Талдықорғанда тегін балабақша бар

0
1023

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласының аясында талдықорғандық кәсіпкер Гүлмира Хашимова жекеменшік балабақшасына бүлдіршіндерді тегін қабылдап жатыр.

Әзірге бұл бір топ қана, яғни 20 бала. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларын тегін тәрбиелеу арқылы кәсіпкер өзгелерге үлгі көрсетіп отыр. Айтуынша, «Ашура» балабақшасының ашылғанына биыл 3 жыл толып отыр. Отбасының табыс көзіне айналған іс арқылы кәсіпкер айналасына қайырымдылық жасап отыр. «Рухани жаңғыру санадан басталуы керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген бар. Кез-келген табысты азамат осы мәселені назарда ұстаса, қоғамда адами құндылықтар алға озып, материалдық құндылықтар артта қалар еді» дейді кәсіпкер.

Ал, негізгі идеяның авторы – балабақша меңгерушісі Гүлнәр Саржанқызы. Ол Гүлмира Хашимованың қызы. «Балабақшаға ата-аналар айына 15 мың теңге төлейді. «Осы төлемақыға жеңілдік берсеңіздер» деп өтініш айтатын ата-аналар көп. Түсінеміз, көпбалалы отбасылар үшін бір балаға 15 мың теңге төлеу ауырлау болады. Біз анамыз екеуміз ақылдаса келе, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламалаық мақаласына үн қосу ниетімен, қайырымдылық жасауға бекіндік. Биыл алынған топ балабақшаны аяқтағанша тегін тәрбиеленеді. Ал, топқа балаларды таңдауда біз жергілікті әкімдікпен ақылдасып отырмыз» дейді бақша меңгерушісі.

Бүгінде  балабақшада 2 мен 6 жас аралығындағы 215 бала тәрбиеленуде. Аталмыш ұжымда 70-ке тарта қызметкер еңбек етеді. Сөз арасында Гүлмира Гаппарқызынан «Ашура» деген сөздің мағынасын сұраған едік.

– «Ашура» — Құраннан алынған. Бұл сөздің мағынасы — мейірімділік, қамқорлық дегенді білдіреді», — деді. Балабақшаның атауы айтып тұрғандай, мейірімділік танытып жатқан жандарға «бәрекелді!» дейміз.

Біздің анықтама: «Балапан» бағдарламасы бойынша, жекеменшік балабақша ашқан азаматтарға әр бала үшін мемлекеттен айына 20-22 мың теңге бөлінеді. Оған тамақтануға ата-аналардан жинайтын 15 мың теңгені қосыңыз. Сонда, айына әр балаға 35-37 мың теңге төленеді. Ал, «Ашура» балабақшасы 20 баланы тегін тәрбиелегенде, айына 700-740 мың теңге, 1 жылда 8-9 млн теңге жоғалтады. Жоғалтады дейміз-ау, жылына 8-9 млн теңгеге қайырымдылық жасайды!

Ал, Талдықорған қаласы бойынша жалпы 61 балабақша бар. Оның 36-сы жеке меншікте. Солардың әрқайсысы «Ашура» бақшасына еліктеп, ең болмағанда 10 баланы тегін тәрбиелесе, қазына қаржысы мен талдықорғандықтардың қалтасына да сеп болар еді деген ойға қаласың. Олай болса, мейірімділіктің эстафетасы басталды!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here