Балалар үшін жаңа жыл ерекше мереке. Себебі олардың пайымы бойынша айтулы мейрамда ғайыптан таңғажайып құбылыстар орын алып, небір кереметтер іске асады. Ия, бала қиялында шек бар ма дерсің…

Мұндай кезде бүлдіршіндердің үлкендерден сыйлық күтетінін көпшілігіміз жақсы білеміз. Осыны ескерген Талдықорған Заң колледжінің директоры Мықтыбек Рахымбекұлы бүгін бір өзі демеушілік жасап, 20 балаға жаңа жылдық сыйлықтар таратты.

Айта кетейік, бұл сыйлықтардың барлығы қаламыздың 6-шы және 7-ші шағын ауданда тұратын жалғыз басты әйелдердің балалары мен тұрмысы төмен отбасындағы балаларға, сонымен қатар мүгедектер мен зейнеткерлердің бүлдіршіндеріне үлестірілді. Аталмыш қайрымдылық шарасын аймақтық (6,7 шағын ауданы бойынша) ардагерлер филиалының төрайымы Серік Жұматайқызы ұйымдастырып отыр. Сексеннің үшеуін еңсерген апамыз зейнетке шықса да, бойында күш қуаты бар. Алла амандық берсе, әлі де халыққа пайдасы мол істермен айналыспақшы. «Мен бұл үшін ақша алмаймын. Тек, қоғамға бір пайдам тисе, соның өзі көңіліме медет береді», — дейді. Апамыз жаңа жыл қарсаңында елдің, жердің амандығын тілеп, ақжарма тілектерін ақтарды. Мықтыбек сынды демеушілер көп болса, алда талай қайрылымдылық шарасын атқару ойында бар.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here