндік. Бар жағдаймен танысқан әкім орынбасары бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп сендірді», — дейді Тоқтар Аязбекұлы.

Қазіргі таңда хоккей ойнауға бар мүмкіншілік толықтай жасалмаса да, аяғына конькиін байлап, қолына таяғын ұстап мұз айдынына келетін балалардың қатары көп. Солардың бірі — №5 орта мектептің оқушысы Райым Көбей. Оның хоккей ойнап жүргеніне екі аптадан аса уақыт болған екен. «Бастапқыда конькимен жүру маған қиынға соқты. Кейін достарымның көмегімен оңай меңгеріп кеттім. Қазір сабақтан тыс уақытта жиналып, хоккей ойнап жүрміз. Болашақта үлкен спортшы болғым келеді», — дейді жас батыр.

 

Райым Көбей

Ия, байқағанымыздай оқушылардың аталмыш спортқа деген қызығушылығым өте басым. Осындай жалындаған жастарымызға енді қолдау көрсетілсе деген тілек бар. Яғни, жоғарыда айтылғандай, қаламызда қыстық спорт кешендері бой көтеретін болса, нұр үстіне нұр болмақ.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here