Құжатсыз құрылыс бастама

0
389

Бүгінде заңсыз салынған нысандарды анықтап, құрылыс сапасын қадағалау басты назарда. Үстіміздегі жылдың өткен 10 айында жалпы Жетісу жерінде құрылысқа қатысты 1000-нан астам заң бұзушылық орын алып, оның 223 сотқа жолданған. Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы  Данияр Әбдібеков  айтты.

Сондай-ақ, ол:  «Қазіргі кезде жалпы құрылыс төңірегінде туындайтын  дау-дамайлар аз емес. Осындай келеңсіздіктердің алдын-алып, түрлі заң бұзушылықтарды жою бағытында биыл бірқатар жұмыстар атқарылды. Осыған дейінгі тексеріс  кезінде жеке тұрғын үй салушылармен бірге талапты бұзған біраз компаниялар да анықталды. Соның нәтижесінде, 829 әкімшілік іс қаралып, 65 млн теңгеге жуық қаражат өндірілді. Тағы бір айта кететін мәселе, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап жаңадан тұрғызылған нысандарды қабылдау тәртібі өзгерген. Мұнда құрылыстарды бұрынғыдай комиссия құрамымен қабылдап алу заңды жолмен алынып тасталып, декларативті тәсілмен қабылдау механизмі енгізілген болатын. Нақтырақ айтсақ, нысандарды мемлекеттік органдардан тыс, авторлық және техникалық бақылауды, мердігердің қатысуымен құрылысқа тапсырыс берушінің өзі қабылдайды.  Ал, рұқсат алу барынша оңайлатылған.  Мәселен, сәулеттік-жоспарлау мерзімі бұрынғы 40 күннен  6-ға, эскиздік жобаны алу 60-тан 10 күнге дейін қысқартылған. Сол себепті, енді құрылыс салушылар бекітілген жоба арқылы құжаттары толық болған жағдай да ғана жұмыстарын бастауына болады. Құрылысқа қатысты қандай да бір сұрағы бар адамдар жергілікті орындардағы құрылыс саласының мамандарына өз өтініштерін білдіре алады. Оған Алматы облысының 16 аудан 3 қаласындағы құрылыс бөлімдерінде бар мүмкіндіктер қарастырылған. Осы қолайлылықтарды пайдаланған аймақ тұрғындарынан  өткен жылы 760 хабарлама келіп түссе, биыл оның саны екі есеге өскен. Міне, бұл,  құрылыс бақылау  мекемесіне деген жұрт сенімінің арта түскенін айқын аңғартады » -деді. Басқосу соңында  Данияр Темірбекұлы тілшілер қойған көкейтесті сауалдарға жауап беріп, ортақ ой бөлісті.

Талдықорған қалалық сәулет-құрылыс бақылау бөлімінің мәліметінше, биылғы жыл басынан бері шаһарда 500-ге жуық эскиздік жоба мен 625 сәулеттік- жобалау шешімі берілген. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде 216 заңсыз нысан анықталып, құжаттары облыстық басқармаға жолданған. Мұндай заң бұзушылықты тексеру мен құрылыс сапасын қадағалау жұмыстары бұдан былай да жалғаса бермек.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here