«Рухани жаңғыру» енді смартфонда

0
677

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған кезекті баспасөз мәслихатында Сүлеймен Демирел атындағы университеттің білімгерлері әзірлеген «Рухани жаңғыру» атты мобильдік қосымша таныстырылды.
Аталмыш қосымша қасиетті орындарға барып, Жетісу өңірінің тарихын білгісі келетіндерге жолсерік, нұсқаушы ретінде қызмет атқарады. Жоба әзірлеушілері сипаттағандай, ол жерде қасиетті нысандардың графикалық бейнелері мен толық сипаттамасы көрсетілген. «Бірегей қосымша жас ұрпаққа «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі идеяларын түсіндіруге мүмкіндік береді деп есептейміз. Облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе атқарған бұл жұмысымыз алдағы уақытта жақсы нәтижелер көрсетеді деген сенімдеміз», — дейді жоба жетекшісі Бахтияр Рахматуллаев. Мобильдік қосымшаға Алматы облысының 36 тарихи мекені кіріп отыр. Олардың қатарынан табиғи-ландшафтық объектілер, археологиялық және сәулет ескерткіштері, қасиетті діни қажылық орындары, сондай-ақ, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты орындарды көруге болады. «Біз бұл жобаны дайындау үшін бір айға жуық жұмыс істедік. Бір айта кететін жайт, қосымшаны телефонға жүктегеннен кейін желіден тыс кезеңде де пайдалануға мүмкіндік бар. Қазір қосымша орыс және ағылшын тілдеріне аударылуда. Сәтін салса, қараша айының соңында Android және IOS платформасы арқылы жүктеуге қолжетімді етеміз», — дейді «Рухани жаңғыру» мобильдік қосымшасының негізгі әзірлеушісі Диана Тезекбаева. Сонымен қатар студенттер қосымшаға аудио және бейне клиптерді қосу жоспарларында бар екендігін айтты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here